Балалар дәрігері

Педиатр-200-на-300

Оқырмандардың сұрағына жауап беретін Индира Сүлейменова, балалар дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары дәрежелі педиатр және неонатолог.

Тұқым қуалайтын аурулар

Қыз күнімнен денсаулығым нашар. Көптеген ауруларды бастан өткердім. Бүгін үш баланың анасымын. Білгім келетіні, ата-анасының қандай аурулары балаларына берілуі мүмкін?

Әсем Сағындық, Алматы қаласы

Тұқым қуалайтын аурулар гентикалық дерттерге жатады, олар кейінгі ұрпаққа беріледі. Тұқым қуалайтын аурулар көбіне туысқандар арасындағы некеден туылғандарда жиі кездеседі. Сондықтан, ата бабаларымыз қазақ ұлтының болашақта дені сау болуы үшін туысқандар арасындағы некеге қатаң тыйым салып келген. Сондан да болар, басқа ұлттарға қарағанда қазақ ұлтында тұқым қуалайтын дерттер сирек кездеседі. Ата-анасы аурушаң болса, балада сол аурудың бәрі кездесе бермейді. Тек ауруға бейімділік берілуі мүмкін, оның өзі жүзеге асуы екіталай. Медицина тілімен айтқанда тұқым қуалайтын дерттер Мендель заңы бойынша беріледі. Аутосомды доминантты және рецессивті, Х хромосомамен бектілген аутосомды және доминантты. Созылмалы дерттер мен жекедара туа біткен ақаулардың тұқым қуалаушылығы Мендель заңына бағынбайды, бірақ жанұялық генофонд жиынтығын құрайды. Оларды мультифокториалды себептер деп атайды. Дегенмен, бүгінгі медицинаның арқасында табиғи сұрыпталудың жоқтығынан гендік мықтылығы төмен организмдер репродутивті жасқа жетіп ұрпақ бере алады. Оның салдарынан генетикалық ауыртпашылық артып, адамның бейімделу қасиеті төмендейді де, адам аурушаң болады, яғни оның генетикалық сапасы төмендейді. Ол болашақта жаңа генетикалық дерттің түрлеріне әкелуі мүмкін.

Тиімді емін айтыңызшы

Емшек еметін баланың аузы ойылуы өте жиі кездесетінін жақсы білемін. Мен де сол түйткілмен күресіп жүрген аналардың бірімін. Дәрігерден ауыздың уылуына қатысты жақсы бір ем естігім келеді.

Аяулым Қанатқызы, Семей қаласы

Бала ауызының ойылуы екі түрлі болады: бірі уылу, ал екіншісі стоматит деп аталады. Уылу көбіне алты айға дейін болса, алты айдан кейін стоматит жиі кездеседі. Бұл екі жағдай да ауыз қуысында микробтар биоценозының бұзылуынан болады. ауыз уылуы кезінде саңырауқұлақтар мөлшері көбейеді. Мұндайда бала ауызын хлоргескидин, элюдрил, ас содасы ертінділерімен шаю жылдам нәтиже береді. Ал стоматит баланың ауызына кез келген затты салып, бактериялардың енуінен пайда болады. Алдымен хлоргексидин, элюдрил ертініділерімен шайып, жергілікті жақпа майлар жағылады (интерферон, миконаз), тәулігіне бір рет метилен көгімен өңделеді. Дегенмен, педиатрға көрсету керек, кейбір жағдайда антибиотик қабылдау қажет болуы мүмкін.

Тері ауруы емес пе?

Біз қалада тұрамыз. Өзімді тазалықты бірінші кезекке қоятын әйелдер қатарына қоса аламын. Алайда, биыл 5-ке толатын қызымның, міне, үш жыл қатарынан жаз шықса болды шашы биттеп кетеді. Мұның бас терісінде кездесетін қандай да бір ақау болуы мүмкін емес пе?

Рабиға, Қарағанды қаласы

Бас биттеуін педикулез деп атайды. Ол паразиттік ауруға жатады. Кез келген патазиттердің ағзаға енуі көбіне иммунитеттің төмендеуінен болады. Ол адамнан адамға жұғады. Сондықтан, өзінен-өзі пайда болады деуге келмейді. Шаш қалың болып әрқашан терлеп ауа кірмейтін болса, биттердің өсіп дамуына қолайлы жағдай туындайды. Балаға балабақшада немесе аулада бірге ойнайтын құрбыларынан жұғуы мүмкін. Қазіргі таңда қолданылатын арнайы сусабындарды пайдаланып көріңіз.

Артық тамақтану жайлы

Төрт жасар балам өз үлесін тауысып болғаннан кейін үстеме сұрауды әдетке айналдырған. Жалпы, мұндай жастағы баланың ас мөлшері қандай? Және артық тамақтанудың зияны қаншалықты екенін білгім келеді?

Элеонора Мақсұтқызы, Алматы қаласы

Артық тамақ қабылдау салмақтың артық  болуына әкеледі.  Бірақ баланың шамадан тыс қимылдауы  тәбетінің артуына ықпал етеді.  Әйтсе де, тамақтың мөлшерін қадағалаған жөн. Мысалы,  төрт жастағы баланың әр ас мәзіріндегі тамақ мөлшері  450-500  мл-ден аспауы қажет (оған артынан ішетін су да кіреді),  ал  тәулігіне  1750 мл. Сонымен қатар жоғары калориялы тағамдар құрамын азайтқан дұрыс. Оларға: тәтті айран, тәтті ірімшік, шырындар, тоқаштар мен нандар, кәмпиттер және  тәтті сулар жатады.

