Главная » Календарь развития » 4-7 месяцев » Әлди, әлди, бөбегім…

Әлди, әлди, бөбегім…

3

«Ұйқы — тынықтырады, Жұмыс — шынықтырады» деген бар емес пе? Бұл нақылдың мәнін, әсіресе, жас аналар жақсы түсінетін болар. Себебі, нәресте өмірге келген соң олардың бұрынғы күн кестесі жүз пайызға өзгеріп кетеді

Ұзаққа дейін ұйықтамай қойған қызымды қолыма алып, репертуарымдағы бесік жырларын түгел айтып тауысып, ақыры өзім ойдан қосып, әндете бастадым:
Әлди, әлди, бөбегім,
Құшып сені, өбемін.
Ұйықтай қойшы, алтыным,
Сол ғой сенің көмегің.

Әлди, әлди, күнімсің,
Жайнап өскен гүлімсің.
Шаршағанын анаңның,
Дәл өзіңдей кім білсін…

Мұрыны пысылдап, жыбыр-жыбыр етіп жатқан беті тыныштық тауып, қызымның шынымен ұйықтағанына көз жеткізген соң төсегіне жатқыздым. Осы кезде қасымызда кітап оқып жатқан әкесі сыбырлап «Шаршағанда ақын да болып кетеді екенсің ғой» деп күлді…
Бұл бір менің ғана емес, барша жас аналар басынан кешетін күй екені белгілі. Өкінішке орай, уақытында ұйқыға жатпай, күн мен түнді шатастырып, біраз уақытқа дейін анасын мазалайтын сәбилер жиі кездеседі. Мұндайда бөбек жай ғана тыныш жата алмайды, оған міндетті түрде анасының қасында болғаны, қолына алып тербеткені, ән салып бергені қажет. Егер туындаған түйткілді бірден қолға алып, жаңа тәртіп қалыптастырмасаңыз, ертең бұл күнделікті әдетке айналып кетуі мүмкін. Ондайда сізге де, балаға да оңай болмайды. Ендеше жағдайды қалыпқа келтіруге септігін тигізетін бірнеше кезеңдерге тоқталып өтейік.

Тәртіп, тәртіп, тағы да тәртіп!

Үнді Ведаларына сәйкес, ұйқыға сағат онда жатып, таңғы алтыда тұрған дұрыс екен. Түннің бір уағына дейін жүріп алатын адамдар мидың қалпына келуіне кедергі жасайды. Сондықтан, бөбекті үш айынан бастап күнделікті бір уақытта ұйқыға жатқызуды әдетке айналдыру керек. Оның нақты қай уақыт екені әр отбасында жеке-жеке тағайындалады. Қалай болғанда да тым кеш қалудың қажеті жоқ.
Егер балаңыз таңертең көзін аша алмай, ал кешке, керісінше, ұйқыға жатпай мазасызданса, оны таңертең ерте оятып алыңыз. Түнгі ұйқының тыныш әрі толыққанды болуына ықпал ететін тағы бір фактор – күндізгі ұйқының уақытылы әрі дұрыс болуы. Балалар дәрігерлері егер сәби күндіз өз жасына қарай белгіленген уақытта жақсы ұйықтаса, оның түнгі ұйқысы да тыныш болады дегенді алға тартады. Сәйкесінше, бала күндізгі ұйқының нормасын дұрыс орындамаса, оның түнгі ұйқысы да шала болады.

2

Ойнаймыз да сөйлейміз

Күндіз баланы далаға көп шығарыңыз. Сыртта жаңбыр жауып тұрған күннің өзінде, күніне екі сағаттан екі рет таза ауаға шығу міндетті. Сәбиді белсенді қозғалысқа итермелейтін ойындар ойлап табыңыз. Ол қасында жатқан ойыншыққа қолын созсын, мойынын ары-бері бұрып, сіздің дауысыңыз шыққан жаққа қарасын, аяқтарын қозғалтсын. Бала күндіз жағымды әсерге неғұрлым көбірек бөленсе, соғұрлым ол кешке жылдам ұйықтап қалатын болады.

Ылғалдылық пен температура

Бала жатқан бөлмеге күнделікті ылғалды тазалау жұмыстарын жүргізіп, терезені ашып, желдетіп отыруды ұмытпаңыз. Жатын бөлменің температурасы 19-20°С, ал ылғалдылығы 40-60% болуы тиіс. Балаңыз тоңып қалуы мүмкін деп алаңдайсыз ба? Онда үстіне бәйкеден тігілген пижама кигізіңіз. Егер бөлмеде азынақ жел болмаса, ол тоңбайды. Бастысы, ұйқысының жақсы болуына ықпал ететін таза ауамен демалып жатады.

Маңызды кезеңдер

Тыныштық сақтаңыздар!  Күндізгі белсенді тірлікке қарағанда түнгі уақыт тыныш болуы тиіс. Бала ұйқыға кеткеннен кейін теледидарды өшіріп қойыңыздар. Жарықтың көзге түсуі, тосын дауыстар бөбектің миына әсер етіп, тынығуына кедергі келтіреді. Сондай-ақ жұмысынан кеш оралып, ұйықтап жатқан баласын айналып-толғанғысы келетін әкесінен кішкентайды тым қатты мазаламауын сұраңыз. Дәл ұйықтар алдында белсенді ойындарды ойнаудың керегі жоқ, дұрысы оларды ертеңгі күнге қалдырыңыздар.

Шомылу рәсімі. Суға шомылу бөбектің денесін тыныштандырып, сергітіп, бусандырады. Қол-аяқтарын сермеп, су ішінде жүзбек болған сәби осы арқылы күні бойы бойына жиналып қалған қуатын шығарады. Осыдан кейін оның шаршағаны білініп, денесі демалуды қалайды.

