Главная » Главная » Біз неден жаралғанбыз?

Біз неден жаралғанбыз?

8304457_xxl

Кішкентай балақайлар сағат немесе түрлі заттарды бөлшектеп, одан соң қайта құрастырып ойнағанды жақсы көреді. Оларға ненің неден тұратынын білу өте қызықты. Ал адамдар неден құралған? Біздің ішімізде не бар екенін көрелік.

Бір жеріңді соғып алсаң, не себепті көгеріп шыға келеді? Ал тіліп алсаң, қан ағады. Ал сол қанның түсі, мысалы, неге сары емес, алқызыл? Бастағы шаш не үшін керек және олар қалай өседі? Балалардың осы сынды сан алуан сұрақтарына ата-аналар кейде жауап беріп үлгермей жатады. Олай болса, үлкендер өз шаруаларымен айналыса берсе болады, ал біз өз тарапымыздан кішкентайларыңызға сәл де болса мәлімет беруге тырысамыз.

Айырмашылығы үлкен

Анаңмен бірге серуенге шыққан уақытта көшедегі адамдарға зер салып қара. Олар бір-біріне мүлде ұқсамайды. Ұлдар мен қыздар. Әйелдер мен ер адамдар. Ұзын және қысқа. Семіз және арық. Тіпті, шаштарының түсі де әртүрлі: ашық түсті, қара, бұйра немесе тегіс. Алайда, біздің ұқсастықтарымыз да аз емес!

Сен адамдардың суретін салған кезде осы ұқсастықтарды бірден көрсетесің: олардың барлығында екі көз, екі қол және екі аяқ бар. Ал, мысалы, сен өзге ғаламшарлықтың суретін салсаң, оның үш қолы немесе бір көзі болуы әбден мүмкін. Ғалымдар мұны дене құрылысындағы өзге анатомия деп атайды. Неге? Себебі, олар өзге ғаламшардан келген жандар. Ол жақтағы өмір сүру жағдайы Жердегі сияқты емес, сол себепті басқа планеталықтар өз тіршілігіне икемделіп, дене құрылысы да соған бейімделіп бітеді. Егер ол ғаламшар судан құралса, оның  тұрғындарының желбезегі болуы да ғажап емес. Ал біз құрғақта өмір сүргендіктен, қол-аяғымыз болғаны ыңғайлы.

Жасушадан құралған адам

Адамдардың барлығына тән тағы не барын білесің бе? Олардың денесі өте көп мөлшердегі жасушалардан құралған. Алайда, жай көзбен денедегі жасушаны көру мүмкін емес, ол үшін микроскоп деп аталатын құрал керек. Бұл аспап кішкентай бөлшектерді үлкен қылып көрсетеді. Сенің жасушаларың шынымен өте ұсақ және олардың саны аспандағы жұлдыздардан да көп. Миллиардтаған жасушалар! Олардың кейбірі жұлдызды еске салса, енді бірі дөңгелекке, шаршыға немесе тағаға ұқсас, кейбірінің өсінділері, қабықтары және құйрықтары болады. Дегенмен, жалпы көрінісі бойынша жасушалар бірдей орналасады. Сырты мембрана деп аталатын қабықпен жабылса, ал ішкі жағы цитоплазма сұйықтығына толы. Әр жасушаның ортасында өзек бар, ал ол жерде «хромосома» атты «сиқырлы таяқшалар» жиналған. Олар сенің қыз немесе ұл екеніңді, көзің мен шашыңның түсін, құлағың мен мұрыныңның пішінін және сенің қай уақытта ер жететініңді анықтайды…

Біз неден жаралғанбыз?

Біз неден жаралғанбыз?

Бейбітшілік пен достық

Адам жүз жасқа дейін өмір сүруі мүмкін, бірақ жасушалар оншалықты ұзақ жасамайды. Олардың кейбірі бар болғаны бір сағат тіршілік етсе, енді біреулері 1 апта немесе, ары кетсе 1 жыл өмір сүреді.  

