Толғандырған тоғыз ай

10-mesjac-beremennosti-prosrochennaja-beremennost

Сынама жасап көргеніңізде екі таяқша пайда болды ма? Құттықтаймыз, жақында сіз ана атанасыз. Алайда, есіңізде болсын, жүктілік кезінде әйел денсаулығында түрлі өзгерістер болады. Сондықтан, кей келеңсіздіктерге бола уайымға салынудың қажеті жоқ

Кезінде әжелеріміз, аналарымыз «адамнан адам шығу оңай емес» деп айтып отырушы еді. Әрине, бұл сөздің мағынасын ер азаматтар өзінше, қыз балалар өзінше түсінеді. Шындығына келгенде, бұл пікірдің астарында не жатқанын нақты түсінетін, жай түсініп қана қоймай, өн бойынан өткізетін – әйелдер. Құрсақта шарана пайда болған сәттен бастап, болашақ ананың денсаулығы түгелдей өзгереді. Олардың қатарында уақытша белең алатын мәселер де аз емес. Сондықтан, оны дұрыс қабылдай білу өте маңызды.

Аллергия
Егер сізде немесе сіздің жұбайыңызда аллергия болса (қарапайым түрі: тамаққа аллергия немесе асқынған: кеңірдек демікпесі), сіздердің балаларыңыз да аллергияға бейім болып туады. Оның алдын алу үшін не істеу керек?
* Темекіден бас тартыңыз, өз пәтеріңізді никотиннен аулақ ұстаңыз;
* Толыққанды тамақтаныңыз (тәттіге, кептірілген және қуырылған тағамдарға үйір болмаңыз, олардың құрамында жасанды қоспалар өте көп);
* Баланы кемінде бір жасына дейін ана сүтімен қоректендіруге тырысыңыз. Бұл аллергияның пайда болуын және қозу деңгейін төмендетеді.

Кеуденің ауыруы
Бала көтергеннен кейін бірінші күннен бастап-ақ әйелдің кеудесі ұлғайып, аса сезімтал бола бастайды. Осы кезде денеге жабысып тұрмайтын, оны тітіркендірмейтін көкірекше кию аса маңызды. Кеудеге түскен жағымсыз әсерлерді төмендетуге лаванда майын жағып жасалған уқалаулар жақсы көмектеседі.

Салмақ
Орташа есеппен әйел 9 ай ішінде 10-12 кг қосады. Салмақтың өсуіне баланың өлшемі, қағанақ суы және сүт бездерінің ұлғаюы, жолдастың көлемі, қанның көбеюі түрткі болады. 28 аптаға дейін әйелдің салмағы әр ай сайын, кейін қабылдауға келген сайын өлшенеді. Сондықтан, осы уақытта ас мәзіріңізге ерекше ден қойыңыз.

Иіске асқан сезімталдық
Бұл өзгеріс бастапқы триместрде көрініс табады. Кейде, тіпті, болашақ ана өзінің сүйікті тамағын ғана емес, сүйікті жарын да қабылдай алмай жатады. Алғашқы жәрдем ретінде бір тілім лимон жемісін ауызыңызға салып, дәмін алсаңыз болады.

Бөліндінің көбеюі
Жүктілік кезінде бөлінді түрліше болады. Оны үнемі қадағалап отыру керек. Егер бөлінді көп мөлшерде келіп, сол сәтте ауыру сезімі байқалатын болса, бірден дәрігерге қаралыңыз. Ол жатыр ауызының уылуынан немесе иммунитет әлсіреуінің салдарынан пайда болған бактериялардың көбеюінен болуы мүмкін. Бастысы, кез келген емдік шаралар тек дәрігердің қадағалауымен жүзеге асуы тиіс.

Геморрой
Оның басты белгілері – үлкен дәретке барғанда ауыруды сезіну, қышыну. Іш қатуды болдырмау үшін ас мәзіріңізге сақ болыңыз. Дәретке отырғаннан кейін артқы тесікті жылы сумен жуып, дәрігердің тағайындаған майын жағып қойыңыз. Кейде геморрой босанғаннан кейін қалпына келсе, енді бірде қалып қояды.

Бас айналу
Ол қан қысымының төмендеуінен болады. Мұндайда бірден тұрып кетпеуге, еңкеймеуге тырысыңыз. Қан айналымын қалыпқа келтіру үшін жиі серуендеуге, жүзуге тырысыңыз, жаттығулар жасаңыз. Ыссы-салқын (Контрасты) душ қабылдау да жақсы көмектеседі.

