Главная » Беременность и роды » Болашақ ананың сәні

Болашақ ананың сәні

1Құрсақтағы сәби өскен сайын анасының іші де дөңгеленіп, көзге түсе бастайды. Демек, гардеробтағы киімдерді жаңартатын кез келді.Сәнді әрі қолайлы киім-кешектер таңдауға көмектесейік

Күнделікті серуенге өте ыңғайлы саналатын джинсы мен денеге құйып қойғандай жемпірлерден бас тартатын кез келді. Ішіңіз томпайып, кеудеңіздің көлемі де ұлғайды… Ілгекті қаншалықты тартсаңыз да, күндердің бір күнінде киімнің тар екені анық байқалады. Арнайы киім алмасаңыз болмайды…  Ал әйел адамның жаны әркез көркемдікті қалайды!

Іш киімдер

Психологтар әдемі әрі қолайлы іш киім нәзік жандылардың көңіл-күйін көтеріп, өзін жоғары бағалауға ықпал етеді дейді. Тіпті оның сыртынан қабаттап киген басқа киімдер де әйелдің көңіл-күйіне кері әсер ете алмайды. Алдымен арнайы көкірекшелер мен іш киімдер жайлы ойланған жөн.

Көкірекшені өзіңіз киіп үйренген көлемнен бір-екі өлшем үлкендеу етіп алыңыз. Киім өлшейтін жерге кіріп, кеудеңізге шақтап көруден қысылмаңыз. Жүктілік кезінде әйелдің омырауы айтарлықтай өседі. Тіпті, тоғыз айда көкірекшені екі мәрте ауыстыруыңыз да мүмкін. Тек қана табиғи материалдан тігілген бұйымды алыңыз. Тостағаншасының тігісі қолға байқалмағаны абзал. Артық шығынданбауды ұйғарсаңыз, бірден бала емізетін әйелдерге арналған омырауқап сатып алыңыз. Әрине, өзі табиғи матадан тігілген, тостағаны ағытылатын және өте әдемі көкірекшені табу оңай емес. Дүкеннен қалауыңызды таппасаңыз, ғаламтор мүмкіндігін пайдаланыңыз – онда қалаған затыңызды таңдап, тіпті, үйге алғызып, өлшеп көруге болады.

Іш киім алған кезде беліңізді тұтастай жауып тұратынын да, мықын үстінде қалатынын да сатып алыңыз. Бастапқы айларда, әсіресе, жүктіліктің алғашқы айлары қыс мезгілі мен салқын маусымға сәйкес келсе, қарынды жауып тұратынын алған дұрыс. Кесар тілігі арқылы босанатын аналар үшін де ол өте қолайлы – кәдімгі іш киімдер қарынды қажап тастайды. Жылы мезгілде «мықын үстінде» тұратын іш киімдер ыңғайлы, оларды босанған соң да артық салмақтан арылғанша кие бересіз.

Бәріне де ыңғайлы…

Сәнмен киінгенді жаны сүйетін болашақ ананың гардеробында қандай киімдер болғаны дұрыс?

  • Көшеге шыққанда және үйде жүргенде киетін шалбарлар. Жылдың салқын мезгіліне арнап ши барқыт шалбар алыңыз, олар жылы және стилистердің пікірі бойынша, осы бір жұмсақ, жайлы материалдан тігілген киіммен жүкті аналар өте тартымды, нәзік көрінеді. Әрине, джинсының алар орны ерекше. Әмбебап қара шалбарларға ештеңе жетпейді, оларды киіп қонаққа да, дәрігердің қабылдауына да, киноға да баруға болады.
  • Көйлек. Қаржыңызды үнемдеу үшін жүкті және бала емізетін әйелдерге арналған көйлектер сатып алыңыз. Тек бала емізген кезде түсі біркелкі емес, тарғылдау, әркелкі суреттері бар киім алыңыз. Сол кезде кеуде сүтіңіз ағып кетсе, онша байқалмайды. Айта кетерлігі, көйлекті міндетті түрде жүкті және бала емізетін аналарға арналған топтамадан іздеу шарт емес. Көптеген аналар белі жоғары, етегі кең беби-долл үлгісін таңдайды.
  • Блузкалар мен жейделерді де күнделікті гардеробтан таңдап киюге болады. Бірақ пішілген үлгісіне мән беріңіз. Тәжірибе көрсеткендей, 2-3 өлшемге үлкен киім алғаннан пайда жоқ, қарныңызды жапқанымен, иығы салбырап тұрады.

