Психолог

психолог---200-на-300

Оқырмандардың сұрағына жауап беретін Әбдуәли Мәмеділ, психолог.

Өздері таңдасын ба?

Сегіз және он оқитын қыздарыма киімді өзім таңдап алып беремін. Әу бастан солай дағдыланғаннан кейін бе, олар да еш қарсылық білдірмей алғанымды кие береді. Жақында құрбым бұл әрекеттерімнің дұрыс емес екенін, қыз балаларға осы жастан таңдау жасауды үйрету керектігін айтты. Оныкі дұрыс па?
Ғалия Омарова, Аягөз қаласы

Жасөспірім жасқа жеткен қыздарыңызға киімді сіз таңдап алып беретін болсаңыз, олар сізге материалдық жағынан ғана емес, психологиялық тұрғыдан да тәуелді. Бұл отбасында ақшаның оңайшылықпен келмейтінін, жұмыс істеп, табыс табудың қиын екенін жиі айтып, балалардың кінәлілік сезімін тудырғанда пайда болатын жағдай. Егер сіз олардың таңдауымен, талғамымен санассаңыз, қыздарыңыз өздері таңдағысы келетін шығар? Мына киім қалай екен, саған ұнай ма?-деп сұрасаңыз немесе аса қымбат емес киім-кешекті өздері сатып алуына мүмкіндік беріп дербестікке, тәуелсіздікке тәрбиелеңіз. Тұлға болып қалыптасудың негізгі шарты – адамның ішкі «мені» болуы. Жас баланың өзім ішемін, өзім киемін, өзім істеймін деген талпынысы «менін» қалыптастырудың алғышарты. Киімді түр-түсіне қарап өздігінен таңдау да «менін» көрсету болып табылады.

Жақсы ма, жаман ба?

Әлі әріп танымайтын 5 жасар ұлым компьютердің «құлағында ойнайды». Өзіне керек ойынды қосып алып, оны өшіріп басқасын басып, ненің қайда тұрғанын жақсы біледі. Мен әлден компьютерді пайдалануына қарсы болсам да, әкесі ол миын жетілдіреді деп қарсы шығады. Осы даудың шешімін маман айтса екен.
Сандуғаш Ринатқызы, Ұзынағаш ауылы

Компьютерсіз қазіргі заманды елестету мүмкін болмай қалды. Ол өндіріс, денсаулық, білім беру салаларында үлкен орын алады. Тіпті, балалардың «қымбат ойыншығына да» айналды. Көп ата-аналар балаларына қомпьютер сатып алып беруді міндеті санайды. Компьютермен сағаттап ойнап отыруын «көшеде қаңғырмай үйде тыныш отыр» деп қабылдайтын болдық. 5 жасар баланың миын дамыту үшін жүгіру, жарысу, секіру, сондай-ақ таза ауада коньки, скейтборд, велосипед тебу секілді ойындар қажет. Олар баланың физиологиялық, психологиялық дамуына ықпал етеді.
Егер бала компьютермен сағаттап отырып ойнайтын болса, ойыннан жалығып, белгілі бір уақытта ойынды өздігінен тоқтата алмаса, бұл–компьютерлік ойынға құмарлық, тәуелділік белгісі. Ойын – өмірдің кішірейтілген макеті. Бала неғұрлым қимыл-әрекетке, қарым-қатынасқа құрылған ойынды ойнаса, соншалықты дұрыс дамиды.

Дайындық сыныбы

Ұлым келесі жылдың ақпан айында 7-ге толады. Ата-әжесі биылша дайындық сыныбына беруді құп көріп отыр. Ал мен бірден 1-ші сыныпқа бергім келеді. Сондықтан, дайындық сыныбының балаға қаншалықты маңызды екенін білсем деймін.
Әдина Сәбитқызы, Қаскелең қаласы

Дайындық сыбыптарының негізгі мақсаты – 5-7 жастағы балаларды оқу үрдісіне бейімдеу, 1 сынып оқушыларының дайындығын мүмкіндігінше бір деңгейге келтіру. Отбасындағы әлеуметтік жағдайлар әртүрлі болғандықтан, жаңа ортаға бейімделу балалар үшін оңай емес. Бір үйде жалғыз өскен бала өзге балалармен қарым-қатынасқа түсуді үйренеді. Белгілі бір деңгейде тәртіпке бағынуға тура келеді. Дайындық сыныптарында балалардың физиологиялық, психологиядық дамуы, танымдық деңгейі анықталады. (Денсаулығында ақыл-ес кемістігі, түстерді ажырата алмау сияқты кінәраттар табылып жатса, баланың мүмкіндігі шектеулі екенін мойындау қажет болады). Балаңыз балабақшаға барып жүрсе, дайындық сыныптары балабақша жұмысының бір бөлігі болғандықтан, бірден мектепке барғаны жақсы.

