Главная » Календарь развития » 4-7 месяцев » Нәзік аймаққа күтім қажет

Нәзік аймаққа күтім қажет

8Шап қатпарларындағы кішкентай ғана қызарулар сәбидің мазасыздануына, өзін жайсыз сезініп жылай беруіне  себеп болуы мүмкін. Мұндайға жол бермеу үшін теріге уақытылы күтім көрсету қажет

Әрине, баланы шешіндіріп-киіндірген кезде әр ана мұқият болуы тиіс. Бүгінгі таңда нәрестелердің дене күтіміне арналған алуан түрлі құралдар бар. Сіздер олардың кез келген түрін өз қалауларыңыз бойынша қолдана аласыздар. Перзентханадан шыққан күннен бастап-ақ сәбидің терісі түрлі келеңсіздіктерге тап болып жатады. Солардың кеңінен тарағаны – бір жолғы жаялықтарды кигеннен кейін болатын қызарулар. Көбіне аналар жаялықтарды жиі-жиі ауыстыратын болғандықтан, бұл рәсімді дағдылы түрде жүзеге асырады да, баланың терісіне ден қоюды  ұмыт қалдырады. Уақыт өте келе кішкентай қызарудың өзі бөртпеге айналып, оны аңғарған аналар бұл қайдан пайда болды деп байбалам салады.

Сақтықта қорлық жоқ деген…

Негізінен, сәл ғана байқалып тұратын қызарулар шынымен аса көзге түсе бермейді. Тіпті, оны аңғарып қалған күннің өзінде, мүмкін, бөбек терісін өзі тырнап алған болар немесе киімнің қатпарларының ізі қалып қойды ма екен деп ойлайтын ана, сондай бір төніп тұрған қауіп жоқ деп шешеді. Алайда, сәбидің терісі кез келген жағымсыз әсерлердің салдарынан тітіркенетінін білген абзал. Оған тері күтіміне арғалған құралдарды дұрыс таңдамаудан бастап, ас мәзірінің өзгеруі  (егер бала емшек емсе, сіздің мәзіріңіз, бала қолдан тамақтанса, жасанды қоспа түрлерін алу) де себеп болуы мүмкін.  Кейде денедегі бөртпелер қарапайым өзгерістердің әсерінен пайда болып, кейін өздігінен қайтып кетіп жатады. Мысалы, сіз аллергия шақыратын өнім жеп қойдыңыз делік, мұндайда баланың терісі бөртіп, ал сүттің бойындағы тағам қалдығы тарқаған кезде, қайтадан қайтып кетеді. Немесе, ұзақ жолға шыққандықтан сәбидің денесі уақытылы сүртілмей қалды да, қызарып кетті. Бірақ сіз үйге келіп мұқият тазалағаннан кейін, тері қайта қалпына келді.

Өкінішке орай, кей жағдайларда бөртпелер асқынып, бір-бірімен тұтасып, беті дымқылданып тұратын зақымдарға ұласып жатады. Мұндайда әрқайсымыз өзімізше шара қабылдап, онымен күресудің амалдарын қарастырамыз. Алайда, көбіне мәселе ұлғая түседі. Осы кезде жас ана бәріне өзін кінәлі сезініп, оның үстіне бала мазасызданып жылап, түнімен ұйықтамай, тамақтанудан бас тартып, тіпті, қолға көтеріп жүргеннің өзінде тынышталмай қояды. Егер өз қолыңыздан келер шара жоқ екенін түсінсеңіз, бірден педиатр немесе дерматолог мамандарына жүгініңіз. Мүмкін, біздің төменде жазылған кеңестеріміз де кәдеге жарап қалар.

