Алғашқы қадам

Uchitsya_hodit_18.07

Көптеген ата-аналар бір жасқа толған балаларының әлі күнге дейін өз бетімен жүре алмайтынын ойлап, алаңдайды. Алайда, бұл үшін уайымдаудың қажеті жоқ. Байсалды балалар өз құралпастарына қарағанда кешірек жүреді. Кейбірі бір жасында әлі еңбектесе, бір жас бір айында жүріп қана қоймай, жүгіріп кетеді. Тек екі жасқа жақындап қалған балаңыз әлі де өз бетімен жүре алмаған жағдайда алаңдаудың жөні бар.

Балаңыз екі аяғында сенімді әрі нық тұра білген сәттен бастап оған жүруді үйретсеңіз болады.
Ең дұрысы, кішкентайыңыз жүруді енді үйреніп жатса, оны екі қолтығынан ұстап, қолдау көрсетіңіз. Себебі, бір қолынан ұстасаңыз, ол тепе-теңдігін жоғалтады. Оның үстіне қолынан ұстап жүргеніңізде сәби кездейсоқ шалынып, құлап қалса, буынын шығарып алуы мүмкін.

Балаңыз сіздің қолдауыңызбен жүріп өз-өзіне сенімді бола бастағанда, ешбір тірексіз өздігімен тұруына мүмкіндік беріңіз.

Сәбиіңізді жүруге ынталандырғыңыз келсе, алдына қызықты ойыншық немесе кез келген өзге зат түріндегі мақсатты нысана қойыңыз. Балаңыз ол нысанаға сіздің көмегіңізбен немесе диванның бойымен жүріп жетсін. Келесі жолы ойыншықты балаңыз оған сүйенішінен алшақтаған жағдайда ғана жете алатындай етіп қойыңыз.

Сәбиіңізге жүріп бара жатқан адамдарды жиі көрсетіп тұрыңыз. Үйде отырғанда немесе далада серуендегенде жаяу адамдардың жүрісін бақылаңыздар. Ойыншықтардың қалай жүретінін көрсетіп, олардың қимылын көңілді тақпақтармен, әндермен сүйемелдеңіз.

Осылайша кішкентайыңыз күн сайын өз-өзіне деген сеніммен жүре бастайды. Әрине, жарақаттардан қашып құтыла алмаймыз. Алайда, еденге жұмсақ кілемшелер төсеп, үшкір бұрыштарды жауып қойсаңыз, оларды азайтуға болады. Міндетті түрде балаңызды жігерлендіріп тұрыңыз. Бесік арбаны итеруіне мүмкіндік беріңіз. Сүйеніші болса, кішкентайыңыздың өз-өзіне сенімділігі артады, әрі бұлшық еттері жаттығып үйренеді.

Ал үй жағдайында бала арбаны пайдалансаңыз болады. Бірақ көптеген мамандар бұған мүлдем қарсы. Олардың айтуынша, бала арба аса қауіпті, жарақаттаушы құрал. Оған қоса, сәби өз бетімен тұруға, тепе-теңдікті сақтауға тырыспайды. Әрі бала мүлдем құламаса, оның вестибулярлық аспабы жаттықпай, бұлшық ет күші жетілмейді.

Оставить комментарий