Қан тобы/ резус-фактор
9 ай аралығында қан тобы және резус-фактор анықтамасы бірнеше рет жүргізіледі. Бұл тек дәрігерге ғана керек емес, сіз үшін де маңызды ақпарат. Әсіресе, сіздің резусыңыз теріс, ал жұбайыңыздың қан тобы оң көрсеткішке ие болса, бала да оң резуспен туылуы мүмкін. Мұндай жағдайда резус-қақтығыс туындайды. Көбіне, бірінші жүктілік қалыпты жағдайда өтеді де, қақтығыс екінші немесе кейінгі жүктілік кезінде байқалады. ( Мұндайда алғашқы босанудың табиғи болғаны аса маңызды. Ал аборт жасалған болса, бұл кейінгі жүктілік үшін кері әсерін тигізеді). Мұның себебі, жүктілік кезінде ананың ағзасы іштегі баланың қан тобы бөлек болғандықтан, антитүзіліс бөле бастайды. Ол алғашқы жүктілік кезінде әлсіз болады. Ал кейінгілерде күшейе түседі. Антитүзіліс баланың қанына сіңіп, қақтығыс осыдан пайда болады. Ал мұның салдары болашақта баланың денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін.

Күйзеліс
Ағзадағы гормональды өзгерістерге байланысты сіздің мінезіңіз құбылып, тым әсершіл болып кетесіз. Кез келген желеуге бола көз жасыңызды төгуге дайын тұрасыз. Бұл – қалыпты жағдай. Дұрысы, айналаңыздағы адамдарды жүкті әйелдердің психологиясы мен физиологиясында болатын өзгерістер жайлы мәліметтермен таныстырып қойыңыз. Достарыңыз бен туыстарыңыз осы сәтте сіздің еркелеп тұрмағаныңызды, гормондардың жетегінде кетіп, қиналып жүргеніңізді білуі тиіс. Және бұған түсіністікпен қарап, қамқорлық танытқаны аса маңызды.

Қызыл иек
Қызыл иектің босап, қанай беруі – тағы да гормондардың әсері. Гингивиттің пайда болуынан сақтанайын десеңіз, тіс қылшағыңызды жұмсақ түріне ауыстырыңыз. Ауыз қуысын үнемі түймедақ, болмаса жалбыз қайнатпасымен шайыңыз. Таңертең аздаған мөлшердегі лимон шырынын қылшаға жағып, қызыл иекті уқалаңыз. Дәрігермен кеңесуді де ұмытпаңыз. Мүмкін сіздің ағзаңызда дәрумен жетіспеушілігі болғандықтан, арнайы препараттарды қабылдау керек шығар…

Диабет
Бұл болашақ аналардың 5%-ында кездеседі. Жүктілік кезінде, тіпті, дені сау әйелдің қан құрамында қант мөлшері көбеюі мүмкін. Бұл көміртегі алмасуының бұзылуына байланысты. Әдетте, бала туылғаннан кейін бәрі қалпына келеді. Бірақ, жүктілік кезінде қандағы қант мөлшерін қадағалап, дәрігердің айтқанын толықтай орындап, тағайындалған диетаны сақтап жүріңіз.

Іш қату
Іш қату – гормондар өзгерісі негізінде туындайтын қолайсыздық. Түйіткілдің алдын алу үшін, жиі-жиі тамақтаныңыз әрі ас мәзіріңізге жемістер мен көкөністерді көбірек қосыңыз. Әсіресе, сәбіз, қараөрік, өрік, бұқтырылған орамжапырақты көп пайдаланыңыз. Олардың құрамында жасұнық көп болғандықтан, ішек жұмысын жақсартады. Ал іш жүргізетін дәрілер жатырдың қысқаруына әсер ететіндіктен, болашақ анаға зиянды. Іш қатуға қарсы тиімді зат – кебек. Оны айранға қосып, таңертеңгісін жейді немесе оның орнына бір стақан су ішуге болады. Бұл асқазан-ішек жолының қызметін жақсартады. Сондай-ақ белсенді өмір салты да іш қатуды болдырмайды.

Тіс
Жүктілік кезінде тіс қанғұртқа тез шалдығады. Себебі, іштегі жетіліп келе жатқан баланың сүйегі қажетті кальцийді ана ағзасынан алады. Осының салдарынан кальций мөлшері азаяды да, бірінші кезекте тіс зардап шегеді. Сондықтан, әр тамақтанып болғаннан кейін аузыңызды тіс пастасымен жүйелі тазалап тұруды әдетке айналдырыңыз (ондай мүмкіндік болмаса, таза сумен мұқият шайып отырыңыз). Тіс дәрігеріне көрініңіз. Егер ем қабылдау қажет болса, балаға зияны тие ме деп қорқудың қажеті жоқ. Заманауи стоматологияның мүмкіндіктері зор. Ал қанғұрт басқан тісті қалпына келтіру әлдеқайда ауырға соғады.

Оставить комментарий