Главная » Календарь развития » Вредные привычки » Бөбекпен бірге ұйықтау: қолдаушылар мен қарсылар

Бөбекпен бірге ұйықтау: қолдаушылар мен қарсылар

сон

Сәби өмірге келген бетте оны қасына алып жататын ата-аналар туысқандары мен достары тарапынан түсінбеушілікке ұшырап жатады

Бөбекті ата-ананың төсегінен бөлек шығару өте қиынға түсетіні, содан кейін анасының қасынан ауыстыру қиындық тудыратыны туралы пікірлер кең тараған. Бұдан соң ата-аналар еріксіз күмәндана бастайды. Балаға анасының қасында жату керек пе? Мүмкін, өз төсегінде ұйықтағаны дұрыс шығар? Ал жалғыз жатқысы келмесе ше?

Тек қана пайдасы бар

Бірнеше жылдар бұрын көптеген педиатрлар бала өмірге келген бетте бесік немесе жеке төсек алып, соған жатқызуға кеңес беретін. Қазір дәрігерлердің көбі бөпесін қасына алып жататын ата-аналарды қолдайды. Онысы бекер емес.

  1. Бірге ұйықтаған кезде анасы мен сәби бір-біріне өте жақын жатады, солайша «терісі теріге тиіп», «тактильді» байланыс орнайды. Бұндай байланыс балаға өте қажет. Өмірінің алғашқы айларында анасы сәби үшін өзін тамақтандырып, жуындырып, күтіп-бағатын адам ғана емес. Кішкентай тіршілік иесінің бойына қорғаныш сезімін сыйлайтын жалғыз адам – анасы. Бірге ұйықтау кезінде сәби құрсақтағы жайлы өміріне оралғандай болады – жылы, тыныш, анасының жүрек соғысы естіледі. Бұндай жағдайда бала тез әрі жеңіл дамиды.
  2. Бірге ұйықтау – кездейсоқ болатын сәби өлімі синдромының алдын алуға көмектеседі. Сәбидің тыныс алуының кенеттен тоқтап қалуын медицинада солай атайды. Анасының қасында ұйықтаған бөбекте тыныс алу орталығындағы асқынулар қатерін азайтатын жылдам ұйқы сатысы басым болады. Ұйқының жылдам сатысы кезінде баланың миы өсіп, терең ұйқы сатысына қарағанда қарқынды дамиды.
  3. Бірге ұйықтау ана сүтінің көбеюіне ықпал етеді. «Сүттің келуіне» жауапты пролактин гормоны сәбиге жақын жатқан ана ағзасында көп өндіріледі. Түнгі кезеңде ол тіпті жақсы жұмыс істейді. Сондықтан, баланы түнде емізу өте маңызды.
  4. Баланы тыныштандырып, тамақтандыру үшін анасы түнде төсектен жиі тұрмайды, оның ұйқысы жақсы қанады. Ұйқысы қанған, сергек әйел сәбиіне де жеткілікті көңіл бөліп, қамқорлық жасай алады.

Өз төсегіне жататын кез келді!

Анасы мен сәбидің бірге ұйықтауы өте пайдалы екені анық, бірақ бала өседі ғой…

Педиатрға барған кей аналар сәбиді бөлек жатқызуға болатын жасты айтуын сұрайды. Бірақ барлық балаға арналған бір ереже жоқ, дегенмен жалпы сипаттары мынандай:

  • Бөбекті емшек сүтінен суалтқан бетте жеке төсекке жатқызбаңыз – қосымша күйзеліске ұшырайды.
  • Баланың ұйқысы қанбай, мазасыздана ма? Онда бөлек ұйықтауға көшуге әлі ерте. Бес-алты жастағы балалардың өзі жеке ұйықтауға дайын бола бермейді.

