Главная » Календарь развития » 1-3 месяца » Арнайы қоспамен тамақтандыру кезеңі

Арнайы қоспамен тамақтандыру кезеңі

смесь1Сәбиге қосымша тамақ енгізген күннен бастап аралас тамақтандыру деп аталатын жаңа кезең басталады. Бұндай тамақтандырудың өзіне тән ерекшелігі бар: анасы оны білуге тиіс!

Сәбиге емшек сүті аздық ете ме? Амал жоқ, арнайы қоспа беруге тура келеді! Ең бастысы, бөбекті ана сүтінен мүлдем айырып, тек қоспамен тамақтандыруға тырыспаңыз, көп жағдайда аналарға осы әдіс ыңғайлы көрінуі мүмкін.Табиғи жолмен қоректендіруге шамаңыз жетпесе, емшек сүті мен қоспаны қатар беріңіз, сәби үшін ана сүтінің әр тамшысы бағалы ғой! Ендеше, арнайы қоспамен тамақтандыру кезеңі жайлы сырлармен таныс болыңыздар!

Лактациялық дағдарыс

Сүт өндіру үдерісі (лактация) көп жағдайда сәбидің өмірге келуіне ықпал ететін жағдайлар мен анасының психологиялық дайындығына тәуелді болады. Егер сәби мерзімінен ерте туып, біраз уақыт сізден бөлек, салмағы аз бөбектерге арналған бөлмеде жатса, оны өмірге келген күннен емізе алмасаңыз немесе сізге кесар тілігін жасап, антибиотиктер берсе, ал сәбиді бірден емшекке үйретпесе, немесе алғаш рет ана атанып, қатты қобалжып, өз мүмкіндігіңізге сенбесеңіз – сүтіңіз азайып, баланы тойдыра алмауыңыз әбден мүмкін. Әлдебір себептермен босанған соң жұмысқа шығуға мәжбүр болған аналардың да сүті кемиді. Бұндай жағдайда нәрестеге қосымша тамақ – арнайы қоспа беру қажет.

Бірақ кейде анасының көңіл-күйі жақсы болса да, сүт шықпай қиналатын сәттер болады – оны лактациялық криз деп атайды. Әдетте, бұл кезең бала өмірге келгеннен кейінгі 3-10-шы күндерге сай келеді (перзентханадан шығу кезеңі), сондай-ақ сәби өмірінің 20-30 – тәулігінде орын алуы мүмкін. Статистика бойынша, бөбекке үш ай толған кезде қоспа тамақ беру оқиғасы жиі кездеседі немесе толықтай жасанды тамаққа көшеді. Балаңызды табиғи азығынан айыруға тырыспаңыз: лактацияны сақтауға күш салып, қолдан келгенін жасаңыз. Сіз ойлағаннан аз болса да, сәби анасының сүтін ішуге тиіс!

Қарны тоқ па, әлде аш па?

Сәбидің сүттен тапшылық көріп жүргенін бірқатар белгілерге қарап байқауға болады.

Баланы емізген соң кеудеңізден артық бір тамшы сүт сауа алмайсыз.

Сәби мазасыз болып кетеді, тиісті уақыттан аз ұйықтайды (алғашқы айларда ол күніне 20 сағаттай ұйықтауы керек).

Әжетке өте сирек отырады – зәр шығаруы тәулігіне 6 реттен аз, дәреті қою, сары, қышқыл иісі бар.

Салмақты аз қосады (кестеден қараңыз), қажетті мөлшерден аз емеді. Қаншалықты емгенін анықтау үшін оны емізер алдында және одан кейін киімін ауыстырмастан өлшеңіз. Сәбиді механикалық емес, элекронды таразыға тартқан дұрыс, олар салмақты дәл көрсетеді.

Сәбиге небары 20-30 грамм сүт жетпей ме? Онда сіздің сүтіңіз уақытша азайған болар. Төменде келтірілген кеңестерге жүгініп, лактацияны қалпына келтіруге тырысыңыз, ол көмектеспеген жағдайда қосымша тамақ беріңіз. Салмағы өте аз ба? Бұл жағдайда аралас тамақтандыруға көшуге тура келеді.

