Главная » Календарь развития » Календарь прививок » Екпе туралы не білеміз?

Екпе туралы не білеміз?

2

Бүгінгі таңда түрлі екпелер (вакцинация) жұқпалы аурулардың алдын алудың бірденбір жолы. Дегенмен, осы екпелер төңірегінде даулы мәселелер көп-ақ. Олай болса, вакцинация жайлы не білеміз? 

Біз ашық әлемде өмір сүреміз. Сондықтан, қоршаған ортаның түрлі әсерінен туындайтын сан алуан ауруларды баланың әлсіз ағзасы қалай қабылдайтынын бірде-бір ана алдын-ала болжай алмайды. Вакцинаның арқасында ағза аса қауіпті ауруларды тудыратын бактериялар мен вирустарға төтеп бере алады. Мысалы: туберкулез, көкжөтел (коклюш), дифтерия, гемофильді жұқпа және сіреспе (столбняк).

Вакцинацияның мақсаты

Бұл емшара кезінде ағзаға аздаған мөлшерде вакцина енгізіледі. Ол ағзаға зиян келтіретін белгілі бір инфекцияларға қарсы антител тудыруы тиіс. Осының арқасында ағзада аталмыш ауруға төтеп бере алатын иммунитет қалыптасады. Әрбір вакцинаның қатаң тәртібі, қолданылу уақыты, қолдануға болмайтын жағдайлары және енгізу жолдары (ауызға, бұлшық ет ішіне, тері астына және тері ішіне) бар.

Вакцинацияға жауапкершілікпен қарау керек 

Біріншіден, әрбір ата-ана баласына қандай екпенің жасалатынын білуі керек. Екіншіден, ол несімен қауіпті, екпеден кейін болатын түрлі келеңсіздіктердің алдын алу үшін қандай шара қолдану керек және қалыпты жағдайда болатын өзгерістер туралы сұрауы тиіс. Көбіне аналар баласы екпені көтере алмайды, кері әсері болуы да мүмкін деп жасқанады. Ағзаның екпеге қарсы жауап беруі сол сәттегі баланың жағдайына тікелей байланысты. Егер бала осы уақыттарда  тек ана сүтімен қоректенсе, анасы оның денсаулығына асқан жауапкершілікпен қараса, екпенің кері әсері болмауы тиіс.

Жасату керек пе, әлде күте тұрамыз ба? 

Екпе жасайтын кезде баланың дені сау болуы аса маңызды. Бұл уақытта бала түрлі жұқпалы аурулардың салдарынан туындайтын іш өту, дененің бөртуі, тұмау, дене қызуының көтерілуі сынды келеңсіздіктерден ада болуы тиіс. Ол неге соншалықты маңызды десеңіз, екпеден кейін ағза барлық күшін белгілі бір инфекцияға қарсы иммунитет тудыруға жұмсайды. Сондықтан, оған артық «салмақ» жүктеудің қажеті жоқ. Егер бала қандай да бір аурумен ауыратын болса, оған екпені белгілі бір тәртіппен енгізеді.

Аллергиясы бар балаларға екпе жасардың алдында 2-3 күн бұрын және екпеден соң 3-5 күн арнайы гистаминге қарсы тамшыларды береді.

Демікпемен ауыратын балаларға екпе кезінде негізгі емнің мөлшерін жоғарылату ұсынылады.

3 айдан 5 жасқа дейін болатын құрысуға шалдыққан балаларға АДС-М (дифтерия мен сіреспеге қарсы екпе) енгізгеннен кейін 1-2 күн және тірі вакцинаны енгізгеннен кейін 5-інші күннен бастап парацетамол береді.

Иммунитеті төмен балаларға белсенді емес вакциналар қауіпсіз болғанымен қажетті нәтиже бермеуі мүмкін, ал тірі вакцинаны оларға енгізбейді.

Жүйке жүйесінде ақауы бар балаларға вакцина енгізетін болса, үш күннен соң кері әсері байқалуы мүмкін. Сондықтан, оларға тек невропатолог рұқсат берген кезде ғана екпе жасайды.

Ал уақытша екпені тоқтатуға безгек немесе созылмалы аурулар түрткі болады. Мұндайда екпе бала толықтай жазылған соң енгізіледі.

Екпені жасауға тыйым салынатын жағдайлар:

  • аталмыш препаратты алғашқы енгізген кезде кері әсері болған жағдайда;
  • қатерлі аурулар;
  • СПИД.

Қалай дайындалу керек? 