Косметикаларды тексеру   

Тері қатпарларының қабынып зықымдануын баздану деп атайды. Оның неден пайда болатынын дөп басып айту қиын. Әдетте, дәрігер тыйым салу тәсілі бойынша әрекет етіп, сізді түрлі құралдарды жиі қолданудан бас тартуға шақырады.
Дымқыл сүлгілерді аса қажет жағдайда болмаса, күнделікті пайдаланудың қажеті жоқ. Оларды баланың денесін шаю мүмкіндігі жоқ жерлерде ғана қолданған дұрыс. Ондайда гипоаллергенді, тым өткір иісі жоқ, құрамында кремі бар сүлгі түрлерін таңдаған жақсы. Бөбек үйде болғанда ол жаялығын былғап қойған сайын, денесін жылы, ағынды сумен жуып отырыңыз. Бір жолғы жаялықтардан болған бөртпелер кезінде барлығын саралаңыз. Мүмкін, сіз бұрын қолданып жүрген жөргектің басқа түрін алған боларсыз, әлде өлшемі сай келмей қалды ма екен?.. Дұрысы, үнемі баланың денесі үйренген, жаялықтың бір ғана түрімен шектеліңіздер. Сондай-ақ аптаның бір күнінде бөбектің терісіне еркіндік беріп, қандай да бір жаялықсыз жүруді әдетке айналдырыңыздар. Кремдер, арнайы ұнтақтар, сүттік, жақпа май, жуынуға арналған құралдар – осының бәрін шетке ысырып қойыңыз. Көп жағдайда дәрігерлер терінің жылдам жазылуына ықпал ететін құрамы табиғи негізден тұратын өнімдерді тағайындайды. Сондықтан, әу бастан базданулар мен жөргек дерматитінен қорғайтын гипоаллергенді заттарды таңдап, олардың нұсқаулығын қатаң ұстаныңыз. Құралды жұқа етіп, байыппен жағу керек. Зақымданған аймақтың қатты ауыратынын, әрі сәбидің терісі тым нәзік болатынын естен шығармаңыз.
Ал жуынуға келер болсақ, ең бірінші сабыннан бас тарту керек. Себебі, ол теріні тез құрғатып жібереді. Ең дұрысы – түймедақ тұнбасы. Ол денеге антисептик дәрі түрінде әсер етіп, теріні тыныштандырып, жылдам жазылуына әсер етеді.
Жалпы, емдік шараларын қолға алғаннан бастап базданулар 3-4 күн ішінде қайта бастайды. Тек баланың терісі толықтай жазылып, қызарулардың орны басылғаннан кейін ғана дағдылы күтім түріне ауысуға болады.

Пайдалысын тұтынамыз

Емшек жасындағы сәбидің денсаулығы анасының дұрыс тамақтануына тікелей байланысты. Аллергияға бейім өнімдер жағымсыз әсер тудырып, соның ішінде базданудың да пайда болуына ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар бөбектің ас қорыту жүйесінда пайда болатын түйткілдер де тері қатпарларында бөртпелер тудырады. Егер баланің іші өтіп қалса, базданудың пайда болу қаупі арта түседі.
Ал қолдан тамақтанатын сәбилерге келер болсақ, оларға беретін жасанды қоспаларды мұқият таңдау керек. Сонымен қатар бөбектің тері қатпарлары жаңадан енгізілген тағам түрлерінің әсерінен де бөртіп кетуі мүмкін. Қызарулар пайда болды ма? Демек, сәбидің ағзасы әзірше бұл тағамды қабылдауға дайын емес. Кез келген жаңа өнімді баланың реакциясын бақылай отырып еппен енгізіңіз.

Ауа ваннасын қабылдаймыз

Жалаңаш жату сәбидің терісі үшін өте пайдалы. Ең нәзік тері үнемі бірнеше қабат киім астында жатуға мәжбүр. Заманауи өндірушілер өз жөргектерін қанша жерден «тыныстап тұратындай» етіп шығаруға тырысқанымен, олар денені ауамен толыққанды қамтамасыз ете алмайды. Барлық балалардың жалаңаш жүргенді жақсы көретіні белгілі. Сондықтан, аптасына бір-екі рет жалаңаш жүрген өте дұрыс. Ал рәсім аяқталар кезде қарай жеңіл уқалаулар мен жаттығулар жасау пайдалы болмақ.
Баланы киіндірер кезде дайындап қойған киім мөлшерін саралаңыз. Тым қалың киіну бөбектің терісіне ауыр тиеді. Егер бөлме температурасы шамамен 20°С болса, жеңіл комбинезон киюдің өзі жеткілікті. Далаға шыққанда балаға өз үстіңіздегі киімге қарағанда бір қабат жылы киіндіріңіз. Және есіңізде болсын, мұндайда оның үстіне қосымша киім жабудың қажеті жоқ.

Оставить комментарий