Главная » Календарь развития » Опасно! » Қауіпті шаққыштар

Қауіпті шаққыштар

2

Қауіпті шаққыштар

Қаладағы саябақта немесе қала сыртындағы орманда, саяжай бақшасында және өзен жағалауында сіздерді таза ауа, хош иіс, құстардың әсем дауысымен қатар аяусыз жәндіктердің де қарсы алатыны сөзсіз 

Кішкентай балақайларды тек олардың әке-шешесі, ата-әжесі ғана жақсы көрмейді. Сондай-ақ түрлі шаққыштар, солардың ішінде ұсақ жәндіктер де оларға құмар-ақ. Тек, жәндіктер өз махаббатын мүлде басқаша білдіреді: бар қару-жарақтарын сайлап (тұмсығын, қанатын, құйрығын), еркетайдың қойны-қонышына кіргенше асығады. Әрине, мұндай жағдайларды мүлде болдырмаған жақсы еді. Алайда, өмірде барлық жәндіктерден қашып жүру мүмкін емес. Сондықтан, олардың біреуі кішкентайыңызды шағып үлгенген болса, оған жылдам арада көмектесудің жолын біліңіз.

Масалармен күрес

Егер балақан ересектермен бірге бір бөлмеде жатса, барлық масаның тек соның қасынан табылатыны ақиқат. Бұлай болу себебі, баланың зат алмасуы үлкендермен салыстырғанда қарқынды жүреді әрі жасушалар өте көп мөлшерде қуат бөледі, ал масалар мұны сезбей қалмайды. Сонымен қатар баланың терісі жұмсақ болғандықтан, оған қадалу да жеңілірек. Міне, осындай себептерге байланысты түрлі қансорғыштар бірінші кезекте балдырғанға қарай жүгіреді. Кейде масаның тұмсығы теріге терең енетіні соншалық, таңертең оның орнын аңғарған ана мұны    аллергиямен немесе түрлі тері ауруларымен шатастырып алады. Ал масалар жайлы ананың мүлде ойламауы да мүмкін, өйткені оны түнде ештеңе мазалаған жоқ қой…

Айтпақшы, жәндіктер шаққан жердің аллергияға ұқсауының тағы бір себебі, олар шаққанда теріде міндетті түрде аллергиялық әсер болады. Мысалы, маса шаққаннан кейін терінің астарында қалған сілекейге ағза қышу арқылы, қызару арқылы жауап береді. Осы кезде бала денесін қасып, індетті өзге сау аймақтарға таратып жібереді. Нәтижесінде, қызарған бөртпенің көлемі ұлғайып, тіпті, дәрігердің өзі оның неден пайда болғанын ұқпай қалады. Мұндай кезде ас содасының ерітіндісі жақсы көмектеседі.

алғашқы көмек

  • Бір шай қасық ас содасын жарты стақан жылы суға езіп, алынған ерітіндімен шағылған орындарды сүртіңіз. Егер қолыңызда ас содасы болмай қалса, суық суға шыланған сүлгіні зардап шеккен аймаққа басыңыз. Ал саяжайда болғанда қолда бар амал ретінде жасыл пияз жапырағының ішкі жағын, жолжелкен жапырағының астыңғы жағын немесе косметикалық балшықты қолдануға болады.
  • Балаңыз қандай да бір жәндік шаққан орынды қасып, соның салдарынан ол асқынып кетті ме? Фурацилин дәрісінің бір түйірін жарты стақан қайнаған суға езіп, суытыңыз да, ерітіндіге дәкені шылап, қабынған аймаққа басыңыз.

Егер бір тәулік ішінде ешқандай өзгеріс байқалмаса, баланы дәрігерге қаратыңыз. Ол аллергияға қарсы дәрілерді тағайындап береді.

Құжынаған аралар

Ара, сона, бүгелік – оларлың дауысын естігенде бала тұрмақ ересектердің де төбе шашы тік тұрады. Солай болатын жөні де бар. Өзге жәндіктермен салыстырғанда ара шаққан орын өте қатты ауырады және біраз уақытқа дейін жазылмайды. Шатырдың асты, төбедегі қуыстар сияқты соналардың сүйікті орындарын мұқият қарап шығыңыздар. Сондай-ақ олар алмалардың ішіне кіріп, қожақат және таңқурай сияқты жидектерді жегенді жақсы көреді. Егер осындай жабайы ара тығылған жемісті бала ауызына апаратын болса, не болатынын ойлаудың өзі қорқынышты.

Түскі астан кейін барлық тәттіні дастарханнан жинап тастаңыз. Әйтпегенде, шақырылмаған қонақтардан құтыла алмай қаласыз. Кейде аналар мұндай меймандарға арнап «арнайы дастархан» жайып қояды, ол үшін баланың ойнайтын алаңынан алысырақ жерге тосап толы кесе қойылады. Тәттіге үйілген жәндіктер біраз уақытқа болсын кішкентай адамды мазалауды доғарады.