  • Екпе енгізердің алдында балалар дәрігеріне, сонымен қатар неврологқа қаралу керек. Олар баланың сол сәттегі жағдайына, оның ағзасы екпені қабылдауға қаншалықты дайын екеніне әрі алғашқы екпенің әсері қандай болғанына көңіл бөледі. Ең бірінші АКДС алатын кезде қан мен несеп талдауын алу қажет. Бұл анықтамалар сол сәттегі баланың денсаулығы жақсы екенін көрсетсе, екпе енгізуге рұқсат беріледі.
  • Екпе туралы айтып баланы қорқытудың қажеті жоқ. Егер ес білетін бала екпе жасағанда ауырады ма деп сұраса, шындықты айтыңыз. Бұл емшараның жағымсыз болатынын айтып, ине кіргенде аздап ауыратынын ескертіп, бірақ, оның барлығы уақытша ауырсынулар екенін түсіндіру керек. Бірнеше минуттан кейін екпенің орыны ауырмайтыны рас.
  • Екпе жасалардың алдында бірнеше күн бұрын сәбиді қызғыштай қорысаңыз да артық емес. Әсіресе, түрлі жұқпалардан сақ болған жөн.
  • Екпе жасалған күні баланың ас мәзіріне жаңа тағамдарды енгізбеңіз және қолдан тамақтандыруға көшуді де кейінге қалдыра тұрыңыз. Егер сәби ана сүтімен ғана қоректенетін болса, өз ас мәзіріңізге де көңіл бөліңіз. Екпе алдында қажетті препараттар тағайындалған болса, оларды міндетті түрде ішіңіз. Алдын ала дәрігермен кеңесіп, қажет болып қалады-ау деген барлық дәрі-дәрмекті алып қойыңыз.
  • Екпеге барғанда өзіңізбен бірге балаңыздың сүйікті ойыншығын, жөргек ала барыңыз. Дәрігердің қабылдауында болғанда онымен бірге баланың сол сәттегі жағдайын жіті қадағалаңыз. Вакцинаға берілген анықтамамен танысып, оның қолданылу мерзіміне зер салыңыз. Инені енгізу кезінде, бастысы, өзіңіз қобалжымаңыз. Балаңыздың қол-аяғын ұстасып, мейірбикеге жәрдем беріңіз. Бала да сіздің жүзіңізден үрейді байқамасын.
  • Екпе кезінде баланың қолыңызда немесе алдыңызда отырғаны жақсы. Бұл жағдай сізге сенімділік тудырады әрі қолайлы. Баланың көңілін аулау үшін, 3-4 жасар бала болса тақпақ айтып немесе ән салып, одан ересек баламен айналаңыздағы заттарды зерттеп, ең кішкентайларға үйден алып келген ойыншығыңызды көрсетсеңіз болады.
  • Екпеден кейін балаңыздың әбден жылап алуына мүмкіндік беріңіз. Бұл үшін оған ұрсудың қажеті жоқ. Есіңізде болсын, екпе жасалған жерді уқалауға болмайды!

1

Қалыпты жағдай ма, кері әсер ме?

Әр адамның ағзасы енгізілген вакцинаны түрліше қабылдайды. Баланың ағзасы екпеге қалай жауап беретіні түрлі жайттарға тікелей байланысты. Олар:

  • дәрігер сол сәттегі баланың жағдайын қаншалықты дұрыс анықтай білді;
  • вакцинаның сапасы мен құрамы. Негізінен кері әсер құрамында тірі, бірақ әлсіз микроағзалары бар вакциналарға жиі туындайды. Олардың қатарына көкжөтелге қарсы екпені (АКДС) жатқызуға болады.
  • вакцинаның қалай жасалғаны: негізгі техникалық талаптар орындалды ма, қажетті жағдай жасалынған ба, анаға екпеге дейін және екпеден кейін не істеуі керектігі жайлы кеңес берілген бе, олар қажетті препараттармен қамтамасыз етілді ме?

Екпеге ағзаның үн қатуы – қалыпты жағдай. Ол ағзаның дұрыс жұмыс істеп тұрғанын, өз жұмысын тыңғылықты атқарып жатқанын білдіреді. Екпенің ағзаға әсерін ортақ және жергілікті белгілерден байқауға болады. Ортақ белгілер – дене қызуының көтерілуі (қалыпты жағдайда 37,50С-ден аспауы тиіс), баланың сүлесоқтанып, тәбетінің төмендеуі. Ортақ белгілерге сонымен қатар жергілікті ерекшеліктерді де жатқызуға болады. Мұндайда екпенің орны қызарып, ісініп тұрады және бала ауырсынуды сезінеді. Сондықтан, баланың жағдайын үнемі қадағалап отыру керек.

