Главная » Календарь развития » Режутся зубы » Бала тісі жарып шықты

Бала тісі жарып шықты

zubki

Алғашқы тісі шығып келе жатқан кейбір балалар біраз мазасызданып, жылап, аузынан сілекейі көптеп бөлінеді. Ал кейбір аналар кішкентайының тісі шығып кеткенін кездейсоқ байқап қалады.

Бір жасқа дейінгі балаларда тістің жарып шығуы қалыпты құбылыс. Алайда, көптеген өзге жағдайлар сияқты, сәбидің алғашқы тісінің шығуымен байланысты біраз аңыздар мен қате пікірлердің тарап кеткені де өтірік емес. Дәл осы қате ойлар ата-аналардың дұрыс әрекет етпеуімен бірге, балалар педиатрларының жаңылысуына да себепші болады екен.

Мерзімі: теория мен тәжірибе

Көптеген дереккөздерге сүйенсек, сәбилердің алғашқы тістері төрт айлығында шыға бастайды. Бұл деректі шынайы деуге де, жалған деуге де болады. Себебі, бала ағзасы ешқандай теорияға жүгінбей, өз қалауымен әрекет етеді. Сондықтан, дәл төрт айлығында алғашқы тісі шыққан сәбилерді сирек кездестіреміз. Осыған байланысты дәрігерлер белгілі бір мерзімге емес, қалыптасқан шартты кезеңдерге мән береді. Бұл кезеңде баланың алғашқы тісі қашан шыққанына қарағанда, оның шығуы тиіс соңғы мерзімді білу маңызды. Ол бала денсаулығына баға беруде де айтарлықтай рөл атқарады. 8 айлық балаңыздың бір де бір тісі шықпаған болса, тіс дәрігеріне барып, себебін біліп алуыңыз қажет.

Шыққысы келмей ме?

Сәби тісінің шықпауына тіс ұрықтарының болмауы әсер етеді. Бұл аса салмақты себеп. Десек те, тістің шықпауы көп жағдайда генетикалық ерекшеліктер мен мешел (рахит) ауруының болуына байланысты.

Генетикалық ауруларды ата-аналар өздері-ақ анықтай алады. Баланың ата-әжелерімен сөйлесіп, олардың тістері қашан шыққанын білсеңіз болғаны. Егер кідіріс генетикалық ерекшеліктерден болмаса, демек, бұл жердегі түйткілдің бәрі мешел ауруымен байланысты. Өкінішке орай, бұл сырқат сәбилер арасында жиі кездеседі. Әсіресе, күз бен қыс мезгілдерінде дүниеге келген нәрестелерде. Себебі, сәби күн көзін мүлде көрмейді.

Сәбиде мешел ауруы бар екенін анықтау оңай. Сырқаттың алғашқы белгілерінің бірі – сәбидің желке шашының болмауы. Бұл жерде шаш жастыққа үйкелгеннен шықпай қалады деген аңыз орынсыз екенін ескертеміз. Негізінде, «үйкеледі» деген тұжырым бір жағынан дұрыс. Бірақ бұл басты себеп емес. Басты себеп – мешелдік. Оны жеңу үшін сәбиге D дәруменін көбірек беру керек. Сол кезде оның шашы өсіп, тістері де жарып шығады. Мешел ауруының аса байқалмайтын белгісі – бала табаны мен алақанының терлегіштігі. Әрине, мешел ауруының қауіптілігі тістің шықпай қалуы мен шаштың өспей қалуында емес. Оның қаупі – бала сүйектерінің дұрыс жетілмей, төс қуысы мен аяқ және бас сүйектерінің өзгеріске ұшырауы. Өкінішке орай, бұл өзгерістер мәңгілік қалып қояды. Шаш пен тіс әйтеуір бір өседі, бірақ қисық аяқтар мен ішке кіріп кеткен кеуде өмір бойы балаңызбен бірге болмақ. Сондықтан, осындай белгілерді байқаған болсаңыз, учаскелік дәрігерге қаралыңыз. Мешел дер кезінде жасалған емге оңай беріледі.