Бірақ балаға жеке төсек әперетін уақыт жеткенін білдіретін белгілер мынандай:

  • Балаңыздың жасы екіден асты.
  • Емшек сүтімен қоректендіру аяқталды.
  • Бала өзі ұйықтай алады.
  • Бала ата-анаға бұрынғыдай тәуелді емес.
  • Бір төсекте жату ата-анасына да, баласына да қолайсыз, төсек тарлық етеді.

Ата-анасымен бірге ұйықтап жүрген балақайды жеке жатқызудың сынақтан өткен әдістері бар.

1-әдіс: Баланы біртіндеп бөлек жатуға үйрету. Әу бастан баланы бөлек ұйықтатуды жоспарлаған ата-аналарға құба-құп. Сәби өмірге келген күннен бастап өз төсегі бар, бірақ әлдебір жағдайларға байланысты бірге ұйықтау тиімді болып шықты. Бала төсегінің бір жақ қабырғасын түсіріп, оны өз төсегіңізге қосып қойыңыз. Бала ұйықтар алдында оны өз төсегінде тамақтандырыңыз, ұйықтап қалған соң өзіңіз алыстау жатыңыз. Бастапқы кездерде бала әдеттегісінен ерте оянуы мүмкін. Оған жақындап, емізіп, құшақтап қойсаңыз болғаны. Уақыт өте келе бөбектің ұйықтап қалуы үшін анасының қолын созып, сипауы жеткілікті болады. Бұл кезеңде баланың төсегін алыстатуға да болады. Бұдан кейін оны жеке бөлмеге ауыстырасыз.

2-әдіс: Бөбекті тездетіп бөлек шығару. Баланың жасы үштен асса және емшек сүтінен суалғанына талай уақыт өтсе, осы әдісті байқап көруге болады. Бұл жастағы балалар өзін ересек сезінгенді қатты ұнатады. Соны пайдаланыңыз! Міндетті түрде баланы алдын ала дайындап, оның жақында өз төсегіне жатып ұйықтайтынын ескертіңіз. Төсек таңдауға баланың өзін тартып, оның сүйікті мультфильм қаһармандары бейнеленген төсек жабдықтарын сатып алыңыз. Оның бәріне мүмкіндік болмаса, балақайға тосынсый жасап, оның жаңа төсегі тұрған бөлмесіне шарлар іліп, әсемдеп, сүйікті тағамын әперіңіз. Бұндай мерекеден соң бүлдіршін қыңқылды қойып, жаңа бөлмесіне қуана көшуге тиіс.

Пайдалы кеңестер

Тәжірибелі аналардың баласын жеке ұйықтатқан кезде қолданатын өз құпиялары бар. Балдырғанды «жеке шығу» күйзелісінен сақтау үшін солармен бөлісіп отырайық.

  • Егер бала ұйықтар алдында белгілі бір «рәсімді» орындауды қажет етпесе, жеке жатқызар алдында сондай тәсілдерді ойлап табыңыз. Мүмкін, түнге қарай ертегі айтып берерсіз немесе тыныштандыратын массаж жасарсыз.
  • Егер бастапқы кезде бала ата-анасының төсегіне келіп жатып алса, оны қайтадан кері апармаңыз. Кейбір балалар қараңғылықтан қорқады, ата-аналар баласын қолдап, оның үрейден арылуына көмектесуі керек. Кейде баланы тыныштандырып, бөлмесіне апару жеткілікті, ал кейде таң атқанша анасының қасында қалғаны дұрыс.
  • Баланың сүйікті ойыншығы бар болса, оны төсегіне бірге алып жатуға рұқсат етіңіз, сонда ол алаңсыз ұйқыға кетеді.
  • Балаңыз сіздің алаңдап тұрғаныңызды байқап, соны пайдалануға тырысса, шыдамдылық танытыңыз. Балаға сабырмен, мейіріммен жеке ұйықтау қажеттігін түсіндіріңіз.
  • Күндізгі уақытта баланың мауқын басып, құшақтап, еркелетіп, түнгі ажыраудың орнын толтыруға тырысыңыз.

Оставить комментарий