Главная » Календарь развития » 8-11 месяцев » Сәбиге де су керек!

Сәбиге де су керек!

3Күн санап аптап ыстық басталған сайын бәріміз қайта-қайта су ішіп, тоңазытқыштың ішінде міндетті түрде салқын сусынның тұрғанын қалаймыз. Алайда, өзімізді ғана ойламай, әзірге тілі шықпаған сәбидің де шөлдеп қалмауын бақылайық

Жаз келіп, күн ысығанда бір орында тұра алмайтын тынымсыз сәбидің ересектерге қарағанда екі есе жиі шөлдеуі орынды. Осындайда аналар сусынның жай ғана шөлді қандырып қоймай, әрі балақайдың ағзасына пайдалы болуына да ерекше мән береді. Құрамы суға бай сусындар балаға өте қажет-ақ. Әсіресе, жаз мезгілінде ағзаның суға тапшылығын болдырмау керек. Ендеше, сәбилерге қандай сусындарды және қандай мөлшерде беруге болатынын қарастырып көрелік.

Рас, су адамның бойына қуат бітірмейді, сондай-ақ оны қарын тойдырады деп те айта алмаймыз. Дегенмен, «су – тіршілік көзі». Адам баласы сусыз өмір сүре алмайды. Ересек адамдардың ұлпасында су бүкіл дене салмағының   65%-ын құраса, балаларда бұл көрсеткіш 70 және одан да жоғары пайызды көрсетеді екен. Қажетті мөлшердегі ылғал тапшылығы қанның ұюына, оның құрамындағы минералды тұздардың немесе қанттың шоғырлануына алып келеді. Су адам ағзасында өте көп қызметтерді атқарады. Атап айтсақ, асқазан-ішек жолы арқылы қанға келіп түсетін барлық заттар және несеп арқылы бүйректен сыртқа шығарылуы тиіс заттек алмасудың негізгі өнімдері осы судың көмегімен ериді. Сондай-ақ су адамның денесін керек кезде терлетіп, осы арқылы оны қатты қызып кетуден қорғау үшін керек.
Қалыпты жағдайда ересек адамның ағзасы тәулігіне 1 кг салмағына шамамен 40 мл сұйықтықты талап етеді. Ал балаларда, әсіресе, емшек жасындағы сәбилерде   бұл норма айтарлықтай жоғары. Сондықтан, дене салмағы 1-10 кг аралығындағы сәбилерге тәулігіне әр килограммына 100 мл-ден сұйықтық ішкен дұрыс. Мысалы, сәбидің салмағы 8 кг болса, бір күнде ол 800 мл-ге дейін сұйықтық ішеді. Ал салмағы 10 кг-нан жоғары балалар әр килограммына 1 л+50 мл сұйықтық пайдалануы тиіс екен.

Адам ағзасына су түрлі күйде (шай, сүт, шырын, сорпа және тағы басқа сұйық тағамдар арқылы) түседі. Сонымен қатар оның аздаған мөлшері ақуыздардың, майлар мен көмірсулардың қышқылдануы салдарынан ұлпаларда пайда болады.
Бұрын мамандар емшектегі балаға тамақтанып болған соң қайнаған суды салқындатып беруді ұсынатын.  Қазіргі медицина емшек еметін бір жасқа дейінгі бөбектерге қосымша сұйықтық берудің қажеті жоқ дегенді алға тартады. Себебі, ол ана сүтінің есебінен беріледі. Ал қолдан тамақтанатын балалардың ағзасына сұйықтық ана сүтінен немесе арнайы қоспа арқылы, сонымен қатар басқа тағамдардан түседі. Сондықтан, су тапшылығын болдырмау үшін оларға қосымша сұйықтықты міндетті түрде беру керек болады. Әдетте, ересектер шай, кофе, какао, нәрсу, морс, лимонад, минералды су немесе жемістердің, көкөністер мен жидектердің балғын шырыны сияқты сусындарды жиі пайдаланады. Шартты түрде оларды ыстық және салқын сусындар деп бөліп қарауға болады. Көп аналар өздері ішетін сусындарды балаларына да беріп жатады. Бұл қаншалықты дұрыс? Аталған тізімнің ішінен қандай сусындарды және қанша мөлшерде сәбилерге беруге болады? Осы тақырыпта біраз сөз қозғасақ, артық болмас.

