Главная » Беременность и роды » Көзілдірікті ана қалай босанады?

Көзілдірікті ана қалай босанады?

Көзілдірікті ана қалай босанады?

Көзілдірікті ана қалай босанады?

Күнделікті өмірде әйелдер көздің көру мүмкіндігі нашарлай бастағанын, алыстан заттарды ажырату қиынға соғатынын аңғарса да, қатты қинала қоймайды. Көзілдірік пен линзаның сан алуан түрі бар, қалағаныңды таңдап ал. Бірақ жүктілік кезінде миопияның сырқат екені айқын байқалады.

Сәбиді өмірге әкелуге дайындалып жүрген әйелдің көз жанарында кемістік болса, босану кезінде қиналуы мүмкін. Өз жағдайыңызды ауырлатпай, уақытында дәрігер тағайындаған барлық тексерістен өтіп, қолайсыздық туындаған күнде бірден маманға хабарласыңыз.

Жүкті әйелдерде жиі кездесетін негізгі түйткіл – көздің тез шаршауы, әсіресе компьютермен жұмыс істегенде немесе кітап оқығанда көз жанары талып кетеді, көз алдынан шіркейлер ұшқандай болады, заттар қосарланып көрінеді, кейде көз қарашығын әлдене бүркемелеп тұрғандай болады, құм түсіп, түйілгендей сезім туындайды, кейбір әйелдер бұрын жап-жақсы тағып жүрген линзасының жайсыз екенін байқайды.

Гормоналды өзгерістер көздің көру мүмкіндігін 1-2 диоптрияға дейін төмендетсе, токсикоз кезіндегі құсудан соң көздің торы мен шырышты қабығына қан құйылуы мүмкін.

Миопия деген диагноз сізге қойылған болса, жүктілік кезінде офтальмологке жиі барып, кеңес алыңыз. Миопияның 3 түрлі кезеңі бар (ауырлығына қарай):

  • Төмен – 3 диоптрияға дейін;
  • Орташа – 3-тен 6 диоптрияға дейін;
  • Жоғары – 6 диоптриядан жоғары.

Бірақ мәселе диоптрияның көп екендігінде емес, көз түбіндегі өзгерістердің сатысына байланысты. Егер көздің торлы қабығы зақымданбаған болса, алыстан көру мүмкіндігі өте төмен болған күнде де өздігіңізден босана бересіз.

Шынар есімді келіншек басынан өткен оқиғасын былай әңгімелейді: «Көзім оқушы кезден нашар көретін. Окулист маған 8-ші диоптрия деген диагноз қойды. Жүктілік кезінде дәрігер миопияның бар екенін білген соң, бірлігін сұрады. Сегіз деген санды естіген бетте тексеруге жібермей-ақ «Кесар тілігі жасалсын» деп жазды. Бірақ мен туған қалама босануға кеттім. Босанар алдында үш маман бірігіп, жан-жақты тексерді, аяғында өзі босана алады деген шешім қабылдады. Дәрігерлердің бірі: «Көз торына қарап сізде -8 миопия бар деп айта алмас едім, көз торы өте жақсы деңгейде» деді.

9 ай бойы бақылауда болу

Көзіңіз нашар көретін болса, жүктілік кезінде үш мәрте окулистің қабылдауында болуыңыз қажет: әйелдер кеңесіне есепке қойған кезде, 10-14-ші аптада және 32-34-ші аптада. Маманға алғаш көрінген кезде дәрігер алаңдайтын ештеңе жоқ десе, осы үш мәрте қаралу жетеді. Кейбір дәрігерлер төрт рет барған дұрыс дейді. Ондағы мақсат – көздің көру қасиетін анықтап, 34-ші аптада әйелдің қандай жолмен босанатынын нақтылау.

бер2Офтальмолог маман сізді қалай қарайды? Дәрігер көздің түбін толық тексеріп, көз торында өзгерген бөліктер бар-жоғын анықтайды: қан құйылған, тозған, үзілейін деп тұрған жерлері болуы мүмкін. Бұндай кезде көз түбіндегі өзгерістер әртүрлі екені байқалады. Ақауы бар бөліктер анықталған күнде оларды емдеу қажет болмауы мүмкін. Кейде окулист көздің торлы қабығын «жақсы» деп бағалайды, бірақ босану сәтінде сыр беретін бөліктер бар екенін айтады. Ондай кезде дәрігерлер көз торына лазермен операция жасайды. Операция кезінде көру мүшесінің әлсіз бөліктері көздің тамырлы қабығына қарай жабысады, солайша қабатталып жыртылу қаупі азаяды. Бұл өте тез жасалатын, ауырсыну сезімін тудырмайтын ота, оны көзге тамшылап анестезия тамызу арқылы жасайды.

Көзіңізді тексерген лазер хирургы операцияны екі көзге бірден жасау керек пе, әлде арасына бір апта салып, кезекпен жасау керек пе деген сауалға жауап береді.