  • Балаға қызуды басатын және гистаминге қарсы препараттарды беріңіз. Оларды алдын ала дәрігер тағайындауы тиіс.
  • Дене қызуын үнемі қадағалап, баланың психологиялық және физиологиялық өзгерістеріне ден қою керек. Сәбидің температурасы 380С-ден жоғары көтерілмеуі қажет. Сондықтан, қызуды түсіретін дәріні келесі қызу көтерілгенше күтпей, анықтамада көрсетілген жиілікке сай беріп отыру керек.
  • Балаға жиі- жиі су беріңіз. Тек судың аса салқын емес, жылы болуын қадағалаңыз.
  • Қатты қызу болған жағдайда баланың денесін жылы сумен сүртіп, жеңіл киіндіріп қою керек.
  • Егер жергілікті реакцияны байқасаңыз, сол жерге дымқыл, салқын шүберек басыңыз.
  • Ине енгізілген жерге бұлау жасауға, жақпа май жағуға болмайды. Егер бір тәуліктен кейін баланың жағдайы жақсармаса, міндетті түрде дәрігерге көрсетіңіздер.
  • Дене қызуы қалыпты болса, баланы серуенге алып шығуға, шомылдыруға болады.
  • Тірі вакциналарды енгізіп екпе жасағаннан кейін балаға 7 күн бойы антибиотик беруге болмайды.

Екпеден кейін болатын жергілікті және ортақ белгілер ары кетсе 3 күнге созылады. Тірі вакцина енгізілген соң 5-12 күннен кейін де әсер байқалуы мүмкін. Егер осындай әсер байқалып, бірақ енгізілген вакцина тірі болмаса, бұл жағдайға екпенің еш қатысы болмауы мүмкін.

Екпеге кері әсердің болғанын баланың дене қызуы 400С-ден асып, өзі есінен танып, денесі құрысып, екпенің орнын бөртпелер басып кеткен жағдайда байқауға болады.

Екпеден кейін болатын кері әсердің басталу уақыты мен қиындықтары:

  • Екпеден кейін болатын тырысулар, дене қызуының көтерілуі көбіне АКДС, АДС және АДС-М вакциналары енгізілгеннен кейін 48 сағаттан соң байқалады.
  • Ал делбенің (менингит) белгілері эпидемиялық паротитке қарсы вакцина жасалған соң 3-4 апта ішінде байқалуы мүмкін.
  • Аллергиялық реакция екпе жасалғаннан кейін 24 сағат ішінде пайда болады.
  • Жоғарғы тыныс жолының талаурап ауыруы қызылшаға қарсы екпе жасалғаннан кейін 2 аптадан соң байқалуы мүмкін.
  • Ине салған орынның қызарып, ісінуі 4 күннен асып кетсе, бұл да кері әсердің алғашқы белгісіне жатады.

Есіңізде болсын, тұншығу, құрысу, есінен тану сынды белгілер байқалған сәтте-ақ жедел жәрдем шақыру керек.

Күнтізбеден тыс

Балаға Ұлттық күнтізбеге енгізілген міндетті екпелермен қатар түрлі эпидемияларға  қарсы екпелер де жасалады. Солардың бірнешеуіне тоқталып өтелік.

B (Hib) типті гемофильді инфекция

Гемофильді таяқша – бір жасқа дейінгі сәбилерде іріңді жұқпаның пайда болуына түрткі болатын басты себеп. Сондай-ақ ол созылмалы бұлық, аденоид, пневмония, менингит сынды ауруларды қоздыруы мүмкін. Біріншіден, бұл екпе тыныс алу жолдарының созылмалы және жұқпалы ауруларының алдын алу мақсатында жасалады. Екіншіден, Hib инфекцияның ауыр түрлері – менингит пен пневмонияға қарсы жасалады. Бұл жұқпалар көбіне емшек жасындағы балаларда жиі кездеседі.

Пневмококко инфекциясы

Туғаннан немесе кейіннен болған иммунит әлсіздігі салдарынан тамақ жұқпалы ауруларына шалдыға беретін балаларға дәрігерлер пневмококко инфекциясына қарсы екпе жасайды.

Желшешек

Қазір желшешекке қарсы да вакцина шығарылған. Оны 12 жастан асқан балаларға енгізеді. Және вакцина ағзаны бірнеше ондаған жылдар бойы қорғайтын болады.

Вирусты гепатит А

Бұл вакцинация жайлы ауа райы қолайсыз аймаққа сапар шегіп бара жатқан жолаушылар ойлануы тиіс. Мұндай екпені бала 2 жастан асқан соң әр жарты жыл сайын жасап отырады.

Total Views: 2295 ,

Оставить комментарий