2

Ыстық сусындар

Бір жасқа толмаған бөбектерге шай, кофе сияқты сусындарды берудің қажеті жоқ. Біріншіден, олардың құрамында кофеиннің болатыны баршамызға белгілі. Ал ол орталық жүйке жүйесіне ықпал етеді. Осылайша, егер сіз шай мен кофені балаңызға ерте жастан ұсынсаңыз, оның жүйкесі тез шаршап, өзі шамадан тыс белсенділікке тап болады. Негізі, балақайға шайды 3 жастан бастап ұсынуға болады. Ал оған дейін тек көп мөлшердегі сүтпен араластырып берген дұрыс. Сондай-ақ сәбилерге кептірілген жемістер мен шөптердің (долана, итмұрын), жидектердің (қарақат, таңқурай, шетен) шайын дайындап беруге болады. Мұндай шайлардың қолайлы орамада балаларға арналып шығарылатынын естеріңізге саламыз.
Кофенің құрамында ақуыз, май, көмірсу, минералды бөлшек, дәрумендер сияқты 300-ден астам құрамдастар бар. Ал оған хош иіс сыйлайтын жұпар сіркелі альдегид, метил спирті және этанол арқылы берілген. Міне, сондықтан да кофені сәбидің ас мәзіріне мүлде қосуға болмайды.

Какаоны какао ағашының бұршақтарынан ферменттеу, қуыру, сығымдау және уату тәсілдерімен алады. Дайын какао ұнтағына ванилин мен лецитин қосады. Какаоның тағамдық құндылығы өте жоғары, оның құрамы калий, фосфор, темір және ниацинге бай. Дайын болған сусын баланың ағзасына ынталандырушы әрі сергіткіш күш ретінде әсер етеді. Ал жас ағзаға әзірше мұндай ықпалдың қажеті шамалы екенін ескерсек, 2-3 жасқа толмаған және асқазан-ішек жолы ауыратын балаларға какаоны да берудің керегі жоқ екені түсінікті болады.

Салқын сусындар

Ауыз су. Сәбилерге еш уақытта құбырдан ағып жатқан суды беруге болмайды. Ең дұрысы, мұндай суларды арнайы құтыда сатып алу керек. Егер ондай түрін таппасаңыз, аз мөлшерде минералданған суларды таңдаңыз. Себебі, судың құрамында кальций, магний және натрий көп болса, бұл бөбектің бауырына салмақ түсіруі мүмкін. Сондай-ақ құтыдағы суды алған кезде оның сыртында Денсаулық сақтау министрлігінің балаларға ішуге рұқсат етілген деген нұсқауының болуын қадағалаңыз. Сонымен қатар мұндай құтыдағы суларды баланың ботқасын немесе тағы басқа тағамдарын дайындау үшін алаңсыз қолдана аласыз. Бір жастан асқан балаларға минаралды суларды беруге болады. Алайда, сәбилер үшін олардың тек газдалмаған түрін таңдау керек. Құрамында көмірқышқыл газы бар сусындарды пайдалану бөбектерің ағзасына ауыр тиеді, осының салдарынан оның іші кеуіп, қайта-қайта кекіріп, мазасы кетеді.

