Главная » Беременность и роды » Жағымды серуен

Жағымды серуен

1Болашақ ана ешқашан жалғыз серуендемейді. Ол әрқашан құрсағындағы сәбиімен бірге демалады. Ал олардың таза ауада қыдыруларына не кедергі болады екен?

Дәрігер сізге таза ауада көбірек серуендеу керек деп айтқан болар. Әрине, сіз де жаяу жүріп, көп уақытты далада өткізудің қаншалықты пайдалы екенін түсініп отырсыз. Таза ауа бөбегіңізге керек болса, денеге салмақ түсіру сіз үшін маңызды. Мұны бәрі біледі. Десек те, не себепті дәрігердің кеңесі сізді соншалық ойландырды?

Шынында да, осы күнге дейін сіздің өміріңізде себепсіз серуендеуге уақыт болмаған шығар. Далаға мақсатсыз шығып үйренбеген боларсыз. Сіз үнемі жұмыс істедіңіз, ал кешкісін достарыңызбен кездесіп, концерттерге немесе киноға барушы едіңіз. Жүктілікке дейін сіздің өміріңіз қанық бояуларға толы болғанымен, олардың арасында серуендеуге орын жоқ болатын. Адамдардың көбі күндіз қыдырудың не екенін түсінбейді. Олар далаға нақты мақсатсыз әрі серіксіз шыққан соң, өздерін ыңғайсыз сезініп, біраз абыржып қалады.

Кіммен? Қашан және қайда?

Далада қыдыруға байланысты аналарды мазалайтын сұрақтар жетерлік. Мысалы, кіммен серуендеймін? Жалғыз қыдыру көпшілік адамға ұнамайды және ол көбінің қолынан келмейді. Десек те, күйеуіңіз жұмыстан кеш келеді, ал құрбыларыңыз жұмыста немесе үй шаруасымен айналысып жүрсе, не істемексіз? Мүмкін, сізбен бірге серуендеуге енеңіз келісетін шығар. Алайда, ол кісімен серуендеу сізді біраз ыңғайсыздандырады…

Екінші сұрақ – қашан серуендеймін? Егер сіз әлі де декреттік демалысқа шықпаған болсаңыз, таңертен жұмысқа асығасыз және бір жарым сағатқа ертерек тұрып, бірнеше көше жаяу жүруге дайын болмайсыз. Ал кешкісін жұмыстан кейін шаршағаныңызды сезесіз. Демалыс күндері де істейтін шаруа бастан асып жатыр.

Енді үшінші сұрақ – қайда барып серуендеймін? Осыдан біраз уақыт бұрын сізге өзіңіз тұратын жер жайлы болып көрінетін. Ал жүкті болғалы оның соншалықты керемет емес екендігін байқағандайсыз. Айналаңыздың бәрі жаңадан салынған үйлер. Отыруға болатын жайлы орындықтары бар көлеңкелі саябақ та жоқ.

Әрине, жоғарыда айтылғандардың бәрі маңызды. Десек те, ең маңыздысы – не үшін серуендейтініңізде, яғни оның не мақсатпен жасалатынында. Сіздің мақсатыңыз біреу ғана, ол – дені сау сәбиді дүниеге әкеліп, психологиялық және физикалық тұрғыдан оның дүниеге келуіне дайын болу. Ал серуендеу осының бәріне көмекші болмақ. Таза ауада серуендеудің бөбекке қаншалықты пайдалы болуынан бөлек (оттегінің жетіспеуі баланың жүйке жүйесіне әсер ететіні белгілі), тағы бір жағымды жағы бар. Ол сіздің күнделікті күйбең тіршіліктен бір мезетке болсын алыстауыңызға, жүйке жүйеңізді тыныштандыруыңызға, төзімділігіңізді арттыруыңызға және жақсы сезімдерге бөленуіңізге мүмкіндік береді. Ендеше, мақсатымыз айқындалса, серуендеуден толықтай ләззат алуға кедергі келтіретін кикілжіңдерден қалай құтылатынымызды ойланайық.

Жақсы әдет

Кіммен серуендеймін? Әрине, күйеуіңізбен. Отбасын құруда материалдық негіздің болуы маңызды екені рас. Жолдасыңыздың көбірек ақша табу үшін көп жұмыс істеуі де дұрыс-ақ. Алайда, баланың дүниеге келуін күтіп отырған жалғыз сіз емес. Қазірден осылай болса, күйеуіңіз сәби дүниеге келген соң да жұмыстан шыға алмайды (отбасын асырау үшін!), ал бөбек әкесін сирек көретін болады. Бұл әдетке айналып кетуі мүмкін.  Ал егер сүйіктіңіз өзіне керемет асыраушының рөлін алмай, сіздерге де көңіл бөлсе, әкелік өмірдің қуанышына кенеледі.

