Главная » Главная » Біз дәмханаға барамыз!

Біз дәмханаға барамыз!

кафеБұл – баламен бірге көпшілік арасына шығуға, көңіл көтеруге әрі дәмді тамақтануға мүмкіндік беретін әмбебап демалыс түрі

Күннің жылынуы мен көктемгі мерекелі көңіл күй күнделікті күйбең тіршіліктен бір алшақтап, отбасымен бірге көңілді әрі рахатқа толы уақыт өткізудің ұтымды сәті. Өзіңіздің де, кішкентайыңыздың да көңілін көтеруге арналған тәсілдер өте көп. Ал дәмханаға бару балалардың ең сүйікті ісі. Ендеше, осы сейіл-серуенді барлығыңыз үшін жағымды етуге тырысыңыз.

Ыңғайлы уақыт

Дәмханаға сәбиіңіздің бойында әлі күш-қуаты сақталған, шаршап үлгермеген кезде барған жөн. Егер кешкі уақытта барсаңыз, балаңыз дәл сол жерде ұйықтап қалып, бұл демалыстан ешқандай рахатқа бөленбеуі әбден мүмкін. Ал сіз бүкіл отбасыңызбен дәмханадан тез арада кетуге мәжбүр боласыздар. Дегенмен, дәмханаға таңертең ерте барудың да қажеті жоқ. Бұл уақытта бала өз сезімдерін, әрекеттерін қадағалай алмай, көңілі алабұртып тұрады. Оның белсенді болатыны соншалық, сіз тыныш отырып тамақтана да, демала да алмайсыз. Балаңыз өзінің тосын қимылдарымен ұшып-қонып бүкіл отбасы мүшелерінің, оған қоса өзге де қонақтардың мазасын алатын болады. Ал, керісінше, бала тым ұялшақ болса, ол осыншама көп жаңа сезімдерді көтере алмай, нәтижесінде жүйкесіне зақым келуі мүмкін. Ең дұрысы, дәмханаға бармас бұрын балаңызбен аздап серуендеп, оны ойнатыңыз. Осылайша сіз кішкентайыңыздың көңілін көтеріп аласыз. Көпшілік ортада демалу балаңызға ұнаса, оның санасында жақсы ойлар мен өз-өзін дұрыс ұстау мәнері қалыптаса бастайды.

Жақсы жер

Мұны алдын-ала жоспарлап қоюға тырысыңыз. Барайын деп жатқан дәмхананың үйіңізге жақын жерде болғаны дұрыс. Сәбиіңіз әлі кішкентай, сондықтан, ол түрлі жағымсыз жайларға ұшырап қалуы мүмкін. Мысалы, баланың жаялығымен  киімін ауыстыру немесе ол тым тыпыршып кетсе, тыныштандыру керек болады. Сіз бәрін алдын-ала жоспарлап, керекті заттарды өзіңізбен алып жүрсеңіз де, балаңыз тап келетін түрлі келеңсіз жағдайлардан сақтанбағаныңызды естен шығармаңыз. Мысалы, балаңыздың кенеттен жүрегі айныса немесе қызуы көтеріліп кетсе ше? Мұндай жағдайда сіз оны дереу үйге әкелуіңіз керек. Осының бәріне қарамастан сіз үйіңізден алыстағы дәмханаға баруды дұрыс деп шешсеңіз, ол жаққа қай жолмен және қалай бару ыңғайлы болатынын ойластырыңыз.

