Акушер-гинеколог

гинеколог-200-на-300

Оқырмандардың сұрағына жауап беретін Бибігүл Әбдіхалықова, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты акушер-гинеколог, ультрадыбысты зерттеу маманы.

Қайта пайда бола ма?

Эрозияны күйдіргеннен кейін оның қайтадан пайда болу қаупі бар ма?
Маржан, Алматы облысы

Эрозияның қайтадан пайда болу-болмауы әйелдердің өзіне де байланысты. Себебі, уақытында дәрігерге қаралмай, түрлі қабынуларды асқындырып алған жағдайда оның қайтадан пайда болуы ғажап емес. Сондай-ақ жатыр мойыншасының эрозиясын күйдіргеннен кейін, инфекция уақытылы емделмесе, қайтадан пайда болу қаупі бар.

Ненің әсері?

Жүктілігімнің 21-ші апталығында УДТ жасатқанымда, нәрестенің екі бүйрегінде қабыну бар деген еді. Ал 32-ші апталығымда доплерлік тексерту жасатып едім, бүйректері қалпында, еш ақау жоқ, кейде сондай болады деді. Мұндай өзгерістер ненің әсерінен болатынын білгім келеді.

Балжан Сағатова, Талдықорған қаласы

УДТ жасағанда қабыну бар деп толық айту мүмкін емес. Сізге бүйрек лоханкаларының кеңеюі деген шығар. Бұл белгі үлкен адамдарда қабынудың салдарынан, болмаса зәр шығаруға бір нәрсе кедергі болғанда кездеседі. Ал іштегі нәрестеде мұндай кеңею хромосомдық ауытқудың (Дауна, Эдвардс, т.б. синдромдардың) белгісі болуы мүмкін. Бұл жағдайда ол уақыт өткен соң өзінен-өзі жоғалып кетеді. Сондай ақ бұл бүйрек ақауының да белгісі болуы мүмкін. Мұндайда, келесі УДТ-де ол одан сайын үлкейіп, анық көрінеді. Мұның себептері анық емес, шамасы жүктілік кезіндегі қолайсыз факторлардың әсер етуінен болар (күйзеліс, вирустық инфекция, кейбір дәрілер, экологиялық жағдайлар, т.б.).

Қалай болар екен?

Жүктілігімнің 24-ші апталығы. Арнайы зерттеу жасатқанымда менің оң жақ аяғыма тромб (қанның ұйып қалуы) байланғаны белгілі болды. Мамандар оны уақытша тоқтата тұруға, яғни байлап тастауға кеңес береді. Алайда, бойымда қорқыныш бар. Не істесем екен?

Меруерт Имантайқызы, Курчатов қаласы

Жедел тромбофлебитте сондай ем қолданылады. Өйткені, ол тромб үзіліп қан тамырымен жүріп отырып жүректің немесе өкпенің қан тамырларына барып тіреліп қалса, өміріңізге қауіп келуі мүмкін. Сондықтан, арнайы маман дәрігерінің айтқанын істеу қажет.

Етеккір жайлы

Контрацепциялық дәрі ішіп қорғанып жүргеніме 2 жыл болды. Бұрын дәріні тоқтата салысымен 1-2 күннен кейін етеккір келетін. Ал қазір 4-5 күннен кейін келіп, дәріні ішуді қайта бастағандықтан, 2-3 күн ішінде қайта тоқтайды. Мұның зияны жоқ па?

Мадина Хамит, Талғар қаласы

Контрацепциялық дәрілерді ұзақ қолданып жүрсеңіз бір жыл сайын бір немесе екі ай ол дәріден демалып тұру керек. Бұл уақытта жүктіліктен қорғанатын басқа әдісті қолдана тұрыңыз. Өйткені, контрацепцияны ішіп жүргеніңізде сіздің аналық бездеріңіз жұмыс жасамайды. Сондықтан, аналық бездер өзінің қызметін ұмытып қалмай, етеккір келтіруге қабілеттілігін тексеру үшін осындай үзіліс жасау қажет. Сондай-ақ коагулограмма немесе гемостазиограммаға қан тапсыру керек. Өйткені, бұл таблеткалар қанның ұйығыштық қасиетін жоғарылатады, яғни тромбтың пайда болуына ықпал жасайды.

Не дұрыс емес?

Жолдасым жыныстық қатынас кезінде түрлі қалыптарды қолданғанды қалайды. Алайда, кей кездерде мен мазасызданып, ауыр сезімдерді байқаймын. Бұл қалыпты жағдай ма, әлде..?