Лазерлік коагуляция жасауға ең тиімді уақыт – 20-30 апталық мерзім. Операцияны одан кешіктіруге болмайды, себебі стероидты дәрілер тамызу қажет. Жүктіліктің соңғы айларында әйелдің көз түбі босануға дайындалып үлгермей қалады деген қауіп бар.

34 апталық мерзімде тағы да маманға көріну қажет. Дәрігер көз түбінің жағдайын сипаттап, табиғи жолмен босану мүмкіндігін нақтылайды. Лазерлік коагуляция әдісі пайда болғаннан бері кесар тілігіне жолдама алған әйелдер азайды, бірақ коагуляция үнемі көмектесе бермейді. Кейде операция жасаудан басқа амал қалмайды.

Назар аударыңыз: дәрігердің тұжырымдамасы мекеменің ресми бланкісіне жазылуы тиіс, оған дәрігердің мөрі басылып, қолы қойылуы керек. Түпнұсқасы әйелдер кеңесінде қалады, ал көшірмесі міндетті түрде айырбас картасына тіркеледі.

Дәрумендер мен жаттығулар

Жүктілік кезінде әйел көру мүшесіне қалай көмектесе алады? Болашақ аналардың көбі дәрумендер кешенін қабылдайды, ондай жағдайда көзге арналған дәрумендерді ішу қажет емес.

  • Көзге арналған арнайы жаттығулар бар екенін білеміз. Ертеден келе жатқан, мектепте жүргенде-ақ жадымызға сіңген жаттығулар кешенін ұмытпаңыз: көзіңізді оңға-солға, жоғары-төмен қозғалтып, шыр айналтып, геометриялық пішіндерді сызып, бірден онға дейінгі сандарды жазып, мұрынның ұшына, содан соң алысқа қараңыз. Алыста орналасқан әлдебір затқа назар аударып, одан соң керісінше, қасыңызда тұрған затқа тесіліп қараңыз. Осындай жаттығуларды үзбей жасап тұрсаңыз, көз жанарыңызға көмектесіп, ауырсынуды басасыз. Ал өте тәртіпті, жаттығуды тұрақты жасаған жандар тіпті көздің көру мүмкіндігі жақсарғанын айтады.
  • Компьютермен жұмыс істеген кезде әр сағат сайын 10 минутқа үзіліс жасау керек. Алақаныңызды бір-біріне ысқылап, жылытып алыңыз да, онымен көздеріңізді жауып, бір-екі минут қараңғылықта отырыңыз. Алақаныңызға су алып, жылы және салқын сумен көзіңізді 3-4 мәрте, кезек-кезек шылаңыз. Бұндай рәсім көздің қан айналымын жақсартып қана қоймай, оның маңындағы теріні де нығайтады.
  • Көзді арнайы шөптердің тұнбасымен басыңыз. 50 мл қайнаған суға 1 шай қасық қара шайды тұндырып, сәл салқындаған кезде мақтаны матырып, сығымдап алып, көзіңізге басыңыз. Түймедақ гүлін немесе көктікенді де дәл осылай қайнатып басуға болады.

Өзіміз босанамыз!

Дәрігер өздігіңізден босануға рұқсат етті делік. Кейбір акушерлер қауіп тобындағы әйелдердің босануға 5-7 күн қалғанда сақтау палатасына жатқаны дұрыс дейді. Босануға алдын ала дайындалып, күшенген кезде бас жаққа салмақ түсірмей (ондай кезде көздің қан тамырларына салмақ түсіп, олар жарылып, қызарып кетеді), төменгі жақпен, құрсақ бұлшық еттерімен күшенуді үйрену керек. Жүктіліктің орташа, үлкен мерзімі кезінде құрсақ бұлшық еттері тығыз болмайды, бірақ оларды жаттықтыра берген жөн. Көбіне босану кезінде толғақ мерзімін қысқарту үшін босану жолдарын тіліп жібереді – оны эпизиотомия деп атайды. Миопиясы бар әйелдерді босандырғанда толғақты жеңілдету үшін тік тұрып босануға да рұқсат етеді.

Айманның пікірі: «Мен босанатын перзентханада тік тұрып босандыру әдісі енгізілген екен. Мен сәтті босандым, балам да аман-есен туды, көз жанарым еш зардап шекпеді».

Дәрігер көз түбінің жағдайын арнайы аспап – офтальмоскоппен тексереді.

Бұл ауыртпай жасалатын шара, сондықтан қорқудың керегі жоқ.

Көзге арналған жаттығуды тұрақты жасаңыз және жанарыңыз бен тұтас ағзаңыз дәл қазір таза ауаға мұқтаж екенін есте сақтаңыз. Таза ауада көбірек серуендеңіз!

Total Views: 734 ,

Оставить комментарий