Отбасылық демалыс үшін таңдаған дәмхананың жалпы сипаттамасына мұқият назар аударғаныңыз дұрыс. Ең алдымен, ол жер кіршіксіз таза болуы шарт. Сіз барған ғимараттың жеткілікті дәрежеде таза болмауы сіз ойлағаннан әлдеқайда маңызды нәрсе екенін ұмытпаңыз. Егер дәмхана қызметшілері ғимаратты тазалықта ұстай алмаса, онда олардың асүйдегі тазалықты қалай сақтайтыны жайлы күдік пайда болатыны да рас. Оған қоса кішкентай сәбилердің көп нәрсені аузына бірден салатынын ескеріңіз. Тазалығы күмәнді орамалдар, қасық пен шанышқы, тіпті, тынымсыз балаңыз аузымен жалап үлгеруі мүмкін жиһаздың өзі бала денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін. Сәбиіңіз әлі тым кішкентай болса, өзіңіз таңдаған дәмханада оның жасына сай орындықтардың бар екендігін анықтап алыңыз. Ал баланың үстелімен бірге берілетін арнайы ыдыстың болуы үлкен артықшылық болып есептеледі.

Ойын-сауық пен көңіл көтеру!

Балалар дәмханасында көңіл көтеретін бағдарламалардың болуын екі жақты қарастыруға болады. Мысалы, егер балаңыз екі жасқа толмаған болса, қосымша ойындардан бас тартқаныңыз дұрыс болар. Кішкентайыңыз сайқымазақты көргенде одан қорқып кетуі әбден мүмкін. Немесе өзге балалармен бірігіп ойнағысы келмей қалады. Сондықтан, мұндай ойындарды ересектеу балаларға қалдырыңыз. Сонымен қатар, балаларға арналған бұрыштағы ойыншықтармен ойнаудың қажеті жоқ. Біріншіден, сіз олардың таза екендігіне сенімді бола алмайсыз. Екіншіден, ойынға кіріп кеткен балаңыздың ойыншықты үйге алып кеткісі келсе, сізге оны райынан қайтаруға тура келеді. Ал бұл кезде бала жылап, айқайға басуы қалыпты құбылыс. Осылайша  отбасылық мерекенің тас-талқаны шығуы мүмкін.

Өзіңізбен не алу керек?

Демалысыңыз жақсы өтсін десеңіз, үйден шығар алдында керекті заттардың бәрін сөмкеге салғаныңызға сенімді болуыңыз керек. Балаңызбен дәмханаға бірінші рет барып тұрмасаңыз да, кішкентайыңызға қажет болып қалуы мүмкін жөргектер мен іш киімін алғаныңызды тексеріңіз. Сізге балаңыздың сүйікті ойыншығы, кітап пен дымқыл майлықтар да керек болып қалуы мүмкін. Сөмкеңізге баланың алжапқышын да салуды  ұмытпаңыз. Кішкентай балалардыңтамақты алдына төгіп алып жататыны бар. Сол себепті ауыстыратын киім керек болады. Кішкентайыңыздың жасына сай күнделікті ішіп үйреніп қалған сусынын (су, шырын, шай) да ала жүріңіз. Себебі, сәби үшін шөлдеу – аса үлкен түйткілдердің бірі.

Маңызды жағдай

Бұл соншалық жаттанды болып көрінгеніне қарамастан, уақытты жақсы өткізуіңіз өзіңіздің көңіліңізге байланысты. Мұндай кезде сіздің ішкі сезімдеріңіз өте маңызды. Балаңыз сіз ұсынып тұрған тағамнан бас тартуы, оны алдына төгіп алуы немесе дәмхана ыдысын сындырып алуы мүмкін. Бірақ мұның бәрін шешуге болады. Бастысы, сіз ол жерге демалу үшін келгеніңізді ұмытпаңыз. Демек, балаңызға өзі қаламаған тағамды берудің қажеті жоқ. Және дәмханадағы ешбір жан балаңыз асүй аспаптарын асқан шеберлікпен қолданады деп күтпейді. Балалардың бәрі осы кезеңнен өтіп, көпшілік орталарда өзін қалай дұрыс ұстау керектігін үйренген болатын. Сондықтан, болмашы нәрселерге бола демалысыңызды бұзудан аулақ болыңыз!

Оставить комментарий