Көзбен мөлшерлеуге болмайды!

Сәби қоспасын сумен араластырған кезде нұсқаулықты мұқият сақтаңыз! Ұнтақты көз мөлшерімен суға себуге немесе қоспаны әдейі өте қою етіп әзірлеуге болмайды. Қораптың ішіне салынған өлшеу қасығын пайдаланыңыз, басқа қоспалардың қасығы оған мөлшері жағынан сай келмеуі мүмкін.

Қоспалардың көбінде «инстантты», яғни «тез езіледі» деген белгі бар. Яғни, оны бөтелкенің өзінде дайындай беруге болады. Оның әдісі мынандай:

  • Таза, құрғақ шөлмекке қайнатылған судың қажетті мөлшерін құйыңыз (40–50°С).
  • Өлшем қасығымен қоспаның қажетті мөлшерін салыңыз.
  • Шөлмекті жауып, ұнтақ толық еріп, түйіртпегі қалмағанша жақсылап араластырыңыз.
  • Қоспаны 37–38°С-қа дейін суытыңыз.
  • Балаға берердің алдында қол білезігінің іш жағына тамызып көріңіз: температурасы сәл жылы болуға тиіс.

Сағатпен тамақтандырамыз

Еркін тамақтандыру мерзімі туралы ұмытыңыз! Қосымша тамақ берген кезде кестеден ауытқуға болмайды. Дәрігер жеке режим тағайындамаса, сәбиді күніне 6 мәрте тамақтандыру қажет. Яғни, әр 3,5 сағат сайын (12-20 минут айырмашылық болады) қоспасын бересіз, түнгі ұйқыда 6 сағат үзіліс жасаңыз.

Мына бір сәтті жадыдан шығармаңыз: сәби анасының сүтін ғана ішіп жүрген кезде суды қажет етпейді. Ал қоспамен тамақтанатын балаға арасында су ішкізу керек.

Оны қалай атаймыз?

Ана сүтімен бірге қоспа ішкен сәбиді «жасанды тамақ ішетін бала» деп атауға бола ма? Бұл сауалға жауап беру үшін сәбидің қоспаны қаншалықты мөлшерде ішетінін білу керек. Бөпеңіздің жасына лайық сүттің үштен бір мөлшерінен аз ба? Онда бала «емшек сүтімен қоректенуші» болып саналады. Үштен бір мен екіден бірдің арасы ма? Демек, балаңыз аралас тамақтану әдісін ұстанып жүр. Ана сүтінен толық қағылғаннан гөрі, сәбиге осы әдіс жеңілдеу тиеді. Үштен екі мөлшерден көп пе? Онда балаңызды «жасанды жолмен тамақтанушы» қатарына қосуға болады. Бұл жерде де негізгі қағиданы еске сақтаңыз: анасында емшек сүті қаншалықты аз болса да, әр тамақ ішер сәтте баланы емізген дұрыс.

Оның құрамындағы ферменттер «бөтен» асты жақсы қорытуға көмектеседі, тіпті ең жақсы деген сүтті қоспаның өзі ас қорыту жолдары толық қалыптаспаған сәбиге ауыр тиеді. Әсіресе, сәби өмірінің алғашқы айларында ана сүтінің әр тамшысы құнды.

смесь

Қосымша тамақ енгіземіз

Егер баланың азығында қоспа тамақ үштен бір үлестен көп болса, баланы тамақтандыру жағынан сипаттамасы «жасанды қоректенуші» атауына лайық болса, бұндай сәбилерге қосымша тамақты ертерек – 3-5 айдан бастап енгізу қажет. Егер сәбидің тамағында емшек сүті басым болса, қосымша тамаққа асықпаңыз.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сәбилерге 6 айдан бастап қосымша тамақ беруге кеңес етеді, бірақ бұл емшек сүтімен қоректенетін балаларға қатысты. Ал қоспаны қосымша тамақ ретінде ішетін немесе тек сонымен ғана тамақтанатын бөбектерге қосымша тамақты ертерек беруге рұқсат етіледі.

