Главная » Главная » Демалыс, ойын, қуаныш…

Демалыс, ойын, қуаныш…

TD4A4251Орталық мәдениет және демалыс саябағының (бұрынғы М. Горкий атындағы саябақ) атын естігенде кез келген адамның есіне балғын балалығы түсері сөзсіз. Себебі, бұл саябақ қуаныштың, күлкінің, алаңсыз бақытты кезеңдердің естелігі іспеттес

Қаншама алматылық ұрпаққа ең алғаш рет мәдениет пен қоғамның не екенін түсіндірген, сұлулық пен тазалықты сезіндірген, өзінің бұл өмірде көп нәрсеге жауапты екенін түйсіндірген – дәл осы Орталық мәдениет және демалыс саябағы болар. Қала саябақтары – достардың жиналатын, ғашықтардың кездесу ұйымдастыратын, ересектердің бас қосатын орны. Саябақ – адамға өзін табиғаттың бір бөлігі екенін түсінуіне, онымен етене жақын болуына көмектесетін жер. Жайқалып өскен ағаштар, сарқырап аққан су, аспанды айнала ұшқан түрлі құстардың әсем дауысы, таза ауа – жан рахатына бұдан артық не керек. Сондай-ақ әр ата-ана баласының шаттыққа толы күлкісін естіп, қуанышты жүзін көргенде өзін ерекше бақытты сезінеді емес пе?! Олай болса, Орталық мәденит және демалыс саябағы дәл осындай көңіл күй сыйлайтын тамаша мекен. Ол бүгінде Алматы қаласы бойынша келушілер саны жағынан даусыз бірінші орынды алатын жер. Мұнда ересектер де, балалар да қуана-қуана келеді. Және демалыс күндерін шын мәнінде лайықты өткізеді.

Тарихқа үңілсек

Саябақ тарихы Верный қаласының маңында азаматтық қоныстардың пайда болуымен және түрлі өнеркәсіптердің дамуымен байланысты бастау алады. Алғаш рет саябақты 1856 жылы, Кіші Алматинка өзенінің жайылымына, Верный гарнизонының офицерлеріне демалыс әрі серуен орны ретінде «Қазыналық бақ» қылып ғалым-бағбан Г.Криштопенко салған болатын. Қырымнан тәжірибе жинақтап келген ғалым алғаш рет саябаққа жапырақты және қылқанды ағаштарды отырғызады. Жасылдандыру жұмыстары кезінде қасына Верный қаласының Кутабердин, Сергеев, Чванов сияқты осы саланың білгір мамандарын жинайды. Ауа райы жағдайын, жердің құрамын жақсылап зерттеген Криштопенко, Қазыналық бақтың ішіне тек орта азиялық өсімдіктерді ғана емес, сонымен қатар Орталық Ресейге тән өсімдік түрлерін де отырғызуға болатынына көз жеткізеді. 1868 жылы Верный қаласына Ташкенттен, Никиталық ботаникалық бақтан, Пезен бағбаншылық училищесінен көшеттер мен тұқымдар әкелінеді. 1874 жылы Криштопенко Қазыналық бақты ары қарай басқаруды өзінің атақты верныйлық орманшы інісі Эдуард Баума Карлге тапсырады. Эдуардтың табанды еңбегінің арқасында бақ көпшіліктің жиі келетін орнына айналады. «Қазыналық бақта» немесе басқаша айтқанда, көшеттікте жемісті және декоративті өсімдіктерді, көкөністерді өсіріп, жібек құртының ұрығын көбейтеді. 1869-1875 жылдары бақ ішінде жылыжай салынып, гүлзарлар ашылып, өсімдік отырғызатын материалдар құрылады және Эдуард Бауманың бастауымен 10-15 адамнан тұратын бағбаншылық мектеп ашылады.

TD4A4151Алғашқы қадам

Осылайша бақ Верный қаласымен бірге гүлденіп, жетіле түсті. Адамдар демалуды, өсімдік әлемін тамашалап бір сергіп қалуды аңсаған кезде осы саябаққа келетін болды. Осыған байланысты бақ ішінде асханалар мен дәмханалар ашылып, би алаңы құрылып, орындықтар қойылып, бильярд секілді ойындарға орын бөлініп, саяжолдар абаттандырылды. Ол уақытта саябаққа кіру тегін еді. Алғашқы орыс революциясы жылдарында (1905-1907) Верный қаласындағы өнеркәсіп жұмыскерлері, оқудағы жастар бақ ішінде маевка, митингі және жиналыстар өткізетін болған. 1919 жылы саябақта атақты Жамбыл ақынның қатысуымен айтыс өткізілген. 1934 жылы саябақта жөндеу жұмыстары жүргізіледі, терең суайдындарының жағалауына Алматы жұмыскерлерінің демалуына арналған база құрылып, аттракциондар ашылады. Ал бақтың шығыс бөлігінде, бұрынғы жоңышқа өсінділерінің орнына хайуанаттар бағы қойылады. 1935 жылы саябақ «А. М. Горький атындағы мәдениет және демалыс саябағы» деген атқа ие болады, ал 1940 жылы бақ ішінде Горькийге ескерткіш тұрғызылады. Бүгінде саябақ «Орталық мәдениет және демалыс саябағы» деп аталады.