Тұмау ма, әлде тістер ме?

Ата-аналар мен педиатрлар сәби тісінің шығуын белгілі бір уақытпен байланыстырады. Сол себепті де тістің шығуына дейінгі болатын бала ағзасындағы өзгерістерге қате тұжырым жасайды.
Бүгінде 2-3 айлық сәбилердің мұрнынан суы ағып, дене қызуы көтеріліп, жиі жөтелетінін байқауға болады. Ата-аналар мен дәрігерлер мұны тұмау деп, оны емдеуге кіріседі. Бірақ бұл тұмау болмағандықтан, қайтуы ұзаққа созылып кетеді. Сосын антибиотиктерге жүгінуге тура келеді. Бірақ ол да еш нәтижесін бермейді. Бұл үдеріс 1 айға немесе одан да ұзаққа созылады. Сөйтіп, алғашқы тіс шыққан кезде ғана тоқтайды.

Бұл қалай болғаны? Жалған тұмауды анықтап, балаға артық дәрі-дәрмек бермеу үшін не істейміз?

Негізінде, тіс жақтың қалың етін жарып шығады. Тәжірибе жүзінде бұл тістің жоғарыға шығып, өзіне кедергі келтірген қабаттарды тесуін білдіреді. Соның салдарынан бала біраз мазасызданып, оның дене қызуы көтеріледі. Әлсіз шырышты қабық пен иммунды жүйе бұған төтеп бере алмайды. Нәтижесінде сәбиіңіздің аузы мен мұрнынан жағымсыз сұйықтықтар бөлінеді. Мұрыннан бөлінген шырыш жұтқыншақтың артқы қабырғасы арқылы ағып, жөтелдің туындауына әкеледі. Қарап тұрсақ, бұл қарапайым ОРЗ белгілері іспеттес.

Мұндайда дереу дәрігер шақыртып, тұмауды емдеу керек пе? Бұл жерде иә деген жауап та, жоқ деген жауап та орынды. Емізулі балаға дәрігер шақыртып тұрған дұрыс-ақ. Түйткілдің төркіні қайда жатқанын кім білсін? Сол үшін дәрігерге қаралудан қашпаған жөн. Бірақ көп жағдайда бұл ОРЗ емес, тістің жарып шығуы кезіндегі қабыну үдерісі болады.

Мұндай жалған тұмау кезінде баланың денсаулығына ешбір зиянын келтірмейтін тістің жарып шығуына арналған гельдерді және қабынуға қарсы дәрілер мен тамшыларды пайдалану керек. Кейде бұл тамшыларды аллергияға қарсы деп қателесіп жатады. Себебі, қабыну кезінде де, аллергия кезінде де гистамин атты затпен күресу керек. Сол себепті гистаминге қарсы дәрілерді аллергиялық жағдайда да, қабыну барысында да пайдалануға болады. Сонымен қатар гомеопатиялық (ауруға ұқсас) дәрі-дәрмектерді де пайдаланған жөн. Олар қабынған қызыл иектің жағдайын жақсартып қана қоймай, баланың жалпы қал-жағдайына әсер етеді. Әдетте, тұмаудың себебі тістің жарып шығуымен байланысты болса, баланың жағдайы 2-3 күнде жақсарады. Егер жақсармаса, тұмауды емдеуге көшкеніңіз абзал.

Кезекте кім?

Әуелі қай тіс шығуы керек? Әдетте, алғашқы болып алдыңғы тістер шығады. Бірақ бұл заңдылық емес. Сол себепті қай тістің алғашқы болып шығатыны мен оның қашан шығатыны әр балада әрқалай. Екі жағдайдан да қуануға себеп табуға болады. Мысалы, «Алақай, біздің тістеріміз бәрінікімен бірдей шықты!» немесе: «Алақай, біздің тістеріміз бәрінен де өзгеше!». Кез келген уақытта қуануға себеп табу өте қажетті қасиет.