Өзімді қалай жеңемін?

Күйеуімнің жолдасы 3-сыныпта оқитын қызын қала мектебінен білім алсын деп біздің үйге тұрғызып қойды. Баланың бізге еш салмағы жоқ. Бірақ бәрібір де мен оны қабылдай алмай жүрмін. Не істесем екен?
Қарлығаш, Алматы қаласы

Әр бала өз ата-анасының қасында болғанда ғана өзін бақытты сезінеді. Сіз айтқан жағдай әлеуметтік қиындықтардан туындаған мәжбүрлік болуы керек. Достардың бір-біріне көмек қолын созуы деп түсінеміз. Қыздың ата-анасы сізбен ақылдаспағандай көрінеді. Күйеуіңіз өзі шешім қабылдап, сіз келісуге мәжбүр болғандайсыз. Қабылдай алмауыңыздың бір себебі осы болса керек. Психикалық астарына үңілсек, отбасы мүшелері бір-бірімен рухани байланыста болады. Осы туыстық байланыста бөтен адамға орын жоқ. Егер сіз адамгершілік қағидаттарын алға қойып, көмек жасап жатырмын, көмегімнің қайтарымы болады деп сенсеңіз, қызды өз балаңыздай қабылдауыңыз мүмкін. Сіздің көңіл күйіңіз қызға да әсер етпей қоймайды. Оның сабақ үлгерімі, іс-әрекеттері сізге де байланысты екенін ұмытпаңыз.

Кім-кімге тартқан?

Алты жасар үлкен қызым менің анама тартқан, 4 жастағы ұлым аумаған әкесі. Ата-енем үнемі қызыма «Сен ана шешең жаққа тартқансың. Міне, біздің баламыз, өзіміздің аузымыздан түскен» деп отырады. Мұндай сөздер баланың психикасына кері әсерін тигізуі мүмкін бе?
Шапағат Қайратқызы, Үшарал ауылы

Генетикалық заңдылықтарға сәйкес, бала әке-шешесімен қатар ата-апасына, нағашысына ұқсауы мүмкін. Сонымен қатар басқа да ақпараттық кодтар ұрпақтан-ұрпаққа беріледі. Үлкендердің ойын, қалжың үшін айтқан кейбір сөздерін балалар түсіне алмайды. Бала санасы оларды қабылдай алмай, қиындық тудыруы мүмкін. Осындайда оның қиялы өзіне қойылған қиын сұрақтардың жауабын таба алмаса, психикалық жетілуі толық аяқталып болмаған жас санасына аса қауіпті болуы мүмкін. Бала бойындағы кейбір ерекшеліктерге назар аударсаңыз, оған тек жағымды жағын жеткізген жөн. Мысалы, баламыздың мына қасиеті нағашысына тартыпты. Ұқсатқан адамыңыз беделді, жағымды кейіпкер болуы тиіс. Сонда бұл оның тұлғалық қалыптасуына оң ықпал етеді.

Қалай көмектесемін

Төрт және үш жасар ұлдарым бірінен-бірі қалыспай өсіп келеді. Алайда, кішісі пысығырақ әрі белсенді. Сол себепті де ағасының алдына түсіп кете береді. Ал үлкенім болса, өзім айтайын дегенмін, мен де солай істей аламын деп ашуланып жүреді. Үлкен ұлға көбірек көңіл бөлу керек пе? Не істегеніміз дұрыс?
Аружан Сағындықова, Ақтау қаласы

Балалардың арасы 1-2 жас болса, оларды тете деп атайды. Тете өскен балаларда  бәсекелестік басым болады. Арасындағы жас айырмашылығы тым жақын болғандықтан, тұңғыш бала өзін үлкен сезініп, ағалық көрсете алмайды. Бұл балаларда өзін бағалауы өте төмен, сенімсіздік  басым. Өзіне сенімсіз бала қорқақ, жасқаншақ, тартыншақ болып келеді. Сенімсіз бала өз ойын жеткізе алмайды. Өзі қатарлы балалар арасында өз мүлкі: ойыншықтары мен киіміне ие бола алмайтын жағдайлар да жиі кездеседі. Осындай жағдайда бірінші кезекте балалардың ойынын, іс-әрекеттерін реттеуге кірісу керек. Кіші баланың көзінше, тұңғышыңыздың беделін көтеруге атсалысыңыз. «Сен үлкенсің, бас-көз бол » деп, жауапкершілік арта бермей, керісінше, тұңғышыңызға ала-алмай қалған сүйіспеншілік пен  аналық махаббатыңызды сыйлаңыз.

