Главная » Календарь развития » Растем и взрослеем » Баланың суреті қандай сыр шертеді?

Баланың суреті қандай сыр шертеді?

Город

Кішкентайыңыздың суретіне көз салып көріңізші. Олай-бұлай шимайланған сызықтар, дөңгелектер мен пішіндердің астарында көп жайттың жатуы мүмкін. Көзі қырағы ата-ананың оны байқамауы мүмкін емес

Кейде бала сурет арқылы өзінің ішінде жатқан ойын, сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезімдерін білдіреді. Екі жасар баланың бастапқыдағы түсініксіз нүктелері мен сызықтары уақыт өте келе толқындарға, дөңгелектер мен түрлі пішіндерге айналады. Ал үш жасқа қарай ол адамды, оның дене мүшелерін зерттеп, соны көбірек бейнелеуге құмартады. Әдетте, 3 жасар балалар адамды үлкен шар түрінде кескіндейді. Ал төрт жасқа қарай домаланған бас, кішкентай қолдар мен аяқтар және оларды қосып тұрған тағы бір сопақ пішін пайда болады. Бес жасар баланың қолынан шыққан пішін шынымен адам бейнесіне ұқсай бастайды. Өйткені оның көзі, денесі, қол-аяқтары орнында. Алты жаста жоғарыда аталғандармен қоса мұрын, ауыз, саусақтар салынады. Алайда, бала үшін олардың саны маңызды емес. Жеті жаста адамның денесімен қатар киімі, шашы және мойыны айқын көрініс табады.

Әр бала бірегей

Дегенмен, жоғарыда айтылғанның бәрі баланың жеке даму ерекшелігіне, қабылдауы мен зейініне тікелей байланысты екенін ескерген жөн. Сондықтан, әр ата-ана өз баласының дене бітімінің ғана емес, сонымен қатар ой-санасының, ақыл-парасаты мен зияткерлігінің дұрыс әрі уақытылы жетілуіне мән беруі тиіс. Ол үшін көп нәрсенің де қажеті жоқ. Әрі бұны баламен бірге уақыт өткізіп, оның қызығушылығын оятып, бір-біріңізге бір табан жақындай түсуге көмектесетін тәсіл деп қараған жөн.
Осылайша, сіз кішкентайыңыздың өз жасына қарай салған суретін сараптай отырып, оның психологиялық даму ерекшелігін, жан дүниесі нені қалайтынын, дәл қазір көңіл күйі қандай дәрежеде екенін біле аласыз. Олай болса, төмендегі мәліметтерге мән бере отырып, өз балаларыңызды бақылап көріңіздер.

Парк

Ол таңдаған бояулар

Әдетте, мектеп жасына дейінгі балалар сурет салу кезінде 4-5 түсті пайдаланумен шектеледі екен. Балақайдың суретінде белгілі бір түстің басым болуы оның мінезінің, жігерінің ерекшелігін білдіріп қана қоймайды, сонымен қатар оған қандай қолдау керектігінен, неден қорқып, нені армандайтынынан сыр шертеді. Алуан түсті қолданғанды жақсы көретін балалар көпшіл, өзін кез келген ортада көрсете білетін, белсенді болып келеді. Ал бір немесе екі түспен шектелгендер тұйық, өзіне сенімсіздеу болады. Ендеше, әр түстің жеке-жеке сипатына тоқталар болсақ:
* Сары – көтеріңкі көңіл күй, пәктік, қызығушылық, білуге құмарлық, белсенділік. Бұл түсті таңдайтын балаларды шығармашылық адамы десе де болады. Алайда, оларды біраз тәртіпке, ұқыптылыққа үйрету керек болады. Сондай-ақ сары түсті жиі пайдаланатындардың шешім қабылдау кезінде жасқаншақтық танытатыны бар.
* Қызыл– өз күшіне сену, басымдылық, ашушаңдық, асқан белсенділік, желөкпелік. Олар бір орында тұрмайды, сөзге құлақ түрмейді, кез келген жаңалыққа жаны құмар. Мұндай балалар үшін мақтау есту аса маңызды.

* Жасыл – төзімділік, ұстамдылық, тәуелсіздік, алған бетінен қайтпау, қауіпсіздікке ұмтылу. Сонымен қатар жасыл түсті көбіне анасының назарына зәру, отбасы мүшелерінің өзіне көбірек көңіл бөлгенін қалайтын балақайлар қолданады екен. Мұндай балалар түрлі өзгерістерді ұнатпайды, бәрінің бірқалыпты, әдеттегідей болғанын қалайды.

* Күлгін – қиял, түйсік, тереңге бойлау, үстірт қарауға жол бермеу. Бұл түсті таңдаған балалардың әртістік қабілеті басым, әйтсе де олар тым сезімтал. Ата-аналары тарапынан байқалған кез келген көңіл толмаушылық баланың жанына қатты батады.

* Қоңыр – баяу қабылдау, жайбасарлық, жайсыздық. Қоңыр түсті көбіне көңіл күйі болмай тұрған немесе науқастанып тұрған балалар таңдайды.

* Қара – еңсесі түсу, қарсы шығу, қандай да өзгерісті күту. Рас, қара түс жалпы табиғатынан салқын, күңгірт. Бірақ бала қара түсті жиі пайдаланды екен деп қорқудың қажеті жоқ. Себебі, кейде бірдемені дәлелдегісі келген, жеткізгізі келген кескінінің нақты болғанын қалайтын бала да қара түске жүгінеді.