Құсқан кезде не береді?

Екі және төрт жасар балаларымның асқазанына тамақ жақпай қалып құсатын кездері жиі болады. Егер құсу екінші күні де тоқтамаса, балаға қандай дәрі берген дұрыс?

Индира Рахымова, Есік қаласы

Қалыпты жағдайда бала жиі құспауы қажет.  Оның бірнеше себептері болады. Ішек дискинезиясы, яғни, гастроэзофагеальды рефлюкс (лақтырылыс) немесе вегетативті жүйке жүйесі  бұзылысынан болуы мүмкін.  Әдетте,  мұндайда мотинорм шырынын бір десертті қасықпен, яғни, тәулігіне үш рет жеті мл-ден он төрт күндей береді. Дегенмен, міндетті түрде гастоэнтеролог пен невропатолог мамандарына қаралыңыздар.

Не дұрыс емес?

Жасым жиырма бесте. Екінші балама 10 ай. Туғанда салмағы 3 кг, бойы 50 см болды. Қазір салмағы 8 кг, бойы 67 см. Қызымды еміземін және қосымша тамақ та беремін. Үлкен дәретке жиі отырады. Осындай жағдайда дұрыс тамақтандыру жайлы маманның пікірін білгім келеді.

Майра Сәбитқызы, Талғар қаласы

Балаңыздың салмағы туылғандағы салмағына байланысты он айда 8800 гр болуы қажет, яғни балаңыздың салмағы  10%-ға қалыпты жағдайдан төмен болып тұр. Оның себебі – балаңыздың ішкен тамағы бойына толық сіңбейді. Бұл оның бірнеше рет үлкен дәретке отыруы салдарынан болуы мүмкін.   Мұндай ауытқуларға ішек дисбактериозы, фермент тапшылығы себеп болуы мүмкін. Сондықтан, гастроэнтеролог маманына қаралғаныңыз жөн.

Құлақ маңайының терісі

Бір жасар ұлымның құлағының артқы жағы тілініп, қанап, кейде бөртіп кетеді. Таныстарым қазақша ем-доммен емдеу жолдарын айтады. Медицинада оның қандай себептері болуы мүмкін?

Кәмшат Бөгетқызы, Талғар қаласы

Балаңыздағы бұл көрініс  экссудативті катаралды  диатез, яғни аллергияға жатады. Бұл жағдайға келесі себептер әкеледі: ішек биоценозының бұзылысы, анемия, тәттісі көп тағамдарды шамадан тыс жеу. Сондықтан, келесі зерттеулерді жасағаныңыз жөн: жалпы қан талдамасы, капрограмма (нәжіс талдамасы), нәжісті дисбактериозға зерттеу (микробиологиялық тексеру). Нәтижелері дайын болған соң аллерголог маманға көрсетіп, кеңес аласыз. Сонымен қатар міндетті түрде гипоаллергенді емдәмді сақтау қажет: тәттіні бермейсіз (биос айраны, тәтті йогурттар мен ірімшіктер, шырындар, бисквиттер), цитрусты  жемістер,   қызыл және сары түсті жемістер, т.с.с.

Тынысына алаңдаймын

Бес жасар балам ауыр тыныстайды. Кейде түнде аузын ашып ұйықтайды, жиі қорылдайды. Мұрнымен дем алуы ауыр екенін байқап жүрмін. Үш жасында лор маманға көрсеткенде қауіпті ештеңе таппады. Уақыт өте келе өздігінен қайта ма?

Әсем Жалғас, Үштөбе ауылы

Балаңыздағы бұл патологиялық жағдай  мұрын қуысындағы лимфатүйіндерінің өсуі, яғни аденоидтық өсу. Мұрын қуысы  бұл жағдайда тарылып, баланың  тыныс алуы қиындайды. Негізінен, бала алты-жеті жасқа жеткенде лимфатүйіндер кішірейіп кетуі мүмкін. Бірақ аденоидтық өсінді үшінші-төртінші дәрежеде болса, міндетті түрде оны ота жасап алдырған жөн. Сондықтан, қайтадан лор маманға қаралуыңыз керек.

Қабатталған тырнақ

Төрт жасар қызымның бас бармағының тырнағы бірнеше қабат болып кеткен. Жай уақытта ауырды деп шағым жасамайды, бірақ тырнағын алғанда безек қағады. Әрі тырнақтың астыңғы жағында тағы бір жұқа қабат бар сияқты. Бұл қандай ауру? Оны қалай емдейміз?

Жанерке Төлегенқызы, Алматы қаласы

Бала ағзасында  микроэлементтер жетіспегенде, анемияда, қалқанша безінің гипофункциясы жағдайында, ағзада паразиттер мен гельминттер  пайда болғанда тырнақтардың бұзылысы  болуы мүмкін.  Сондықтан, келесі талдамаларды жасаған жөн:  жалпы қан талдамасы, құрттар мен паразиттерге тексеру (аскарида, острица, лямблия). Осы тексерулердің нәтижесін педиатр маманға көрсетесіз. Егер ауытқулар болмаса, эндокринолог кеңесіне жүгінгеніңіз жөн.

Оставить комментарий