Гүлім, Алматы қаласы

Жыныстық қатынас кезінде қолданылатын қалыптардың түрі көп. Бірақ олардың бәрін қолдану міндет емес. Әр адамның дене құрылысы әртүрлі. Сондықтан, ол қалыптардың бәрі бірдей керемет болмайды, біреулерге ыңғайлы болса, біреулерге ыңғайсыз болады. Сондықтан, жолдасыңыз екеуіңіз сөйлесіп, екеуіңізге де ыңғайлы, жақсы сезім алатын қалыпты қолданған жөн.

Ішуге бола ма?

Тұрмыс құрғаныма төрт жыл болды. Бала көтере алмай жүрмін. Мамандарға тексерілгенімізде менде де, жолдасымда да бәрі дұрыс екенін айтты. Кейінгі кездері құрбыларым Тибеттік ББҚ-дың (БАД) ішінде осындайда көмектесетін түрлері бар екенін айтып жүр. Тіпті, араларында өздері нәтижесін көргендер де бар. Сондай препараттарға жүгінуге бола ма?

Әсел Қапасқызы, Семей қаласы

Бала көтере алмаудың түрлі себептері бар. Еркек жақтан шәуеттің құрамының нашар болуы, яғни ұрықтандыру қабілетінің төмендігі. Әйел жақтан гормондық ауытқулардың себебінен жатырдың ішкі қабатының бала көтеруге дайын болмауы немесе аналық безде ұрықтану керек жұмыртқа жасушасының пісіп жетілмеуі, жұқпалы қабынудың кесірінен жатыр түтіктерінің бітеліп қалуы (бұл ұрықтануға кедергі жасайды), иммунологиялық сәйкессіздік. Осы себептердің бәрін тексерген соң (гормондарға тексерілсеңіз, ультрадыбыстық зерттеуден сәйкес күндері өтсеңіз, инфекцияға ПЦР, бактериялдық егу тапсырсаңыз, түтіктеріңізді гистеросальпингографиямен тексертсеңіз, иммунологиялық сәйкестікке тексерілсеңіз, жолдасыңыздың шәуетін тексерсеңіз), дәрігер бәрі дұрыс десе, онда тағы үш ай өздеріңіз бала көтеріп көрулеріңізге мүмкіндік бар. Болмаса, жасанды инсеминация (бұл ЭКО емес) жасау керек. Әрине, Тибет медицинасы ежелден келе жатқан мықты медицина. Бірақ соның атын жамылып тиімсіз дәрілер шығарылып жатқан жағдайлар көп. Сондықтан, өзіңіз айтқан дәрілерді ішсеңіз, көмектеседі деп айта алмаймын.

Алдын алуға бола ма?

Жатырдан тыс жүктілікке не себеп болады? Оның алдын алуға бола ма?

Алтынай Сабырқызы, Семей қаласы

Жатырдан тыс жүктіліктің себептері көп. Жатыр түтікшесінде, кіші жамбас қуысында спайкалар пайда болғызатын инфекциялар, қабынулар, көп аборт жасату, сондай-ақ гормондық ауытқулар осыған әкеліп соқтырады. Сондықтан, ең алдымен қабынуларды, инфекцияларды уақытылы емдеу қажет. Аборттар жасатпай  жоспарланбаған жүктіліктен дұрыс сақтана білу керек. Егер етеккір бұзылулары болса, гормондарға тексеріліп дұрыс емделу қажет. Сонда жатырдан тыс жүктіліктің даму қауіпі азаяды.

Мезгілсіз күйзеліс

Етеккір келердің алдында себепсіз көңіл-күйім бұзылады. Кейде түнімен қорқынышты түстер көремін. Сондай сәтте ішуге болатын қауіпсіз дәрі-дәрмектер бар ма?

Әлия Көшкінбай, Алматы облысы

Сіздің айтып отырғаныңыз етеккір алды синдромына ұқсайды. Оны болдырмау үшін жатар алдында көп тамақ жемеңіз, тамақтан кейін екі сағаттан кейін ғана ұйықтауға жатыңыз. Кешке кофе ішпеңіз. Жатар алдында жеңіл душ болмаса ванна қабылдаңыз. Дәрілерден экстракт валерианы ішуге болады.

Шәуетке аллергия

Жолдасыммен жақындасқаннан кейін астым немесе аяғымның кез келген шәует тиген бөлігі қызарып, қышып біраз уақыт мазамды алады. Жұбайыма бұл жайлы айтқан жоқпын. Не істесем болады?

Гүлмира, Алматы қаласы

Мұндай жағдай өте сирек кездеседі. Шамасы аллергия болуы керек. Жыныстық қатынасқа түсер алдында антигистаминді дәрілердің біреуін ішуге болады. Бірақ әрдайым дәрі ішпейсіз ғой. Сондықтан, міндетті түрде аллерголог және невропатолог дәрігеріне барып кеңес алғаныңыз дұрыс болады.

Оставить комментарий