Дақтар, бірақ күннің көзінде емес

Бұл мақаланы оқып отырған оқырманның бәрі де «тіс жегі» дегеннің не екенін білетін шығар. Тіс жегі тістің толыққанды бұзылуына алып келетін бірден-бір себеп. Ол көбіне ересек адамдарда кездеседі. Алайда, тіс жегі тіс шыққан алғашқы айлардан бастап-ақ пайда бола алады. Ата-аналар тіс жегінің алғашқы белгілерін білуі тиіс. Тіс дәрігерлері айтатын аңыздардың бірі – «тіс жегі – тісте пайда болатын қара тесік». Негізінде, бұл дұрыс, бірақ тіс жегі қара түске оны емдеу керек болғанда немесе үстінен пломбы қою қажеттілігі туындағанда енеді. Сол себепті баланы тіс дәрігерінің алдына баруға дейін жеткізбеуге тырысыңыз. Тіс жегінің алғашқы белгісі – ақшыл-күңгірт қабықша. Оны тістің жылтыр бетінен байқауға болады. Дәл осы сәтте тіс дәрігеріне қаралу керек. Бұл кезде тісті ешбір темір-терсектің көмегінсіз емдеуге болады. Жалпы, балаңызға тіс жегінің пайда болу қаупі төнбес үшін тіс шыққаннан бастап оны тазалап тұру керек. Алғашқы кезде саусаққап (дәріханаларда сатылады) пайдалануға болады. Тіс пастасын қолданбасаңыз да, міндетті түрде тазалау керек. Бастысы, мынаны есте сақтаңыз: бір тіс болсын, екеу болсын, үшеу болсын – тазалау қажет. Егер барлық тістердің шығуын немесе тіс қылшағын пайдалануға болатын уақытты күтсеңіз, тіс жегісінің пайда болғанына таңқалмаңыз.

Сонымен бірге «бөтелкелі тіс жегі» жайлы да ұмытпаңыз. Заманауи тамақ беру бөтелкелерінің бала қолында ыңғайлы орналасатыны соншалық, кейде сәбилер сонымен бірге ұйықтап қалып жатады. Ал оның ішіндегі шырынның немесе шайдың құрамында ауыз қуысында қышқылдың пайда болуына әсер ететін қант болады. Бұл өз кезегінде тіс эмаліне зиян келтіреді.

Аузыңды аша ғой, балақай!

Сәбидің алғашқы тісінің шығуы – бала дамуының маңызды кезеңі. Сонымен бірге оның өсіп жатқанының көрсеткіші.
Әдетте, тістер белгілі бір ретпен шыға бастайды.

6-7 ай Алғашқы болып сәбидің орта бөліктегі төменгі екі күрек тісі шығады.
8-9 ай Үстіңгі орта бөліктегі күрек тістер пайда болады.
12 ай Сәби бір жасқа келгенде шеткі күрек тістер шыға бастайды.
14-16 ай Тамақ жеуге көмектесетін азу тістер шығады.

Сәбиіңіздің алғашқы тісі жарып шыққан сәттен бастап алғашқы тіс қылшағын алу керек. Ол арнайы саусаққап немесе «Туғаннан» деген жазуы бар қылшақ.

Жағымсыз сезімдерді бәсеңдету үшін арнайы ойыншықтарды пайдаланыңыз. Мысалы, ішінде суы бар ойыншықтар кездеседі. Оларды алдын-ала тоңазытқышта салқындатып алу керек.

2 комментарии

  1. Өте жақсы материал. Көбіміз шынымен алғашқы тістерге аса көңіл бөле бермейміз. Немесе кейін тіс түскен соң ондағы аурулар да өздігінен жоғалады деп сенеміз. Алайда, олай емес екен. Оны өз тәжірибем бойынша білемін.

  2. Дентинокс пен Дентакинд аман болсын :)

Оставить комментарий