Уақыты келген жасуша семіп қалады, оның орнына жаңасы пайда болады.

Олар қайдан пайда болады дейсің ғой. Жасушалар бір-бірінен бөлініп шығады. Біреу болған еді, екіге айналды, екеу болған еді, төртке көбейді деген сияқты.

Адамдар жақсы өмір сүру үшін бір-бірімен тату-тәтті болады ғой. Дәл солай,   жасушалар да сенің денің сау болсын деп ынтымақпен жұмыс атқарады. Егер олар бір-бірімен ұрсысып, өзара соғысатын болса, аллергия сияқты түрлі аурулар пайда болады.

Тұмау, тамақ ауруы тәрізді вирустар кей жасушаларды өздеріне бағындырып, басқаларды да солардың қатарына тарта бастайды. Соның салдарынан сенің дене қызуың көтеріліп, басың ауырады. Жасушаларды тату, ал денсаулықты мықты қылу үшін жиі-жиі таза ауаға шығып, таңертеңгісін жаттығу жасап тұру керек.

Төрт ұлпа

Ілгіште тұрған кеудешеңді алып, жақсылап қарап шықшы. Ол неден тігілген екен? Түрлі матадан! Адамның денесі де дәл осындай. Табиғат-ана оны түрлі матадан, жай қарапайым жіптен емес, оның орнына биологиялық жасушадан құраған. Ондай маталар адамның бойында төртеу.

Мысалы, олардың бірі – жауып тұратын (ғылыми тілмен айтқанда, эпителиалды) – біз оны үнемі көзімізбен көреміз. Ол сенің денеңді сыртқы және ішкі жағынан жауып тұрады.

Ал дененің астарын, нақтырақ айтқанда, шырышты қабатты айнаның алдында тұрып тісімізді ысқанда көре аламыз. Шырышты қабат тек ауызымыздың, мұрын және көздің ішінде ғана төселмеген, ол асқазан мен ішекте де бар.

Бұл қабатты не себепті шырышты деп атағанын білгің келе ме? Себебі, олардың жасушалары шырыш бөледі.  Онсыз бұл нәзік қабықшалар жылдам құрғап, жарылып, қабынып кететін еді. Мұндай жағдайға тап болмау үшін сұйықтықты көп ішу керек, әсіресе, күн ыстықта немесе ауырып жатқанда көп су іш. Тұмау кезінде мұрыннан 4 стақанға жуық шырыш ағады – демек, ағза бір литрге жуық сұйықтығын жоғалтты деген сөз. Сондықтан да су ішу өте маңызды.

Сонда дененің қалған маталары қандай? Оларды жай көзбен көру мүмкін емес, себебі олар ішкі жақта орналасқан. Бұлшық ет ұлпасынан бұлшық ет пен жүрек жаралады, ал жүйке ұлпасы ми мен жұлынды құрайды.

Ал биологиялық ұлпалар бір-бірімен қалай байланысады? Ол үшін ағзада ерекше бай         ланыстырғыш ұлпа болады.

Егер сен кеудешеңді жыртып алсаң, анаңа оны тігуге тура келеді. Ал біздің денеміздің ұлпалары өздерін-өздері қалыпқа келтіреді. Бәрінен бұрын шырышты қабат пен тері өз қалпына келіп алады. Олардағы кішкентай жаралар мен сызаттардың жылдам бітетінін өзің де жақсы білесің ғой.

Құс тері

Адамдарға тері не үшін керек? Ол денеге арналған жейде тәрізді – оны қорғайды және жылытады. Сен тоңған кезде анаң: «Қарашы, денең құсеттеніп кетті ғой» деп жатады. Олай болу себебі, терінің ортаңғы қабатында (дермада) кішкентай бұлшық еттер пайда болады. Олар терінің үстіндегі түктерді көтеріп, аяқтарынан тік тұрғызады. Сондай-ақ әр түкке титтей ғана май бөліп шығарады. Дәл осылай құстар да қанаттарына су жұқпауы үшін оларды майлап отырады.

