Главная » Календарь развития » 1-3 месяца » Уақытша қолайсыздық

Уақытша қолайсыздық

Уақытша қолайсыздық

Уақытша қолайсыздық

Құсу – бұл сәби өмірінің алғашқы айларында  кездесетін жағдай. Мұндай түйткіл  жас аналарды жиі мазалайтыны рас.

4 айға дейінгі баланың  70 %-ы  күніне бір рет  құсады екен.  Асқазаннан көтерілген зат  еріксіз оның тамағы мен ауызына бірден барады, ал  мұны емдеудің қажеті жоқ. Бұл физиологиялық жағдай.  Баланы емізу барысында немесе одан кейін оның сүтті  немесе  іріген түрінде құсқанын байқайсыз. Бұл баланың жағдайына әсер етпейді, сәби ойнайды, күлімдейді, былдырлайды, салмақты жақсы қосады. 

Себебі қандай?  Ғалымдар құсудың бірнеше себептерін  атады.

Ас қорыту жүйесі сәбилер мен ағзасы  жетілмеген  (шала туған  және салмағы аз балада жиі кездеседі) балаларда өзгеше болады.  Көп жегізу дұрыс емес және жүйесіз емізу (бұл асқазанның созылуына алып келеді), аэрофагия (ему кезінде ауаны жұтып қою), сонымен бірге ішектегі желдің  көбеюі ішектің қысымын арттырады.

Баланың тез емуі, сүт қоспасын дұрыс таңдамау,  емізген соң баланың мазасыз болуы немесе дене қалыбын бірден өзгертуі, берік құндақтау құсу себептеріне жатады. 

Мұқият  болыңыз

Құсу түрлі сырқаттың белгісі болуы мүмкін. Мысалы, ішек-қарын жолының туа біткен ауытқушылығы.  Бұл жағдайда түйткіл бала өмірге келген соң 2-3 аптадан кейін білінеді. Бала жиі құсады, салмағы азаяды.

Орталық жүйке жүйесіне босанған кезде зақым келуі. Оған жүктілік пен босану кезіндегі ауытқушылық  пен Апгар шкаласы бойынша көрсеткіштің  төмен болуы (осы арқылы баланың жағдайын ерте анықтайды) себеп.  Бала мазасыз болады, қолдары дірілдейді, қалтырайды, бұлшық етінің серпімділігі бұзылады және бойында түрлі неврологиялық келеңсіздіктер байқалады. Ал мұндай  құсу ас қорытудағы жүйке  реттеу қызметінің бұзылғандығын білдіреді. Инфекция кезінде құсумен бірге баланың жалпы күйі зардап шегеді: улану белгілері, әлсіздік, үнемі жылау, тамақтан бас тарту. Мұқият ана баланың ауырып қалғанын бірден біледі! 

Анаға арналған бағдарлама

Көбінесе 3-4 айда баланың құсуы сирек  болады және ол толығымен  емдеусіз-ақ  8-10 айында  кетеді. Жағдайды жақсарту үшін ана не істей алады?

  • Ең алдымен өзіңіз тынышталыңыз. Ең бірінші ата-ана сабырлы болуы тиіс, өйткені олардың қобалжуы баланың күйіне кері әсер етуі мүмкін.
  • Емізудің тәсілі мен тәртібін дұрыс сақтаңыз. Емізу кезінде бала 45-60 градус көлбеулікте орналасуы қажет. Бала аузымен емшек ұшы мен маңайын  толығымен қамтуы тиіс, осылай ол ауа жұтып қоюдан сақтанады. Бала төске мұрнымен тірелмеуі қажет!
  • Еркін тыныс алуына жағдай жасаңыз. Сәбидің мұрын қуысын күнде тазалаңыз.

Егер бала жасанды жолмен тамақтанса, бірнеше маңызды ережені есте сақтаңыз. Емізіктің сүтке толы болуын, ішінде ауа қалмауын қадағалаңыз. Бөтелкені белгілі бір бұрышта еңкейту қажет, сондықтан арнайы  немесе қарапайым ғана кішігірім көлемдегі  тесігі бар емізік пайдаланыңыз. Қоспаны қорабында көрсеткен ереже бойынша дайындау да маңызды. Баланы үзіліспен тамақтандыруға болады, сөйтіп оған асқазандағы ауаны кекіруге мүмкіндік бересіз. Сонымен қатар, сәбиді аз-аздан  тамақтандырыңыз, осылай еткенде ему уақытын қысқартасыз.

Дене қалыбына мән беріңіз. Емізген соң ауа шығуы үшін баланы жартылай тік қалыпта  15-20 минут ұстаңыз. Мұны ұйықтаған балаға да жасау қажет. Бала емізудің алдында ауаны кекіруі үшін оны бірнеше минутқа ішімен жатқызып, кіндігінің айналасын сағат тілі бағытымен сипаңыз.  Егер бала жыласа немесе мазасыз болса, емізбеңіз. Алдымен оны тыныштандырып алыңыз. Бала тамақтанып болған соң оны бірден тербетпеңіз.

Іш қату немесе ішек шаншуын емдеңіз. Дәрігермен кеңесіңіз, егер бала жасанды жолмен тамақтанса ол арнайы қоспаларды таңдап береді. Егер бала емшекпен емсе, онда ішектің жиырылуына әсер ететін дәрілер көмектеседі. 

Түзету қажет пе?

Иә, егер бала  құсқан  кезде қатты жыласа, егер құсуы  үздіксіз болса (емізген сайын бұрқақтаса) міндетті түрде дәрігерге қарату қажет.

Педиатрдың кеңесі қажет:

6 айдан соң балада алғаш рет құсудың пайда болуы;

Жиі құсу кезінде дене қызуының жоғары болуы;

Баланың дене салмағының азаюы;

Құсығында бөтен нәрселер пайда болса ;

Пилоростеноз немесе іштің жүрмеуіне күдігіңіз болса, онда балалар хирургінің кеңесі мен тексеруі қажет. Егер неврологиялық ауытқушылық байқалса, неврологтың тағайындауларын  орындаған маңызды. Ал  егер балада тұқым қуалаушылық салдарынан ас қорыту жүйесі бұзылса,  эндокринологтың кеңесі қажет.

Егер  әр құсқан сайын баланың жағдайы нашарлай берсе,  денесіне салмақ қоспаса немесе жоғалта бастаса – бірден дәрігерге барыңыз!

Оставить комментарий