Мұртты бала күтушісі  

нянь

Әдетте, әкелер тек ересек балалар үшін жақсы күтуші бола алады, ал екі-үш жастағы еркетайлардың көңілін табу – оларға тым қиынға соғады деген түсінік қалыптасқан. 

Дегенмен, кей әкелердің кішкентай балақайларымен түскен әдемі суреттерін тамашалағанда уақытта, мұның соншалықты ауыр емес екеніне көз жеткізуге болады. Себебі, бала тәрбиесі ер адам үшін ақша табу, істен шыққан құбырды жөнге келтіру сияқты қарапайым дағдылы жұмыстардың бірі болуы тиіс.

Анасы жұмыстан оралды, үйдің іші түбі күйіп кеткен сүттің қошқыл иісіне бөленіп, төбеге жиналған көк түтін әлі толық тарқай қоймапты. Диван үстіне қисайған әке айналадағының бәрін ұмытып, тәтті ұйқы құшағына енген… Бұндай көрініске әкені баласымен жалғыз қалдырған көптеген әйелдер куә болатыны рас. Ең бастысы, әйтеуір бала аман екен. Ол да өз төсегінде пыс-пыс етіп ұйықтап жатыр. Кешке достарымен біраз қыдырып қайтқан әке бүгін, міне, екі жасар ұлына сүт ысытып бергісі келген сияқты. Үйде қысқатолқынды пеш болмағандықтан, сүтті құтыға құйып, оны пеш үстіндегі суы бар тегешке салып қойған. Алайда, біраз тыныстап алайын деп төсекке бас қойған әкенің көзі ілініп, оны күтіп жатқан бала да ұйқыға кетіп, нәтижесінде тегештегі сүт қайнап-қайнап таусылып, қатты ыстықтан құты тесіліп, ішіндегі сүт күйіп үлгерген екен… Ендеше, анасы үйге дер кезінде келді десе де болады.

Бұл жағдайды ойдан шығарылған деуге келмес. Себебі, менің өз басым, үлкен ұлыма жақсы әке болып дағдыланғанша, осындай тәжірибелерді басымнан талай рет өткерген едім. Әйтсе де, өзімді жақтап алу үшін, баламмен оңаша өткізген уақыттарымның көбінде мен «Әлемдегі ең үздік әке» деген атаққа лайықты бола білдім деп мақтана аламын.

Әкенің жұмысы

Бір жағынан, бала үшін анасы – тамақтану қайнары, аялы алақан, мейірім және жылылық. Ал әкесінің де қызықты тұлға екенін балақай ойын жасына келгенде, машина жүргізіп, доп теуіп, текше құрағанда білетін болады. Екінші жағынан, ананың үнемі баламен бірге болуы мүмкін емес: мысалы, жұмысқа шығады, құрбыларымен кездесуге барады, тағысын тағы дегендей. Осындайда әкесі анасының орнына баламен бірге қалуға мәжбүр болады.

Өз ортамдағы жас әкелердің көбі менің пікіріммен келісе бермейді, олардың пайымдауынша: бұл еркектердің жұмысы емес. Рас, азиаттық менталитет ерлер мен әйелдердің жауапкершіліктерін екіге бөліп қарайды. Дегенмен, сол азиаттық әйелдер тек шығыс биін әдемі билеп, бала табумен ғана шектелмей, киіз үйді де құрысып, ат құлағында ойнап, тіпті, сол аттың ішегін қазы айналдыруды меңгеріп алды емес пе? Ал ер адамды үй иесі ретінде мойындау үшін ол өзін нағыз жетекшіге лайық ұстай білуі керек. Мықты жетекші өзінің жүріс-тұрысымен немесе бұйрық бере алуымен ғана бағаланбайды, бастысы ол өз қарамағындағы әрбір жұмысшының қызметін жақсы біліп, оларды өзі де мінсіз орындай алуы тиіс. Баланың жөргегін ауыстыра алмайтын, ботқа әзірлеуді білмейтін, кемінде екі-үш бесік жырын жатқа айтпайтын әкелер өздерінің бұл кемшіліктерін уақыттың тапшылығымен, көп ақша табатындарымен ақтап алғысы келетін шығар. Алайда, мен осы уақытқа дейін әкелік махаббат пен мейірімнің ақшамен өлшенетінін естімеппін.

