Тырнақ кеміру

Depositphotos_7549269_s

Бала бойындағы арылуы қиын жаман әдеттің бірі тырнақ кеміру десек, қателеспейміз. Психологтар осы тырнақ кеміру әдеті пайда болуының бірнеше себебін бөліп айтады.

Бірінші себепке емшек сүтін толығынан тойынып еме алмауы жатады. Екіншіден, ананың әлпешті құшағынан тым ерте ажырап кетуі жағымсыз әсер етпек. Үшіншіден, туу кезіндегі түйткілдер мен жайсыз жүктілікті айтамыз. Төртінші себеп – ата-ана тарапынан жеткілікті мейірім-махаббаттың болмауы. Бесіншіден, отбасында сүттей ұйыған береке-бірліктің, бөпесін аялаған шуақты тірліктің жоқтығы да жаман әдетке үйір қылмақ. Ал алтыншы себеп мынау: бала тырнақ кеміретін жаман әдетті басқа жеткіншектен немесе, тіпті, ересек адамнан әншейін жұқтырып алуы да оп-оңай. Қазақ атамыздың «Сынықтан басқаның бәрі жұққыш» дейтіні де осындайдан-ау.
Баланың тырнақ кеміруін қалай қойдырамыз?

Тырнақ кеміру әдеті әдетте оңай-ақ пайда бола салады. Ал одан құтылу қиямет-қайым. Кейбір адамдардың соны қоя алмай, ересек кезінде де тырнағын кәдімгідей кеміріп отыратыны болады. Бала тырнағын кемірді дегенше, оның ішкі әлемінде бір кілтипан болды дей беріңіз. Ал мына жаман әдет оның көңілінің тынышталуына көмектеседі, ызақорлығын басады, сөйтіп жаймашуақ қалыпқа түсіреді.

Не істеу керек?

1. Ең алдымен сіз бұл жағымсыз әдеттің көрініс беретін кездерін анықтап алыңыз. Бәлкім, бала тырнақ кеміруді ата-анасы ажырасқан күндерде бастаған болар. Немесе, мамасы жұмысқа шыққан, балақай балабақшаға барады, мамасы күйеуге тиеді. Осындай толып жатқан себептер. Бірақ солардың ішінде балалардың барлық дерлік жаман әдеттерінің ең жиі кездесетін себебі оның өзінің керексіздігін сезінуі, өзін ешкім жақсы көрмейді деп ойлап қалуы болып табылады.

2. Балапаныңыздан мейірім-махаббатыңызды аямаңыз, әр нәрсені өз бетімен істеуге жайлап үйретіңіз, кез келген бастамасын қолдап, көтермелеп, баланың өзіне деген сенімін оятыңыз. Өзінің қуат-күшін сезінген кішкентай біртіндеп тырнақ кеміру әдетінен арыла бастайды.

3. Егер бала тырнақ кеміру арқылы ашуын сыртқа шығаратын болса, үйде «сабалауға арналған жастық» дайындап қойыңыз. Ондай көмекші құралды психологтар балалар тарабында ғана емес, үлкендер үшін де қолдануға кеңес береді. Сонда жағымсыз көңіл күйі айналасындағыларды айналып өтіп, әлгі затты шарпығаны мақұл. Әрине, содан былай мұндай жастыққа бас қойып ұйықтауға болмайтыны айтпаса да белгілі.

4. Баланың тырнақ кеміруін қойдыру үшін: оған өшпенділік сипаттағы мультфильмдерді, қаскөй киноларды көруге, қорқынышты ертегілер мен әңгімелерді тыңдауға мұрсат бермеңіз. Бұл түйткілді шешу үшін ертегі емі дәл келеді. Мысалы, тырнақ кеміру әдетінің нашар екендігі жайында қысқа ертегі ойлап табуға болар еді.

5. Жеткіншектің өз құралпастарымен қарым-қатынасын реттеуге көмектесіңіз. Бәлкім, оны ұжымға қабылдамай, ызаландырып, ренжітті ме екен – соны біліңіз.

6. Ой өрісіне қатысты кез келген ауыртпалықты азайтыңыз. Вундеркинд өсіріп шығаруды қалайтын ата-аналар баланы алуан түрлі көп үйірмелерге сүйреп апарады. Баланың оның бәрін еңсеруге шамасы келмейді. Сондықтан, сіздің талаптарыңыз өзіңіздің арманыңызбен емес, баланың мүмкіндігімен сәйкес келуі тиіс.

7. Баланы неғұрлым қызықтырақ бір іспен шұғылдандырып қойып, көңілін тырнақ кеміруден аударып әкетіңіз. Тек мұны білдірмей, байқатпай істеңіз. Балаңыздың қандай ойынды, немен айналысуды жақсы көретінін ойлаңыз. Ол ойында қолының саусақтары әрекетте болуы тиіс. Мысалы, апельсин тазалау, құрастырма көмегімен үй салу, сурет салу, ермексаздан мүсін жасау сияқты.

Неден үзілді-кесілді бас тарту керек?

Баланың тырнақ кеміруін қойдырту үшін:

– ол әдетпен күш қолданып күресуге;

– тырнақ кеміруіне соншалықты назар аударуға;

– балаға жаман әдеті үшін ұрсуға;

– ұялтуға немесе жазалауға;

– саусақтарына қыша жағамын немесе таңып байлап тастаймын деп қорқытуға мүлдем болмайды.

Түйін. Сонымен, сіз тырнақ кеміру әдетімен күрес жолына түскен болсаңыз, барлық іс-әрекеттеріңіз мәжбүрлеуден аулақ тұрсын, баланы ығыр қылмасын. Бұл жолдың ұзақ екенін, ал әдеттің мәңгілік еместігін есте тұтыңыз.

 

Оставить комментарий