Шырын сәбилердің ең сүйікті сусыны деуге болады. Оларды сәбидің ас мәзіріне алты айдан кейін енгізеді. Бастапқыда бөбек қасықтың ұшымен шырынның дәмін алады. Осы кезде ешқандай аллергиялық белгі байқалмаса, күн өткен сайын оның мөлшерін көбейте түсуге болады. Негізі, сәбилерге гипоаллергенді, ақ түсті, балалардың тамақтануына ұсынылған өндірістік өнімдерді беру керек. Мысалы, тазартылған қантсыз алма шырыны. Соның ішінде ең кішкентайлар үшін жасыл алманың шырындары пайдалырақ болып саналады. Кейін ақырындап алмұрт, өрік шырындарын және құрамында мәйегі бар түрлерін енгізе бастайды.

Нәрсуларды (компот) сәби 8-9 айға келгенде ұсынуға болады. Бастысы, оларды дайындау кезінде барлық гигиеналық талаптарды орындау керек. Яғни кептірілген жемісті жақсылап тұрып жуып, қайнатамыз. Жемісті отта ұзақ ұстаудың қажеті жоқ, мұндайда ол барлық дәрумендері  мен пайдалы құрамдастарынан айырылады. Еш уақытта балаға ашып кеткен немесе бөтен иісі бар сусынды ұсынбаңыздар. Сондай-ақ нәрсуға қант қосудың қажеті жоқ. Алдымен оны алма, алмұрт, өрік сияқты гипоаллергенді жемістердің қақтарынан жасаңыз. Кейін балаңыз бір жастан асқан соң нәрсуды қарақат, шие, қожақат сияқты жидектер қосып дайындасаңыз болады. Нәрсуды балаға бөлме температурасына дейін салқындатып береді.

1

Қосымша сусынды қай уақытта ұсынамыз?

Өзі сөйлей алатын бала, әрине, керек кезде су сұрап ішеді. Ал емшек еметін немесе аралас тамақтанатын бөбектерге қосымша сусынды қай уақытта береміз? Жас сәбилер, тура ересек адамдар сияқты, тамақтанып болғаннан кейін шөлдейді. Сондықтан, сусынды тамақтан кейін немесе тамақтану аралығында берген жөн. Әсіресе, шырын, нәрсу секілді калориясы көбірек сусындарды міндетті түрде тамақтан кейін ұсынады. Себебі, олар баланың тәбетін бұзады. Ал қышқыл сусындарды аз мөлшерде тамақ алдында берген жақсы. Себебі, ол асқазанға әсер етіп, оны жұмыс істеуге дайындап, қызметінің белсенділігін арттырады. Жаздың ыстық күндерінде кішкентайларыңызға жиі-жиі сусын ұсынып тұруды ұмытпаңыздар!

Кептірілген итмұрын жемісінің қайнатпасы

Сізге керегі: 200 мл суға 20 г, 1000 мл суға 100 г итмұрын жемісі. Итмұрынның құрғақ жемістерін суық сумен жуамыз, үстінен қайнаған су құйып, эмальды ыдыста қақпағын жауып 10-15 минут қайнатамыз. Қайнатпаны оттан алып, бөлме тепмературасында 3 сағат салқындатамыз. Кейін тұнбаны сүзіп алып, қажет болған жағдайда кішкене қант қосып, балаға береміз.

Кептірілген жемістердің нәрсуы

Сізге керегі: 210 мл суға 30 г,  1000-1100 мл суға 150 г кептірілген жемістер. Жемістерді жақсылап сұрыптап, жылы сумен мұқият жуамыз. Таза қақты эмаль ыдысқа салып, үстінен қайнаған су құйып, баяу отта 30-35 минут қайнатамыз. Дайын болған сусынды суытып қоямыз.

Үй жағдайындағы лимонад

Сізге керегі: 1000 мл суға 1 лимон, 2 ас қасық қант. Лимонды жылы сумен жуып, ұсақтап тураймыз. Немесе жемістің шырынын сығып алуға болады. Оның үстіне қайнаған су құйып, қант қосып, жақсылап араластырып, бір сағатқа қойып қоямыз. Алынған сусынды сүзіп, салқындатып, кішкентайыңызға ұсынсаңыз болады.

Оставить комментарий