Машақаты көп әрі қызықсыз

Егер жағдайға лирикалық тұрғыдан қарап, әкелердің пікірін тәжірибе негізінде сараласақ, бала бағу – не өте машақатты, не тым көңілсіз. Мен екі жасымда әкемнің мопедінің астында қалып, аяғымды сындырып алған болатынмын. Одан кейін салынған гипс те мені тоқтата алмады, әкем мен атам төбенің шатырын жөндегенге, саты арқылы олардың қасына баруды ұйғардым. Мұның бәрін машақат туралы әңгімеге мысал ретінде айтып отырмын. Тағы да сәбилердің біресе іші, біресе тісі ауыратыны бар. Рас, кішкентай адамдардың машақаты көп екенін ешкім жоққа шығармайды. Сондықтан да ата-аналарға бір ғана жол бар – барлығына сабырмен қарап, түрлі әдістемелерге сүйеніп, көбірек тәжірибе жинақтау және қиялға ерік беру.

нянь1

Қиял — бір жасар баланың күтушісі қызметін атқарып қалған уақытта өзіңізге зерігуге жол бермеу үшін таптырмайтын құрал. Тұңғыш ұлым дүниеге келгеннен кейін жарты жыл уақыт өткен соң, мен әдеттегі бесік жырларын орындаудан жалығы бастадым. Сол себепті халық әндерінің немесе өзімнің сүйікті әндерімнің әуенін пайдаланып, оларға ертегінің сөзін қосып, өзімше жаңа бір тың туынды жасап орындап жүрдім. Сонымен қатар, классиканы көбірек қосып, олардың да сазын мысалдардың мәтінімен үйлестірдім. Ал батырлар жырын жай ғана оқып бермей, оған да әуен қосуды ұмытпадым. Осылайша күн сайын бір тәжірибе жасап, оларды өз ұлыма қолданып, кейін жап-жақсы нәтижелерге қол жеткіздім. Ал екінші ұл дүниеге келгенде, өзімнің біршама ерекше «бесік жырларым» жинақталып қалды.

Сәттерді ұстап үлгеру…

Әке-күтушілер үшін баламен жалғыз қалғанда уақытты тиімді әрі қызықты өткізудің тағы бір тәсілі – суреттер. Менің бір таныстарым осы тақырыпта тіпті фотфосайыс ұйымдастыра жаздаған болатын. Нақтырақ айтсам, анасы қызын Анна Гедес стилінде, яғни массовка ретінде осы атақты фотосуретшінің қуыршақтарын пайдаланып суретке түсірген. Ал әкесі өз кезегінде «төбелер мен кескіндер» атты фотосуреттердің топтамасын жасады. Себебі, үнемі арқасымен жататын сәби негізінен дәл осы бейнелерді жиі көреді емес пе? Әрине, бұл американдық фотограф  Дейв Энглдаудың суреттерімен салыстырғанда, қарапайым ғана талпыныс қой. Өйткені, Дейв  қызы Элис Бимен бірге «Әлемдегі ең үздік әке» атты фотожоба құрып, осы арқылы баласы мен әкесі уақытты қалай қызықты өткізе алатынын көрсеткен болатын.

Міне, әкесі газға қарсы бетпердені киіп алып, баласының көтеніне ұнтақ сеуіп жатыр, мына жерде үлкен шанышқымен стейк ұсынуда, міне, кір жуғыш машинада жуындыруда, ары қарай қызы ұстап тұрған шегені балғамен қағуға тырыспақ… Бастысы, әрбір суретте «Әлемдегі ең үздік әке» деген жазуы бар саптыаяқ қойылған. Қысқасы, жүрегі әлсіз аналарға суретті ары қарай валерьянкасыз тамашалау ауыр болар. Әрине, мұндағы барлық сурет Photoshop-тың арқасында қолдан жасалған. Қалай болғанда да алынған нәтижеге қарап, жалпы үдерістің авторларына өте қатты ұнағаны байқалады. Бір жағынан, естелікке қалған суреттер де керемет емес пе?!

P.S. Бұл мақаланы жазар алдында маған кеңес өкіметі заманында түсірілген «Қолтырауынға не болған?» атты мультхикая әсер етті. Естеріңізге салар болсам, қолтырауындар мекен ететін аралда бір қолтырауын, неге екені белгісіз, кішкентай балапанды өмірге әкеледі. Мұндай жағдайға бұрын куәгер болмаған тұқымдастары балапанның әкесін мазақ қылып, келемеждейді. Оның өзі де аң-таң қалады. Енді не істеу керек?». Ары қарай не болатыны қызықты болса, өздеріңіз көріп аларсыздар. Менің айтпағым, әкелік қамқорлық пен махаббаттың орнын ештеңе толтыра алмайды!

Оставить комментарий