TD4A4196

Шаттықтың мекені

Барлығымыз бала кезімізде әткеншекке отырып алып, ары-бері тербелгенді жақсы көретін едік қой. Шашымыз желпілдеп аспанға қарай құлаштаған сайын, өзімізді бейне бір ұшақта отырғандай, кейде, тіпті, аспанды шарлаған құстай сезінетінбіз. Ол кішкентай ғана ауламызда тұрған немесе балабақшада орналасқан әткеншектер болатын. Ал орталық саябақта орналасқан аттракциондар баланы қойып, ересектердің өзін бір желпінтіп тастайды. Қаланы төбесінен көріп тамашалау, зу ете түсіп біресе төмен, біресе жоғары зырылдау, аяғың жоғарыда тұрып, басыңмен төмен салбырау – осының бәрі естен кетпес әсер қалдыратыны сөзсіз. Биіктіктен қорқатын балақайлар мен жылдамдықтан жасқанатындар үшін баяу айналатын немесе бір орында тұрып қозғалатын әткеншектер қарастырылған.

TD4A4235Ең кішкентайлар үшін

Саябақ өзінің кішкентай келушілеріне арнап «Балалар қалашығын» салып қойған. Бұл жерде бүлдіршіндер пойызға отырып зымырап, түрлі қызықтарға кенеледі. Жол бойында кездесетін үндістер, олардың жетекшілері кімді болсын бейжай қалдырмайды. Бұдан кейін пойыз балақайларды ертегі әлеміне алып келеді. Көлік жүргізуді ұнататындар үшін автодром мен отбасылық автомектеп бар. Сондай-ақ еркетайларыңыз піл үстінде сырғанап, атпен серуендеп, батутта секіре алады.

Аквапарк

Авквапарк – сулы таулар, хауыз және тағы басқа су ішінде өтетін қызықтардан тұратын кешен. Хауыз маңы алуан түрлі сирек кездесетін жапырақты және қылқанды өсімдіктермен көмкерілген. Экстремалды таушықтар: камикадзе, торнадо, бездна, сары өзен, қара ойық, үлкен хауыз – міндетті түрде баршаның көңілінен шығады. Кішкентай жүзгіштер үшін аквапарк ішінде екі хауыз, кішкентай таушық және сарқырама қойылған.

TD4A4246Өзен

Саябақ қонақтары көлдің, бұрқақ пен сарқыраманың керемет көрінісін тамашалап, судың салқын лебін сезе алады. Сондай-ақ көл бетімен қайықта, катамаранда жүзу мүмкіндігі бар. Тек сіздер үшін жұмыс істейтін VIP классты «Park House» мейрамханасында түрлі дәмнен ауыз тиіп, жағымды музыканың ырғағына бөлене аласыздар. Сонымен қатар бұрқақ көрінісіне жақын орналасқан көл жағалауындағы «Көлде» және «КӨК-ТӨБЕ» дәмханаларынан кез келген адамның талғамына сай асқа тапсырыс беруге болады.

TD4A4158Экстремалдық әсерді сүйетіндерге

Жай ғана қыдырып қайтуды қанағат тұтпай, тағы біраз сергіп, тіпті, сәл үрейге бой алдырғысы келетін жастар үшін саябақ ішінде «Матерхорн» аттракционы жұмыс істейді. Мұндағы «Пират» әткеншегіне отырған адам міндетті түрде бар дауысымен айғайлап, қорқыныштан қол-аяғы дірілдеп, төбе шашы тік тұратын болады. Егер бұл әсерді де місе тұтпай тұрсаңыз, «Қорқынышты бөлмеге» кіріп шығуға кеңес береміз. Бұл жерде сізді түрлі «тосын сыйлар» күтіп тұр. Қанша жерден батырмын деген адамның өзі құбыжықтың қолы келіп денесіне тигенде айғай салудан басқа амалы қалмас. Алайда, қорқынышты серігіндей көретін жастарға бұл майша жағатын болар. Ал ғашықтар велосипедке мініп, бақ ішіндегі хауыз бен бұрқақты, жүзіп жүрген қайықтар мен катамаранды  жоғарыдан тамашалай алады.

Динопарк

Бір кездері жер бетін мекендеген, бүгінде түрлі ертегілер мен аңыздардың кейіпкеріне айналған динозаврларды өз көздеріңізбен көргендеріңіз бар ма? Олардың орасан зор бейнесі, жан түршігерлік, үрейді алар дауысы, ебедейсіз қимылдары сізді кино ішіне кіріп кеткендей сезімге бөлейді. Жан-жағына таңдана қарап тұрған кішкентайыңызбен бірге өзіңіз де біраз қызықты тамашалап, танымыңызды арттыра аласыз.

Оставить комментарий