Мәселе — мүсінде!

Дело-в-телоСәл толдыңыз ба? Түк етпейді, есесіне гардеробты жаңалайтын кез келді! Жаңа бейнеңіз тағы қандай жақсы өзгерістер ұсынады? Айта берсек, толып жатыр. Ең бастысы – жақында ана боласыз. Әлемдегі барлық кереметтен асып түсетін ғажайып тіршілік иесі сіздің үйіңізді шаттыққа толтырады.

Жүктілік кезінде шектен тыс толып кеттім деп уайымдайсыз ба? Мүмкін сізге солай көрінген шығар? Сәбиді туып, емізіп, өсіру үшін дәл қазір және босанғаннан кейін ағзаңызға көп күш қажет болады. Ал бөбек жүре бастағанда оның соңынан бірге жүгіресіз, пәтердің қуыс-қуысынан іздеп, орындық пен үстелдің астынан алып шығасыз, содан соң аулаға шығып ойнау басталады. Сол кезде артық салмақтан ештеңе қалмайды. Бұл пікір сізге нанымды көрінбей ме? Сымбатты көркіме қылау түседі деген қауіп сізді күйзелтіп жүр ме? Жағдайды талқылап көрейік.

Мінсіз мүсін туралы арман

Әйелдер сыртқы келбетіне көп көңіл бөліп, жиі алаңдайды. Біреулер толқынды бұйра шашым болса дейді, ондай шаштың иелері толқынды түзетіп әуре болады. Енді біреуге бойының аласа болғаны уайым, мұрнының пішіні мен кеудесінің өлшеміне риза еместер қаншама… Бұл тізімді жалғастырсақ, бет жетпейді. Бірақ соның ішінде артық салмақ мәселесі бірінші орын алатын шығар.

Сымбатты мүсінін жоғалтып, етжеңді әйелге айналудан қорқатындардың көбіне бала кезде немесе жасөспірім шағында осындай мәселемен бетпе-бет келген. Сол кезде санасына сіңіп қалған үрейден есейген кезде де арыла алмайды. Оған қоса сәнді журналдар, интернет пен теледидар да өзінің «сұлулық қағидасын» тықпалап қоймайды.

Әлбетте олар бізді өз мақсаттарына пайдалануды көздейді, олар жарнамалаған тауарды алып, ақшасынан айрылатынын көптеген әйелдер түсіне бермейді. Табиғи көркіне көңілі толмай жүрген жандарға күмәнді дәрі-дәрмектер мен азықтық қоспаларды, аспаптар мен косметикалық құралдарды, «тек өзіне арналған» диеталарды жарнамалау қиын емес.

Сонымен, сымбатыңыз көңілден шықпай жатса не істеген жөн? Адам күлерлік жайт – көптеген әйелдер артық салмағын диванда жатып алып уайымдайды, одан қалса өздерін жұбату үшін арасында тәтті бәлішпен шай ішеді.

Тығырықтан шығудың екі жолы бар: көзқарасыңызды өзгертіп, тәніңізді қазіргі қалпында қабылдаңыз немесе оны жетілдіруге тырысыңыз. Екеуі де оңай емес. Бірінші жолды таңдасаңыз, өзіңізді басқаша бағалап, ішкі түйсігіңізді, сезіміңізді өзгертуге тиіссіз, ал екіншісінде – «тәтті-дәмділермен» біржола қоштасып, тұрақты түрде жаттығу жасау қажет. Қысқаша айтқанда, өмір сүру салтына айтарлықтай өзгеріс енгізу керек болады.

Бәрі де өзгереді…

Жүктілік кезінде болашақ ананың мүсіні ғана өзгеріп қоймайды, әйел ағзасы жаңа өмірді сақтап, дамыту үшін бар күшін салады.

6-7-ші аптадан бастап әйелдің жүрегі айниды, иістерге деген сезімталдығы артып, басы айналады. Әйелге киімдері тарылғандай көрінеді, әсіресе омырауы ұлғайып, көкірекшесі қыса түседі. Сегізінші аптада кеудесі өседі, 12-аптадан бастап кеудесіне қол тисе ауыратын болады.

11-аптадан бастап әйелдің жарына деген ынтазарлығы кемиді, қан тамырлары нәзік болғандықтан, мұрнынан қан кетеді.

15-аптада әйел тез шаршайды, заттарды қойған жерін ұмытады, зейіні кемиді.

16-аптадан бастап жүкті ананың жатыры ұлғаяды, бүйір тұсы шаншып ауырады, жамбас сүйегі жайсыздық тудырады.