Легинсы мен туника (немесе ұзын жемпір) мүсініңізді көрер көзге сұңғақ етіп көрсетіп, тола бастаған мықыныңызды жасырады. Жазда балетка киюге болады, ал қыста етік және жылы бәтеңкемен әдемі үйлеседі. Болашақ ана бұндай киіммен өзін орта жастағы әйел емес, сәнді әрі жас бойжеткен тәрізді сезіне алады.

Сырт киім. Сәбиін кенгуру-сөмкеге салып көтеруді жоспарлаған аналар слинг-күртелерге назар аударсын, бұл киімнің арнайы қалтасына бөпеңізді салып алып, серуенге шыға бересіз.

2

«Жүрдек етіктер»

Жүкті әйелдер киетін биік өкше аяқ киімге қатысты бұрыннан қалыптасқан қағида бар – ол 4 сантиметрден биік болмауға тиіс. Өкшесі жайпақ аяқ киімді таңдау қажет емес – аяғыңызға артық салмақ түседі, жалпақ табан сырқатына шалдығу қаупі артады. Баулар мен сыдырма ілгектерді ұмытыңыз. Еңкейіп киетін, бауын байлайтын, ілгегін тартатын аяқ киім сізге қажет емес. Жүкті кезде қарныңыз бөгет болады, кейін сәби қолыңызды тұсайды. Баланы арбасына сүйреп есіңіз шығады. Әрине, қарындаш юбка киіп, биік өкше аяқ киіммен жүретін сәнқой келіншектер де аз емес. Бірақ ондай аналар баласымен бірге сырғанақ теуіп, емен мен шетеннің арасынан бүршік іздеп ойнай алмайды.

Қажетті бұйымдар

Бандаж бен компрессиялық трикотаж болашақ ананың сұлулығы мен денсаулығын сақтауға көмектеседі.

Бандаж таңдағанда оның түрлері көп екенін ескеріңіз. Мысалы, арқасы ауыратындарға немесе егіз және одан да көп сәби көтерген аналарға арналған бандаждар бар. Ол тіреуіш қызметін атқарып, омыртқаға түскен салмақты азайтады. Бірақ оны күні бойы ұзақ қолдануға болмайды, қан тамырларын қысып тастауы мүмкін.

Жүкті әйелдерге арналған компрессиялық шұлық пен шұлықдамбалдарға сұраныс артып келеді. Егер күре тамырларыңыз бұдырайып шығып тұрмаса, ауырып мазаламаса, профилактикалық мақсатта киіңіз. Ал бұрыннан тамыры ауыратын әйелдердің жүктілік кезінде варикозы асқынады. Флеболог маман қажетті шұлықты таңдауға көмектеседі.

Жүктілік өміріңізге көптеген өзгерістер әкеледі. Жылтыр журналдың мұқабасында күлімсіреп тұрған ару емес, бөпесін көтерген ананың сүйкімді әрі тартымды, құрметке лайық екенін естен шығармаңыз.

Ұсақ-түйекке мән беріңіз 

Жүктілерге арналған курсты жүргізетін тәжірибелі мамандар босанған соң әйелдер негізгі үш мәселеге көңіл бөлуді қояды деп пайымдайды.

Біріншіден, әйел киген киіміне мән бермейді. Гардеробыңызды жаңартып тұруға тырысыңыз. Қарапайым ереже – гардеробтағы бір бұйым ашық түсті болуға тиіс. Сонда көңіл-күйіңіз көтеріңкі болады.

Екіншіден, аналар сәбиінің соңынан еріп, құммен ойнауға шығады. Қыздардың анасы балаларға арналған шаш қыстырғыштарын тағып, алқызыл көйлек киіп алса, ұлдардың анасы олпы-солпы джинсы киіп жүреді. Кейде бұл сіз ойлағаннан да күлкілі көрінеді.

Кейбір аналар өзгергенін мойындағысы келмейді. Серуенге шыққанда кеңседе киетін белдемшесін тастамайды. Биік өкше туфли мен әлем-жәлем бояу арбалы әйелге жараспайды. Өзіңізге тән, жеке, қайталанбас стиліңізді іздеп табыңыз!

Total Views: 842 ,

Оставить комментарий