Главная » Главная » Маусымдық тұмауды бірге өткерейік

Маусымдық тұмауды бірге өткерейік

простуда

Маусымдық тұмауды бірге өткерейік

Күздің суық күндері де келіп жетті. Дәл осы кезде балаларға суық тиіп, олар жиі тұмауратып жатады. Суық тиюдің алдын алу үшін не істеу керек?

Күз келе салысымен балаңыздың иммунитетін барынша нығайтуға тырысатыныз рас. Тыныс алу жолдарының инфекциясымен күресу үшін кез келген әдіс пайдалы. Олардың көбі сіз үшін жаңалық емес шығар, есесіне, уақытпен сыналған және ең бастысы – оң нәтиже береді. Бірақ бұл жерде де бір құпия бар. Мұндай алдын алу шараларының біреуін ғана емес, бәрін кешенді түрде қолданған жөн. Сонда олар бірін-бірі толықтыра отырып, пайдалы қасиеттерін сан есе арттырады. Осылайша ағзаға вирус өтпейтіндей қорған сыйлайды.

Таза денсаулық

Көбіне, күздің суық әрі бұлыңғыр күні балақаймен бірге далаға шыққымыз келмей жатады. Десек те, өзімізді жеңуге тырысуымыз керек. Балақайлардың бәрі күнделікті таза ауамен демалуға тиіс. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Бірақ, дәлелдер жетіп-артылуда. Арнайы бақылау жұмыстарының, ғылыми тәжірибелердің және қарапайым тұрмыстық өмірдің нәтижесінде таза ауада жүру баланы шынықтырып, оның тыныс алу жолдарына түсетін инфекцияларға қарсы тұруын арттыратыны дәлелденген. Бір сөзбен айтқанда, бұл жан-жақты алдын алу тәсілі, тіпті, кейде емдік әдіс болып саналады. Ал үйде, жылыжайда өсіп, кішігірім желдің өзінен қорғанып жүретін бүлдіршіндерде қаназдық, физикалық дамудың кідіруі, ұйқының бұзылуы мен тәбеттің болмауы жиі кездеседі. Мұндай балалардың жүзі солғын тартып, көздерінде мұң болады.

 Жылы – суық

Балақайыңыздың денсаулығы мықты болсын десеңіз, оны жай ғана төмен температураға үйрету аздық етеді. Одан да ауа температурасының ауысып отыратынын сездірген дұрыс. Бірде жылы, бірде суық. Ол үшін екі бөлме керек. Біріншісінде, бөлмедегі ауаны жылытатын, бірақ құрғатпайтын майлы калориферді қосып қойыңыз (24-25 гралусқа дейін жеткізіңіз). Ал екінші бөлменің ауа температурасын 4 жасқа дейінгі балалар үшін 12-15 градусқа дейін, одан ересектеу балаларға 10 градусқа дейін жаймен түсіріңіз.

  • Гимнастика. Жылы бөлмеде балақай қарапайым жаттығуларды орындасын. Бүкіл денесін керіп, қолының көмегімен тізесін бүге отырып, кеудесіне алдымен оң аяғын, кейін сол аяғын тигізсін.
  • Салқын бөлмеде жүгіру. Енді кішкентайыңыз 1,5 минут жүгіріп, секіріп, сап түзе жүріп жаттығуы керек. Бұдан кейін оған жылы жаққа ауысуды ұсыныңыз. Жылы бөлмеде балақай 1,5 минуттай белсенді қимылдар жасасын. Осылайша 3-5 рет қайталаңыздар.
  • Қарама-қарсы себезгі қабылдаумен жаттығуды аяқтаймыз. Су – өте мықты шынықтырушы құрал. Бастысы – асыра сілтемеу. Алдымен жылы судан бастаңыз (36-38 гралус), 30-40 секундтан соң оны аздап салқындату керек. Ал 10 секундтан кейін қайтадан жылы етіңіз. Мұны 2-3 реттен (алғашқы аптада) 5 ретке дейін қайталаған жөн. Әрбір 7 күн сайын суық судың температурасын 2-3 градусқа төмендете отырып, жылы сумен арасындағы айырманы 15-16 градусқа жеткізіңіз.