Түктер тік тұру арқылы дененің жылы қабатын сақтап тұрады. Ал ыстық күндері, керісінше, түктер төмен түсіп жатады, тері тегістеліп, тамшы-тамшы термен жабылады. Осы тер булану арқылы денені салқындатып, қызып кетуден қорғап тұрады.

Соғып алған жер неге көгереді?

Сен тізеңді ұрып алдың, дәл сол жерде көгерген дақ пайда болды. Бір апта бойы сол жеріңді қадағалайтын болсаң, терінің түсі өзгеріп тұратынын байқайсың.

Алдымен соғылған жер қызарады: бұлай болу себебі тері астындағы ұсақ қан тамырларына байланысты. Қатты соққы кезінде олар жарылып кетеді де, теріге қан тарайды. Ал қанның қызыл екенін барлығымыз жақсы білеміз. Оған мұндай түсті қанның құрамындағы гемоглобин түйірлері береді. Уақыт өте келе соққы алған жер өз түсін өзгерте бастайды: алқызыл, шие түстес, көк, жасыл және сары. Ең соңында терідегі сары түс ағарып жоғалып кетеді.

30966465_xlБір де бір жамау жоқ! 

Неге бір ғана жейдемен жүре беретін болсақ, ол біраз уақыттан кейін жыртылып, шынтақ тұсы сөгіліп кетеді де, ал теріміз ондай күйге ұшырамайды? Себебі, ол апта сайын жаңарып отырады. Шамамен осынша уақыт аралығында терідегі кішкентай сызаттар жазылып кетеді. Жас жасушалар өсу қабатынан жоғары көтеріледі де, артынан семіп, қатып, қабыршаққа айналады. Олар теріні біраз уақыт қорғап тұрады да, уақыты келгенде  түсіп қалады.

«Жумасаң да, ысқыла» деген мақалды естуің бар ма? Бұл нағыз осы түлеп қалған жасушаларға байланысты айтылған. Мысалы, оларды ыстық буда отырып қолмен-ақ ысқылап түсіруге болады. Егер семіп қалған жасушалар теріде қалып қоятын болса, барлығымыз қатты қабыршақтардан тұратын едік. Сенің денеңде оның қалыңдығы жарты метрді құраса, анаң мен әкеңдікі екі метрге жетер еді. Мұндай қатты қабаттың әсерінен тері тыныс ала алмай, ағзаға зиянын тигізер еді. Жасушалар дене жалаңаш әрі таза болған уақытта жақсы демалады. Сондықтан да тазалықты сақтап, жаздың күні құр іш киіммен жүрген өте пайдалы.

Шаш – бас киім

Бастағы шаш не үшін керек? Қыс уақытында олар бас киімнің, ал жаздың күндері панаманың рөлін атқарады. Шаш талшықтары неғұрлым қалыңырақ орналасса, соғұрлым олар өз бұйрасының ішінде ауаны көбірек сақтайды. Нақтырақ айтқанда, ол қызу алмастырғыш қызметін атқарады. Яғни бастың керек кезде суынып, қажет кезде жылынып тұруына көмектеседі. Міне, сол себепті негрлер мен арабтардың шаштары бұйра әрі қалың болып келеді. Әйтпегенде, олардың елдерінде тегіс әрі жұқа шашпен бастарынан күн өтіп кетуі мүмкін ғой.

Төбедегі жүйек

Шаш қалай өседі? Тура жүйектегі пияз сияқты. Әр шаш талшығының түбі өзекшемен аяқталады, олар теріге еніп, пияз тәрізді түйінге айналады. Оның жасушалары бөліне бастайды, ал шаштың өзі ақырындап өседі. Оның өсу ұзындығы шамамен айына бір сантиметрді құрайды.

…Қалай, қызықты мәлімет алдың ба? Біздің саған айтар жаңалықтарымыз әлі көп. Сондықтан, келесі кездескенше!

Оставить комментарий