17-аптадан бастап әйелдің құрсағы дөңгеленіп шыға бастайды, гардеробты жаңарту қажеттілігі туындайды. Жүрек соғысы жиілеп, арқасы ауырады.

17-18 апталарда – көптеген аналар сәбидің қозғалысын сезінеді. Бірақ бірінші баласын көтерген әйелдер оны 19-20 аптада сезуі де мүмкін.

20-аптаға қарай болашақ ананың тершеңдігі артып, мұрны бітеле береді.

22-аптаға қарай бүйрегі екі адам үшін жұмыс істейді, соның салдарынан аяқ-қолдары ісуі мүмкін.

27-аптаға қарай балтырдың бұлшық еттері тартылып, құрысып қалуы мүмкін.

ЖҮКТІЛІКТІҢ 3-САТЫСЫНДА сәби күн санап өсіп, дамиды. Болашақ ана соңғы үш айда қатты қиналады: бала бүйректің үстімен «жүреді», ұйқы безіне «гол соғып», қабырғаларды тоқылдатады. Әйел «үйрек тәрізді» теңселіп жүреді. Тепе-теңдікті сақтау үшін, құлап қалмау үшін солай жүруге тура келеді.

Жағымды өзгерістер

Дене мүсіні айтарлықтай өзгерген аналарға бірнеше кеңес:

  1. ҮЛГІ БОЛУҒА ТҰРАРЛЫҚ ӘЙЕЛДЕРГЕ ҚАРАҢЫЗДАР. Неге екені белгісіз, нәзік жандылар «қорқынышты хикаяларды» жақсы көреді. Жүктілік кезінде қатты толып, босанған соң қалпына келе алмай жүрген әйелді көрсе, «мен де солай боламын» деп уайымдайды. Екі-үш баланы өмірге әкелсе де, бұрынғы ажарын, мүсінін сақтап қалған аналар жетерлік. Солардан үлгі алыңыз!
  2. ДӘРІГЕРДЕН СҰРАҢЫЗ. Сан-алуан әйелдермен жұмыс істеп, олардың жүктілікке дейінгі және одан кейінгі жағдайын бақылаған акушер-гинекологтар сіздің дене бітіміңіздегі өзгерістер туралы нақты айтып бере алады.
  3. ТАМАҚТАНУ РЕЖИМІН САҚТАҢЫЗ. Болашақ аналардың тамақтануына қатысты барлық ұсыныстар денсаулықты сақтау мен нығайтуға арналған. Жүкті әйел асты жиі-жиі, бірақ аз-аздан ішуге тиіс. Ұсынылған мәзір мөлшері жеткілікті, екі адам үшін тамақ ішудің қажеті жоқ. Сол кезде ісіну де болмайды. Жүктілік – дұрыс тамақтану жолдарын үйреніп, әдетке айналдыруға қолайлы мерзім.
  4. КӨБІРЕК ҚОЗҒАЛЫП, ТАЗА АУАДА СЕРУЕНДЕҢІЗ. Бұрын спорттың ешбір түрімен айналыспасаңыз да, жүктілік кезінде бастап көріңіз. Арнайы жаттығулар кешені бұлшық еттерді нығайтып, босануға әзірлейді. Хауызда жүзу денені сергітіп, жүйкеңізді тыныштандырады. Жүкті әйелдерге арналған йога жаттығуларын жасаңыз, олар өте жеңіл, бірақ нәтижесі мол. Қарын биін билеу әдемі ғана емес, қарын бұлшық етін нығайтуға да пайдалы. Жаяу жүрудің маңызын айтпасақ та білесіз.
  5. ТЕРІГЕ АРНАЛҒАН АРНАЙЫ ҚҰРАЛДАРДЫ ҚОЛДАНЫҢЫЗ. Босануға дейін және одан кейін әйелді мазалайтын тағы бір мәселе – терінің созылуы. Теріңізді жүктілікке дайындау үшін арнайы кремдер жағу керек.
  6. СӘНДЕНУДІ ДЕ ҰМЫТПАҢЫЗ! Міндетті түрде жүкті әйелдерге арналған дүкендерге барып, сәнді және әдемі шалбарлар, көйлектер, жейделер сатып алыңыз. Үйге киетін киімдерді де естен шығармаңыз.

Мүсінді сақтаудың жолдары өте қарапайым: дұрыс тамақтану, көбірек қозғалу және барлық физиологиялық өзгерістерді оң қабылдау керек.

Есіңізде болсын, ең бастысы – адамның өзін жақсы көруі. Табиғи өзгерістерге түсіністікпен қарап, өзіңізді шектен тыс қинап, жүйкеңізді тоздырмаңыз.

Total Views: 596 ,

Оставить комментарий