Күйеуіңізге мынаны түсіндіріп көріңіз: сіздердің отбасыларыңызға ол қызмет уақытынан тыс жұмыс істемегенде тапқан табысының өзі жеткілікті. Әдетке айналған, алайда соншалықты қажеттілікті туғызбайтын шығындардан бас тартыңыздар. Ең сапалысы материалдық заттар емес, кішкентайларыңызға деген махаббат болуы керек. Тағы, тамақтанатын азық-түлік те табиғи әрі балғын болуы тиіс. Ал қалғандары: қымбат бесік арба, кереует пен ойыншықтар жай ғана кейбір ата-аналардың перзентін өз қиялындағы бақытты балалық шақпен қоршап қою арманы. Әрине, ойыншықтардың болғаны жақсы, бірақ әкесінің жанында болуы одан да артық. Демек, дәл осындай өмірге дайындық ретінде күйеуіңізбен бірге жиі серуендеңіздер.

2

Жаңа құрбылар

Шынымен де,  өзің сияқты жүкті әйелдің керемет серікке айналары сөзсіз. Тіпті, балаңызды босанғаннан кейін де, сіз емханада, дүкенде, серуен кезінде танысқан өзіңіз сияқты аналармен араласатын боласыз. Олармен түрлі түйткілдер жайлы әңгімелесу де қызық болмақ. Уақыт өте келе мұндай достық нығаюы мүмкін немесе мүлдем үзіліп кетеді. Бірақ, бұл жерде анық бір нәрсені байқауға болады. Болашақ ананың ең жақын құрбысы – болашақ ана. Себебі, достыққа бір-біріңмен бөлісе отырып жүргізетін бірдей өмір сүру салты да жатады. Өзіңіздей жүкті әйелмен серуендеген кезде, дәрігердің айтқан кеңестері мен қай перзентхананың жақсы екені жайлы сөз қозғап, оларды талқылаудың өзі қызықты болмақ. Сондай-ақ, сіз бүгінде ана атанып қойған құрбыңызбен де уақыт өткізе аласыз. Бұл сізді ана болуға дайындайды.

Серіксіз де қызықты!

Жалғыз серуендеудің де жақсы жағы бар. Сіз өз-өзіңізбен оңашада қалып, бұрында байқамай жүрген кемшіліктерді аңғара аласыз. Мысалы, ағаштың гүлденуіне, бұлттардың қызықты пішіндеріне, үйлер мен ғимараттардың сұлулығына назар аударасыз. Бірақ әлі де мақсатсыз қыдырғанды ұнатпасаңыз, ол мақсаттарды өзіңіз ойлап табыңыз.

Зерттеу жүргізіңіз. Дәрігер сізге серуендеумен қатар жемістерді көптеп жеңіз деген кеңес берді ме? Демек, супермаркетке бару керек! Мүмкін, ең дәмді алмалар сатылатын дүкен сіздің үйіңізден бір сағаттық қашықтықтағы жерде орналасқан шығар. Онда сіздің жолыңыз болды. Себебі, сізге ауыр көтеруге болмайды. Сондықтан, сіз бір-екі жеміс алу үшін күніге сол дүкенге баратын боласыз. Бұл таптырмас жаттығу мен барлау жұмысы. Егер жол  жағымды, ал сатушылар қонақжай болса, кейіе бұл дүкенге бесік арбамен келіп тұруыңызға болады.

Табиғатты бақылаңыз. Жүктілік кезінде болашақ аналар өз балалық шағын еске түсіргенді ұнатады. Мектеп кезін есіңізге алыңызшы. Табиғаттың өзгеруі туралы жазып, күнделік бастап көріңіз. Кешеден бері ауаның қаншалықты өзгергенін, күннің батуы мен гүлдердің бүршік атуын қараңыз. Осылайша табиғатпен жақындасатын болсаңыз, ойларыңыз тазарып, тыныштыққа кенелесіз. Әрі баланың дүниеге келуінен басқа артық уайымдар туралы ұмытасыз. Бұл болашақта да сәбиіңізді жақсы түсінуіңізге көмектеседі.

Жаңа бағыттарды іздеңіз. Ана болуға дайындалып жүргенде сіз жақын арадағы саябаққа немесе қала сыртына шыға аласыз. Десек те, бөбек дүниеге келген соң қала сыртына шығу қиынға соқпақ. Сол себепті жақын маңда қандай жерлерге барып серуендеуге болатынын қазірден-ақ іздей беріңіз. Әсіресе, балаларға арналған алаңы бар аулаларды, саябақ пен гүл бақшаларын тапсаңыз, тіптен керемет. Сіздің қазіргі серуеніңіз балаңыз дүниеге келгендегі қыдыруларыңыздың дайындығы десек те болады. Қай жерге балаңызбен жаяу, ал қай жерге бесік арбамен серуендей алатыныңызды есте сақтап жүріңіз.

Таза ауада тамақтаныңыз. Егер сіз әлі де жұмыс жасап жүрсеңіз, тым болмаса түскі ас уақытында серуендеңіз. Жазғы алаңы бар кафелерді таңдаған жөн. Ал демалыс күндері бар уақытыңызды үй шаруасына арнаудан аулақ болыңыз. Бұл күндері қала сыртына немесе саябаққа барып серуендеңіз. Мүмкіндік болса, кешкі асты далада немесе балконда отырып ішіңіздер. Мұндай жерде кітап оқып, күйеуіңізбен де жағымды нәрселер туралы әңгімелесе аласыздар.

Total Views: 558 ,

Оставить комментарий