Қара түсті сүйеді

3 жасар балам қара түсті жақсы көреді. Киім немесе ойыншық алуға барсақ бірден қара түске жабысады. Мен жасыл немесе көгін ұсынсам, ұлым оны жақтыртпайды. Бұл ненің белгісі болуы мүмкін?

Ақмарал Серікқызы, Шелек ауылы

3 жасар баланың қара түске бейім болуы: тек қара қарындашпен сурет салып, қара киім кигісі келуі қалыпты жағдай деп қарау керек. Осы жаста басқа түстерді танымауы немесе өзі танитын түстердің ішіндегі ерекше көретін түс болуы мүмкін. Бала басқа түстерді де танып, білгенде ғана түске деген талғамы өзгереді. 4-5 жасқа келгенде күдігіңізді сейілту үшін түстерді қаншалықты ажырата алатындығын өзіңіз немесе көз дәрігерлерінің көмегімен анықтап алғаныңыз жөн. Мектеп жасындағы балаларда айналасындағылардай киім үлгісін, сондай түсті киімді кигісі келуі мүмкін. Ересек балалар қара түске бейім болса, онда тереңде жатқан психикалық зақымның нышаны болуы мүмкін. Жүктілік кезіндегі анасының күйзелісі де себеп болады.Өз ортасында » мені» жоқ,өзін бағалауы өте төмен балалар да қара,»кір көтерімді түстерге» бейім болады.

Қызғаншақ

4 жасар ұлым балабақшаға барады. Оның сол жерде жақсы араласып ойнайтын құрбысы бар. Бірақ ұлым ол қыздың тек өзімен ойнағанын қалайды екен. Басқалармен сөйлессе немесе ойнаса қызды да, өзге балаларды да бас салып ұратын көрінеді. Тәрбиешілердің шағымынан жалықтым. Балама мұны қалай түсіндірсем болады?

Алина Баянова, Алматы қаласы

Балаларда белгілі бір деңгейде қызғаныштың болуы заңдылық. Қызғаныш барлық балаға тән сезім. Ондай сезім алғаш анасын қызғанудан басталады. Өзінен кейінгі бауырлары анасының бойына біткеннен бастап қызғаныш туындайды.»Анам енді менікі емес, менен тартып алды, мені жақсы көрмейді»-деген күдікті ойлары сейілмесе, бала қызғанышы ашу-ызаға ұласып, дөрекі әрекеттерге итермелейді. Жер тепкілеп жылап, өзін және өзгелерді ұрады. Өзінің киімін,өзіне тиесілі ойыншықтарын меншіктеп, өзгелерге бермеуге әрекеттенеді. Қызғаншақ бала өзіне көп көңіл бөлуді қалап тұрады. Анасының махаббаты мен сүйіспеншілігіне бөленгенде, қызғаныш сезімі басылады. Есейіп, көпшіл болады.
Мүмкіндігінше балаңызға көп көңіл бөліп, ертегі айтып, кітап оқып беріңіз. Тәрбиелік мәні бар мультфильмдерді бірге көріп, достық, татулық сияқты түсініктерді бала бойына сіңіру керек.

Кішкентай бойлы

Екінші сыныпта оқитын қызымның бойы өз қатарластарынан әлдеқайда кішкентай. Негізі, әкесі де, мен де қысқа бойлы адамдармыз. Бірақ қызым кейінгі кездері мектепке бармаймын, балалар кішкентайсың деп мазақтайды дегенді шығарды. Өзімше түсіндіріп көрдім, болар емес. Ақыл қоссаңыз екен.

Айнұр Болатқызы, Бұрындай ауылы

Сіздің қызыңыздың жасындағы балаларда өзін-өзі тануы қалыптасуда. Бойының ұзын-қысқалығына, шашының түсіндегі, бет-әлпетіндегі ерекшеліктерге назар аударып, өздерін өзгелермен салыстыра отырып таниды. Бұл таным үдерісін балалар ойынға айналдырады. Өйткені, олар өз бойындағы ерекшеліктерді қабылдамаған кезде, өзгелердің күлкісін тудырады. Егер балаңызға өз болмысын қабылдауға үйретсеңіз мазақ, келеке тыйылады. Бала бойындағы ерекшелік кемшілік емес екенін түсіндіруге тырысыңыз. Өмірден, айналаңыздағы адамдардан мысал іздеңіз. Жануарлардың жыл қайырудағы күнді күткені, түйе мен тышқанның іс-әрекетін салыстыру арқылы түсіндіріп көріңіз.

Оставить комментарий