Тек емшек сүтін азық ететін сәбилер саны азайғанын ескерген отандық дәрігерлер де осы пікірмен келіседі.

Сәбиге қосымша тамақты 4 айдан ерте беру қажет емес, себебі бөбектің ағзасы ондай асқа дайын болмайды, ал 6 айдан соң кешіктірмеген жөн: бұның ақыры дәрумендер мен минералды заттардың тапшылығына, қан аздығы мен іш қатуға, бойдың өсуінің тежелуіне әкеп соғуы мүмкін. Кейде шайнау аппараты мен сөйлеуі кешеуілдейді, дәм сезу дағдылары бұзылады. Оған жол бермеңіз!

Сүтті «бұлақтар»

Сүтім көп болсын десеңіз!!

Сүт бездеріне жеңіл массаж жасаңыз.

Күн сайын тұтынатын сұйықтық мөлшерін 1 литрге көбейтіңіз! Одан артық керек емес!

Баланы тамақтандырудан 10-15 минут бұрын айран, майлы айран, табиғи йогурт, шырын немесе итмұрын тұнбасынан бір стақан ішіңіз.

Бөбекті жиі емізіңіз, бір емген сәтінде екі емшекті қатар ұсыныңыз. Бір омыраудағы сүттің бәрін ішіп болғанына көзіңіз жеткен соң, екіншісін беріңіз.

Бала емізетін әйелдерге арналған дәрумендер жайлы ұмытпаңыз. Никотин қышқылы (РР дәрумені) лактацияны арттырады: оны бала емізерден бұрын күніне 2-3 рет 40 мг қабылдаңыз.

Күнделікті ас мәзіріне мән беріңіз: ақуыздар жеткілікті болуға тиіс (ет, балық, жұмыртқа мен сүзбе).

Көбірек тынығып, жақсылықтар жайлы ғана ойланыңыз.

ҒЫЛЫМҒА САЙ әрекет етейік

Қосымша тамақ енгізген кезде, ең бастысы – асықпау, қоспаны қажетті мөлшерден асырмау және сәбидің жаңа асты қалай қабылдағанына назар аудару

  1. Алдымен сәбиді емізіп көріңіз, анасында бар сүттің бәрін еміп болған соң ғана шөлмекпен қоректендіріңіз.
  2. Қосымша тамақты біртіндеп енгізіңіз, сәби қоспаға үйренуге тиіс. Егер сәбиге 60 мл сүт жетпесе, бастапқы екі күнде сол 60 мл бәрін емес, тек 40-45 мл беріңіз. Ана сүтін ішкен сайын, бір рет емізіп, келесі жолы қоспа беріңіз. Баланың жаңа азыққа қалай қарайтынын мұқият бақылаңыз.
  3. Қораптағы 2 саны бар қоспа 5-6 айдан асқан сәбилерге арналған. Сіздің бөбек әлі кішкентай ма? 1 саны бар қорапты іздеңіз!
  4. Жарамдылық мерзімін тексеріңіз. Мерзімі өткен қоспаны мүлдем қолдануға болмайды.
  5. Қоспа беруді бастаған кезде екі қораптан артық алмаңыз – мүмкін, оның дәмі сәбиге ұнамай қалар. Ондай жағдайда басқа өндірушінің қоспасын алуға мәжбүр боласыз.
  6. Бала әжетінің түсі өзгергенін байқасаңыз, қорықпаңыз. Ол дәретке жиі отыруы мүмкін немесе керісінше, сиретеді – екеуі де қалыпты жағдай.
  7. Шекесіне, маңдайына және денесіне бөртпе шықса, дәрігермен кеңесіңіз.

Қоспаларды жиі ауыстырсаңыз, сәбидің ас қорыту жолдарын зақымдап алуыңыз мүмкін!

 

Оставить комментарий