Главная » Мероприятия » Қуыршақ театрына барамыз

Қуыршақ театрына барамыз

IMG_5648Көз алдыңда сөйлеп тұрған аю, бір-бірімен шайқасып жүрген сарбаз батырлар, кербезденіп отырған сұлу ханшайым – иә, шынымен де мұның бәрі бала қиялындағы ертегіні шынайылыққа айналдырғандай…

Тынымсыз балақайлар әрқашан жаңа бір дүние көрсем, оны білсем деген ұранмен өмір сүреді. Ендеше олардың соншалықты талпыныстарын дұрыс пайдалана білейік. Бәріміз асыға күтіп отырған, кішкентай бүлдіршіндерді қызықты әрі танымды серуенге алып шығатын кез де келді. Кішкентайыңызды қайда апаратыныңызды білмейсіз бе? Біздің сізге берер нұсқауымыз бар. Ол – Қуыршақ театры.

Танысу

Бүгінде көркем қаламыз Алматының қақ ортасында Қуыршақ театрының бар екенін бірі білсе, бірі білмейді. Тіпті, білген күннің өзінде оның табалдырығынан баласымен бірге аттап кіргендер кемде-кем екені өтірік емес. Демек, алдымен бізге театр жайлы бірер ақпаратпен қамтылып алу керек. Жалпы, өнерді сүйетін балалар мен ата-аналарға, тіпті, ересектердің өзіне берері бар бұл киелі орда 1935 жылдан бері жұмыс істеп келуде. Сол уақыттан бері театр сахнасында қаншама қойылымдар көрермен назарына ұсынылды. Дәл осы театр қабырғасынан  көптеген өнер майталмандары, өз істерінің шеберлері түлеп ұшты. Олардың арасында: режиссерлер, суретшілер, өнертанушылар мен кәсіби актерлер, қуыршақ-шеберлері бар. Театр сахнасында қойылған Пушкин және өзге де классика саңлақтарының туындылары бала тұрмақ, ересек жандардың  көңілінен шығып жатты. Алматыдағы Қуыршақ театры қазақ және орыс тілдерінде жұмыс жасайды. Мұның өзі оның қала тұрғындары мен қонақтарының өнерден сусындауға қолжетімділігін арттырады. Театр сахнасындағы «Алдар-көсе», «Өтеген батыр» сынды алғашқы қойылымдардың режиссерлері ретінде Қазақ драма театрының актерлері К. Батыров пен С. Телғараев жұмыс жасады. Ал бүгінде өзге де талантты актерлер мен режиссерлер өз өнерін бағалай білген көрермендерді одан әрі қуантуда. Театр қоржынындағы қойылымдар репертуары кеңейіп, үнемі жаңарып отырады.

IMG_5590

Бүгінгі берері

Қарап тұрсақ, осы жылы бұл киелі өнер ордасының 80 жылдық мерейтойы екен. Оның сахнасында өсіп келе жатқан ұрпақпен сабақтастықты жалғастыру мақсатында көптеген халықтық ертегілермен қатар, шығыс және батыс елдерінің туындылары қойылуда. Қайта жөндеу жұмыстарынан кейін ашылған театрдың қазір екі сахнасы бар. Бірі үлкен, бірі кіші сахна. Дәл осы екі сахнаның бірінде отырып сіздің балақайыңыз біраз ертегі кейіпкерімен таныса алады. Әрі олардың бет-бейнесін, істеген әрекеттері мен қимылдарын көріп, өз қиялындағы дүниелер шынайылыққа ұласады. Бұл жағынан театрдың балаға берер пайдасы мол. Ол сәбиіңізді ертегі кейіпкерлерімен таныстырып қана қоймай, оның ой-өрісі мен түрлі сезімдерінің дамуына жол ашады. Театрда отырып балақай ақ пен қараны, жақсы мен жаманды ажыратып үйренеді. Түрлі жануарлармен танысып, танымын кеңейтеді. Баланы «таяқпен» емес, өнермен тәрбиелейді. Балалардың өзі адамдарға қарағанда қуыршақтарға, жануарларға көбірек сенеді емес пе? Солардың көмегімен актерлер адам бойындағы артықшылықтар мен кемшіліктерді көрсетуге тырысады.  Мысалы, түлкі арқылы қу адамдардың, қоян арқылы қорқақ адамдардың, қасқыр арқылы қатыгез адамдардың болатынын аңғартады. Мұның бәрі адамдардың бойында бар қасиеттер. Кішкентай сәбилер оларды көріп жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренуге тырысады. Жалпы театр – мәдениет ордасы. Ал бүлдіршіндеріміздің мәдениетті де тәрбиелі болып өсуі біздің негізгі мақсатымыз екені анық. Оған қоса өнер баланың жан-жақты ашылуына көмектеседі. Осыған байланысты театр актрисасы Гүлзия Есенжанова былай дейді: «Біздің театрымызда балалар үшін арнайы интерактивті қойылымдар да бар. Онда кішкентай бүлдіршіндер ойынға тікелей араласады. Бір өкініштісі, осы орыстың балаларына қарап тұрсаң, ойынға белсенді түрде араласып, ойындағыларын жеткізуге тырысып, бір-бірімен таласып жатады. Ал біздің балалар жаңсақтау, ұяңдау. «Балақайлар, солай ғой, иә?» деп жауапты әрең суырып аламыз. Себебі, орыс тілді қойылымдарда көрермен залындағы балалар қазақ тілді көрермендерге қарағанда 3 есе көп отырады. Әртүрлі қойылымдарды көріп өскен бала ашылмай қайтсін? Бұл да біздің  бір кемшілігіміз шығар. Сол себепті балақайларымыздың ұяңшылдығын ашу мақсатында театрға жиі әкеліп тұру керек».