Бөбекті тамақтандырыңыз. Ана сүтінің тыныштандырғыш күші бар екенін барлығымыз жақсы білеміз. Ұйқыға жатар алдында қажетті мөлшерде тамақтанып алған сәби түн ішінде қайта-қайта оянып, емшек сұрамайтын болады.

Түнгі уақытқа бір жолғы жаялықтарды пайдаланыңыздар. Жөргектен жасалған жаялық жылдам дымқылданып, осының салдарынан бала жиі оянады. Ал анасы оның астын әрбір былғап қойған сайын ауыстыруға мәжбүр. Дайын жаялықтар бір түнге толық жетеді. Асты құрғақ болған соң бала да тыныш ұйықтайды, ана да алаңсыз болады.

Тек ұйықтар алдында қолданылатын тұрақты рәсімдерді пайдаланыңыздар. Мысалы, баланы тербетіп әлдилеу немесе арқасын, ішін уқалау, шағын тақпақтар айту. Бастысы, осы рәсімді күнделікті қайталау керек.

Тату отбасы

Жоғарыда айтылғанның бәрін орындаған күннің өзінде сәби ұйқыға жатпай қойса, не істеген жөн? Алдымен, уайымға салынбаңыз. Кез келген келеңсіздіктің уақытша екенін естен шығармаңыз. Сондай-ақ әр баланың бірегей екені де белгілі. Біреулер үш айынан бастап-ақ өздігінен жатып ұйықтап қалса, ал енді біреулерге, тіпті, үш жасында да міндетті түрде анасының қасына жатып әлдилегені керек.
Көптеген ата-аналарды баламен бірге ұйықтау мәселесі толғандырады. Және бұл сұрақты әр отбасы өз ыңғайына қарай шешеді. Негізі, бөбектің анасының қасында жатқанында тұрған ештеңе жоқ. Осылайша ол анасының иісін әрі қорғанышты сезіп, жылылықты байқап, жақсы ұйықтайды. Ал анасы болса түні бойы бірнеше рет орнынан тұруға мәжбүр болмайды.
Егер отбасы баланы қасымызға алып жатамыз деп шешкен болса, әйелге жұбайы жайлы да ұмытпаған абзал. Себебі, ол тек балаға ғана емес, сондай-ақ баланың әкесіне де қажет қой. Ол да әйелінен мейірім мен махаббат күтеді. Ал ата-анасының қасына жатқан бала кейін соған үйреніп алады, өскен соң бөлек жатқысы келмейді деген жалған түсінік. Керісінше, есі кіре бастаған бала өзі-ақ бөлек төсекті иеленгісі келіп, ата-анасынан бөлініп кетеді.
Ал сіздер баланың әу бастан ата-анасынан бөлек жатқаны дұрыс деген қағиданы ұстансаңыздар, онда балалар төсегінің бір жақ шетін алып тастап, оны өз төсектеріңізге жақын орналастырыңыздар. Сонда әркім өз орнында жатады.

Ата-анаға көмек ретінде 8 ереже

Төсегіне жата салысымен ешкімді мазаламай жылдам ұйықтап қалатын бөбек – әр ананың арманы. Өз сәбиіңізді сондай ақылды балалардың қатарына қосқыңыз келсе, төмендегі амалдарды қолданып көріңіз.

  1. Сәбиді өздігінен ұйықтауға ерте жастан үйретіңіз. 2-3 айынан бастап-ақ күні бойы белсенділік танытып шаршап қалған бөбекті әлдилеп, тербетпестен төсекке жатқызыңыз.
  2. Күндіз белгілі бір уақытта баланы төсегіне жатқызып қойыңыз. Ал өзіңіз жанында тұрып онымен сөйлесіңіз. Осы арқылы сәбиді ақырындап өз төсегіне үйретуге болады. Сонда ол бұл орынның қауіпсіз әрі ыңғайлы екеніне көз жеткізеді.
  3. Тек баланы төсекте тым ұзақ уақытқа қалдырудың қажеті жоқ. Ол анасының әркез қасында екенін сезінуі тиіс.
  4. Егер бөбек бөлек төсекке жатудан түбегейлі бас тартса, әзірше оны өз төсегіне жатқызу туралы ойыңызды кейінге шегере тұрыңыз.
  5. Сәбиге өз «ұясын» жасап беріңіз. Ұйқыға жатқан нәресте өзін анасының құрсағында жатқандай сезінгенді жақсы көреді. Сондықтан, маңайына оралған жұмсақ көрпе төсеп, сондай-ақ сүттің иісі сіңген киімдеріңіздің бірін қойсаңыз да болады. Мұндай таныс иіс оны тыныштандырады.
  6. Қолға алып әлдилегенге де көнбейтін бөбектерді жөргектеп қоюға болады. Сонда ол өз қолынан өзі шошып оянбай, тынышталып қалады.
  7. Уақыт өте келе сәбиді бөлмеде өзін жалғыз қалдырып үйретіңіз. Мұндайда оның көңіл күйін сырттай бақылаған дұрыс. Жағдайдың ушығып бара жатқанын байқасаңыз, яғни ол мазасызданып жыласа, бірден қасына барып қолыңызға алыңыз.
  8. Өзіңіз сабырлы болыңыз. Нәресте анасының көңіл күйін өте жақсы сезінеді. Сондықтан, сіз өзіңізге сенімді әрі байсалды болсаңыз, бала да тез тынышталады.

Оставить комментарий