Суреттегі отбасы

4-5 жастағы балалар отбасының суретін салғанды жақсы көреді. Осы арқылы олар өздерінің қорғанышта екенін, жанында өзін жақсы көретін адамдардың бар екенін сезініп, соған ризашылығын білдіреді. Алайда, кейде отбасында түрлі жағдайлардың белең алатыны бар. Үйдегі ересектердің әрқайсы кішкентай адамға әртүрлі ықпал ететіні де белгілі. Біреуі мойнына көтеріп, айтқанын екі етпейді. Енді бірі қайта-қайта ескерту жасап, тыйып отырады. Ал үшіншісі оның бар-жоғына да мән бермеуі мүмкін. Кішкентай зерттеуші осының бәрін сезініп, көкейіне түйіп жүретінін біріміз білсек, біріміз байқамаймыз. Ал суреттегі әр отбасы мүшесінің қалай көрініс тапқанына қарап баланың оларға деген көзқарасын, пікірін аңғаруға болады.

* Отбасының шынайы өмірдегі құрамы мен суреттегі адам санын салыстырыңыз – егер біреу суретте ұмыт қалған болса, кішкентай суретшінің ол кісімен дәл қазіргі қарым-қатынасы аса жақсы емес деген сөз. Осы әрекеті арқылы ол өз «қарсыласынан» өш алғысы келді немесе аз уақытқа болса да оны назардан тыс қалдыруға тырысты. Кейде мүлде керісінше жағдайлар болады. Яғни бала отбасында жоқ адамды, кішкентай сіңлісін немесе қарындасын салады. Бұл – бала өз құралпастарымен араласқысы келеді, кейде өзін жалғыз сезінеді дегенді білдірсе керек.
* Ақ парақ бетіндегі адамдардың пішініне назар салыңыз. Әдетте, бала өзі үй ішінде кімді ең маңызды, ең ықпалды адам деп білсе, соның денесін, бойын барынша үлкен қылып салып, бір сөзбен айтқанда, өзгелерден ерекшелеп қояды. Ал өзіне жақын, жақсы көретін адамын міндетті түрде өзінің қасына тұрғызады. Сәйкесінше, қағаздың шет жағынан, орталықтан тысқары орын тапқандар – балаға аса көңіл бөле бермейтін, онымен уақытты көп өткізбейтін адамдар. Ал «суретші» отбасындағы кей адамдарды бір-бірінен алшақ немесе, тіпті, өзге бөлмелерде салса, яғни кішкентай аңғарымпаз олардың арасындағы келіспеушілікті байқап қалған болса керек. Егер бала өзін өзгелерден өте алшақ салса, не мүлде салуды ұмытып кетсе, мұның астарында алаңдауға тұрарлық күйзелістің жатуы мүмкін. Ондай жағдай балақай өзін жалғыз сезінгенде, жабырқап жүргенде көрініс табады.

Лес
Суреттер сөйлейді

* Салған суретіндегі әр бөлшекке мән беріп, адамның үстіндегі киімін немесе әшекейлерін ерекшелеп көрсетуді қалайтын, оларға қосымша түс үстеп, бояуды қанық қылуға тырысатын бала өз ортасында байқалмай, жасық болып жүруі мүмкін. Ол осы суреті арқылы «Мен де бармын, мен кішкентай болсам да маңыздымын» дегенді білдіргісі келеді.

* Парақ бетіндегі суреттердің қалай болса солай орналасуы, кей жерде қарындаш ізінің түспей қалуы, бейнелердің тым кішкентай салынуы баланың өз-өзіне деген сенімсіздігін, қай уақытта болмасын ересектер тарапынан қолдау күтетінін байқатады.

* Өзі салған суретті үстінен қайта-қайта түзей беруі, парақ бетінде түрлі сызықтардың, көлденең пішіндердің көрініс табуы баланың сол сәтте қобалжып немесе алаңдап отырғанынан сыр шертеді.

* Суреттегі адамдардың көздері тым үлкен болса, қарашықтары бірнеше сызықпен боялып, ерекшеленіп тұрса, баланың ішінде жатқан қорқынышының, сескенудің көрінісі болуы мүмкін.

* Басқыншылықты білдіретін белгілердің тым көп болуы: түйілген жұдырық, қарулар, ақсиып шығып тұрған тіс, тырнақ қорғаныш түрін көрсетеді. Балдырған осы арқылы өзін қорғағысы келеді. Және олардан қорықпайтынын дәлелдемек болады. Ересектердің міндеті баланың неден жасқанатынын анықтап, сол қорқынышты басуға көмектесу.

* Анық түскен, жуан сызықтар баланың өзіне сенімді екенін, психологиялық тұрғыдағы жайлылықты байқатады. Жіңішке сызықтар – жұмсақ мінездің белгісі.

Барлық бала сурет салғанды жақсы көреді. Себебі, сурет оған ойын жинақтауға, қиялындағысын қағаз бетіне түсіруге, әр түсті пайдаланып ойнауға мүмкіндік береді. Ендеше, сіздердің де кішкентай арманшыл, бірақ әлі де болса қорғансыз балақайға сурет арқылы өз ойын жеткізуіне жағдай жасағандарыңыз жақсы емес пе?

Оставить комментарий