Лимон дәрігер

Бүлдіршіндерге балғын көкөністер мен жемістердің құрамында кезедсетін «тірі дәрумендер» беру керек. Көкөніс салаттарын жаңа ғана сығылған лимон шырынымен дәмдеңіз. Оған қоса, иммунитетті жақсарту үшін лимоннан «тірі» тосап әзірлеңіз. Оны қабығымен бірге еттартқыштан өткізіп, қантпен араластыру керек (1:1). Тек сүйектерін алып тастауды естен шығармаңыз.

Уқалау

Баланың тыныс жолдарын нығайту үшін көкірек қуысын уқалау қажет. Мұны алдын алу шарасы ретінде аптасына 1 рет жасаңыз.

  • Баланың арт жағына тұрып, екі алақаныңызбен мойнын, иығын, кеудесін, ішінің жоғарғы бөлігін, арқасы мен белін сипалаңыз. Қолдарыңызды бірде жоғары-төмен, бірде бір шеттен екінші шетке қарай жүргізе отырып ауыстыруды, қолыңыздың күшін бірде әлсіз, бірде мықты етуді ұмытпаңыз.
  • Тез айналмалы қимылдарды сағат тілімен жүргізіп, жауырынның асты мен бел жақты ысқылаңыз.
  • Баланың сол жағына шығып, жартылай ашық жұдырықпен жоғары-төмен қимылдар жасаңыз. Осылай оның оң жақ кеудесін үстінен, жанынан, астынан қаққандай әрекет етіңіз. Сосын оң жағына ауысып, екінші жағын уқалаңыз.
  • Қолдарыңызды ауыстыра отырып, әр қолыңыздың әрбір саусағымен бала терісін шымшығандай болыңыз. Жоғарыдан төмен мойыннан белге дейін және жанынан: кеудеден бастап омыртқаға 2 см жеткізбей уқалау керек. Оған қоса, бір ырғақта қимылдаңыз. Бір секундта 2 рет шымшып үлгеруіңіз керек.

Арасында

Негізінде, баланың иммунитетін күнделікті қимыл-қозғалысқа толы тіршіліктің арасында да нығайтып отыруға болады.

  • Жуыну барысында балақай әрдайым беті-қолын тек салқын сумен жусын. Алдымен 30 градустан бастаңыздар, ал ары қарай күнделікті 1 градусқа төмендете отырып, 14-16 градусқа жеткізу керек. Жалпы, жергілікті шырышты қабықтарды қорғау деген түсінік бар. Міне, сол қабықтарды нығайту маңызды болып саналады. Осыған байланысты тамақты сумен шайып тұрған жөн. Алғашында бөлме температурасындағы сумен, кейін жаймен салқындату керек. Баланың тамағы суыққа үйреніп кетсе, ол үшін ешқандай вирус қауіп келтірмейді.
  • Тамақтану барысында ішінде мұзы бар 1 стақан суды аз-аздан ұрттап ішу немесе балмұздақ жеу де керемет нәтиже бермек. Сол себепті баланың сусынын жылытып, балмұздағын ерітудің қажеті шамалы. Егер балақай суық десерттер жеуге дағдыланбаған болса, алғашында оған кәдімгі (қатты) балмұздақ емес, жұмсағынан беріңіз. Олардың калориясы төмен, сондықтан қорытылуы да жеңіл болары сөзсіз. Демек, мұндай балмұздақтар кішкентай әрі біраз әлсіреп қалған балаларға толығымен сай болмақ.

Балаңызды ұйқыға жатқызу сізді біраз әуре-сарсанға сала ма? Ендеше, ұйқыға жатар алдында балақай су рәсімдерін қабылдасын. Денеге жанасқан су мен түрлі ауа көпіршіктері жеңіл уқалау сияқты әсер беріп, балаңызды тәтті ұйқыға дайындайтын болады

Швециялық аналар суық тиген балаларына ыстық емес, суық сүт береді.

Оставить комментарий