Ара немесе сона келіп мазаласа, не істеу керек немесе не істеуге болмайды? Ең әуелі, сабыр сақтаңыздар! Әдетте, олар алдымен тәттінің бар-жоған байқау үшін келеді және ешқашан бірінші болып шабуыл жасамайды. Себебі, ара үшін бізгегінен айырылу өліммен тең. Сондықтан, олар тек өздерін қорғау мақсатында, яғни біздің тарапымыздан қатерді байқағанда шағуы мүмкін.

Балаға мұндай жағдайларда өзін қалай ұстау керектігін түсіндіріңіз. Алдымен, қастарыңызға ара немесе сона ұшып келгенде қолды сермеп, оларды қуып жіберуге тырысудың қажеті жоқ. Дұрысы, біраз уақыт қимылсыз тұрып, олардың өздігінен ұшып кетуін күтіңіздер.

Қауіпсіздік шараларын барынша ұстанғандарыңызға қарамастан, балақайды ара шағып алды ма? Алдымен оны тыныштандырыңыз. Егер ара баланы бірінші рет шақса, тістелген орынның ауырғаны жылдам басылады. Ал екінші рет шағудың салдары қиын болуы мүмкін. Себебі, ағзаның бұл жәндіктердің уына деген сезімталдығы арта түседі.

алғашқы көмек

  • Удың жайылуына жол бермеңіздер, ол үшін ақырындап іскектің көмегімен араның бізгегін алып тастаңыздар. Мұндайда бізгекті толықтай алу аса маңызды.
  • Шағылған орынды сутек тотығына матырылған мақтамен сүртіп, ішіне мұз салынған орамалды басыңыз. Кейін қарақат жапырағы, қырыққабат, ақжелкен немесе сүзбеден компресс жасаңыз.
  • Міндетті түрде балаға аллергияға қарсы дәрі беріңіз.

1Кенелер шабуылы

Кенелерді тек орманда немесе таулы жерлерде болады деу қате түсінік. Кейінгі кезде олар қала ішінде, әсіресе, саяжайдағы шөптер арасында көптеп көрініп жүр. Егер кене вирус жұқтырған болса (бір жақсысы, мұндай жағдай өте сирек кездеседі), онда бала кене энцефалитіне шалдығады. Өкінішке орай, Қазақстанда жыл сайын жүзге жуық бала энцефалитпен ауырады. Олардың көбі сырқатты жеңіл өткереді. Әйтсе де, вирус жұқтырған кенелерден зардап шеккен балақайлардың 40%-ында менингит пайда болады.

Кішкентайыңызбен бірге орманға немесе тауға аттанар алдында баланың киімі оның денесін толық жауып тұрғанына көз жеткізіңіз. Әсіресе, аяқ киімнің қонышы биік, ішіндегі шұлық тобықты жауып тұратындай болғаны дұрыс. Кейде жәндік баланың денесіне гүлдерден түседі немесе үй жануарларының жүнінен жабысады. Сондықтан, серуеннен оралған соң балақайдың денесін мұқият қарап шығыңыз.

алғашқы көмек

Егер кене шағып алған болса, жараның орнына өсімдік майын жағып, жәндік қашан шығады деп күтіп отыру жарамайды.   

  • Оны неғұрлым денеге жақын ұстаңыз да бірден жоғары қарай тартып қалыңыз. Көп адамдар теріге жабысқан кенені шығару үшін қарапайым медициналық шприцті пайдаланады. Ол үшін шприцтің басқы бөлігін кесіп, оны тура кененің үстіне келтіріп денеге тигізеді. Енді піспегін жоғары көтересіз, сонда цилиндр ішіндегі қатты қысым жәндікті теріден сорып алады.
  • Жәндікті суырып алған соң шағылған орында бізтұмсықтың қалған-қалмағанын тексеріңіз, кейін жараны спирт немесе йодпен сүртесіз.
  • Кенені жабық ыдысқа салып, педиатрға қаралуға барыңыздар.

Дәрігер баланы қарап, ал жәндікті аудандық санэпиднадзор бөліміне жіберуі тиіс. Ол жақта кененің зарарлы немесе зарарсыз екенін анықтайды. 

Алдын алу шаралары

Қай уақытта болмасын жәндіктермен күресудің жолын білген дұрыс!

Мысалы, масалардан құтылу үшін арнайы жақпа майларды пайдалануға болады (тек олардың балаңыздың жасына сай келетініне көз жеткізіңіз). Кешке қарай баланың бөлмесіне фумигаторды қосып қойыңыз. Егер фумигатордың ішіндегі тілімдер таусылып қалса, аздаған камфараны ерітуге немесе табадағы суға 2-3 ас қасық сірке суын қайнатуға болады. Олардың иісі масаларды қуатын болады. Сондай-ақ бөлменің терезесіне тор орнатып, балақайдың төсегіне шымылдық құрып қойған да артықтық етпес.

Қазақстанда жыл сайын жүзге жуық бала энцефалитпен ауырады

Оставить комментарий