IMG_5603

Қанша жастан бастап баруға болады?

Бір жақсысы театрға балақайларды ерте жастан бастап әкелуге болады. Нақтырақ айтқанда, кез келген жастағы балаңыз толыққанды Қуыршақ театрының көремені болуға лайық. Әрине, көбіміз 1-2 жасар балаға қайдағы театр, ол бір орнында 15 минуттан артық тыныш отыра алмайды ғой дейміз. Десек те, «Қойылымдарды дұрыс қабылдап, бар ынтасымен тамашалайтын балақайлар баршылық» дейді театр актерлері. Тіпті, жыбырлап, отыра алмағанның өзінде кішкентайларыңызды өнерден хабардар еткіңіз келсе, біраз шыдамдылық танытқайсыз. «Өз басым екі баламды да 1,5-2 жастарынан бастап театрға алып келдім. Көрсін, тамашаласын деген ниетім болған еді. Бірақ, балалар да әртүрлі болады екен. Театрды мүлдем қабылдамайтындар да бар. Енді оларға ұрысып немесе қорқытып қойып отырғыза алмайсың ғой. Демек, табиғатынан ол балаға театр өнерін қабылдау берілмеген болар. Сол сияқты бір үйдің тәрбиесін көріп отырған екі балам да осы қойылымдарды екі түрлі қабылдады. Үлкенім шынымен де қызығып, театрды сүйіп қалды. Ал кішкентайым жыбырлап, отыра алмай, қойылым ортасында шығып кетіп жатады. Қайткенмен де балаларды театрға апарып тұру керек деп ойлаймын» дейді Қуыршақ тетрының актрисасы Марал Тәуекелова. Иә, алғашында балалар түрлі аңдарды көріп қорқады, бірі жылайды, бірі мазасызданады. Дегенмен, уақыт өте келе үйреніп, ақыр соңында асқан қызығушылықпен тамашалайтын болады. Не дегенмен театр актерлері бала қорқады екен деп оны теартға әкелмеу дұрыс емес деген ойды ұстанады.

Міне, жоғарыда айтқанымыздай, қуыршақ театрының біздің жас жеткіншектерге берері мол. Жай ғана уақытты қызықты өткізумен қатар, тәрбие жағынан болсын, рухани байлық пен шығармашылық таным болсын – осының бәрін аламын дегенге театр есігі айқара ашық. Алайда, осындай өнер ордасының көрермендер залының  кейде бос болуы өкініш тудырады. Бардың қадірін білмей, кеш түсінетін халық болудан қашып, балаларымызды өнерге, мәдениетке жақын етуге тырысайық. Қазақта «Баланы жастан» деген керемет сөз бар. Бірақ көптеген ата-аналардың бұл сөздердің астарына үңіле бермейтіні де жалған емес. Көбі оны дұрыс тәрбиемен ғана шектеп, баланы адамгершілігі мол жан етіп өсірсем болды деген ниетпен ақыл-сөз айтудан жалықпайды. Ал оның тұлға болып қалыптасуында шығармашылық танымның қаншалықты рөл атқаратынын ескере бермейді. Алайда баланың шығармашылық көзқарасын қалыптастыру оның жасырын қабілеттерін ашуға әрі жақсы мен жаман деген сияқты көптеген қарама-қайшылықтарды түсіндіруге көмектеседі. Кішкентайларға мұндай нәрселерді айтып түсіндіргеннен гөрі көрсеткен әлдеқайда нәтижелі. Ендеше, балаларымызды осындай бір рухани әрі шығармашылық жағынан азықтандыратын Қуыршақ теартына апарып, мәдениетті де тәрбиелі ұрпақ өсіруге ұмтылайық.

Қосымша қызмет

Сонымен қатар Қуыршақ театрының кең фойесі қойылым басталғанға дейін балаңыздың еркін ойнап-күлуіне мүмкіндік береді. Ал егер еркетайыңыз ашығып қалған болса, арнайы буфет те өз қызметін көрсетуге дайын. Осындай қосымша қызметтердің арқасында сіз балаңызбен бірге қызықты әрі танымды уақыт өткізуден бөлек, еш уайымсыз еркін сергіп қала аласыз.

Іс-шараның суреттері 

Байланыс

Мекенжайы: Пушкин көшесі, 63

Қабылдау бөлімі: 8 (727) 273-24-70

Касса: 8 (727) 234-79-22

Веб-сайт: www.puppet.kz

Әлеуметтік желілер: Facebook, ВКонтакте

Оставить комментарий