Главная » Беременность и роды » Құрсақтағы тәрбие

Құрсақтағы тәрбие

9

Мейрімді данышпан

Босанғанға дейінгі іштегі сәбиге арналған музыкалық дамыту әдістемесі оның тезірек өсіп-жетілуіне әрі байсалды, ақылды болуына әсер етеді.

Бүгінгі таңда сәбидің ерте дамуы ешкімді таңқалдыра қоймас. Жаңа ғана дүние есігін шыр етіп ашқан бөбекті оның дамуына ыңғайланған арнайы орта, ерекше дидактикалық ойыншықтар мен ең кішкентайларға арналған сан қилы дамыту орталықтары күтіп отыратыны баршаға белгілі. Десек те, нәрестенің тәрбиесімен ол дүниеге келген алғашқы сәттен емес, анасының ішінде жатқан, тіпті өзіңіздің жүкті екеніңізді естіген сонау қуанышқа толы сәттен бастап айналысу керек.

Нейрондарды дамытуды қолға алайық

Жарық дүниеге әлі келіп үлгермеген нәрестелерді дамыту әдістері пренаталды деген атқа ие. Олардың негізінде ғалымдардың зерттеулері жатқаны анық. Жалпы ана құрсағында жатқан сәбидің миында 200 млрд нейрондар (бұл ересек адамның миындағы нейрондардан 2-3 есе артық) бар екені анықталған. Бүгінде ғалымдар мынадай болжамды алға тартып отыр: нейрондар құрсақ ішіндегі дамуға мүлдем қатынаспағандықтан жансызданады. Осының салдарынан бөбекті ана құрсағында жатқан кезінен бастап дамыту керек деген теория қалыптасты. Алайда, дәл қазіргі кезде психикалық жетілу мен интеллекттің жоғары болуы нейрондар санымен емес, олардың беріктігі және өзара тығыз байланыста болуымен анықталатыны белгілі болғанына қарамастан қоғам арасында пренаталды даму әдісі кең етек жайып келеді.

Анашым, әндетші!

Тарихқа үңілер болсақ, іште жатқан сәбиді дамыту ерте заманда да сұранысқа ие болғанын байқауға болады. Ол заманда жүкті әйелдер жаман ойлардан аулақ жүріп, әлемнің әсемдігіне шомуға тиісті деп саналған. Ал қазіргі пренаталдық деген заманауи атауы бар педагогика ХХ ғасырдың екінші жартысында Америка мен Еуропа елдерінде тарала бастады. Бұрындары Кеңес одағының құрамында болған елдердің арасында ол Михаил Лазаревтің әдістемелері арқылы таралған. Оның 1983 жылдан бері қолданысқа енген «Сонатал» деп аталатын музыкалық дамыту әдісі қызықты нәтижелерге қол жеткізді. Жүктілік кезінде осы әдіске жүгінген аналардың балалары басқаларына қарағанда гипоксияға (оттегі жетіспеушілігі) сирек шалдығады екен. Олар өз  уақытында дүниеге келіп,  туған соң да түрлі ауруларға сирек ұшырап, шығармашылық қабілеттері өзгелерікіне қарағанда айқын басымдыққа ие болған. Бұл әдістеменің негізі әндетуде. Негізгі екпін әннің сөзіне емес әуеніне, ырғағына беріледі. Ән айту мен өзге де музыкалық жаттығулардың барысы (музыка тыңдау, аспаптарда ойнау, билеу) болашақ ана мен құрсақтағы сәбидің ағзасына үлкен психологиялық, физиологиялық әрі тербелмелі ықпал келтіреді. Жалпы «Сенотал» өзге де пренаталды әдістемелер сияқты ана мен бала арасындағы эмоционалдық жақындықтың орнауына, жүкті әйелдің психологиялық және физиологиялық жағдайының қалыпқа келуіне себепші болады.

Іштегі сәбимен әңгімелесу

Бастысы – бұл істе де артық кетіп қалмау керек. Дәрігердің нұсқаулықтарын ұстанып, өз түйсігіңізге сеніңіз. Пренаталды дамытудың тексерілген тәсілдерін қолданыңыз.

Жағымды эмоционалды күйді сақтаңыз. Сіздің гормоналды ауытқуларыңыз кішкентай нәрестеге әсер етпей қоймайды. Сол себепті жүктілік уақытында өзіңізді күйзелістің туындауынан сақтап, баланың тыныштығын ойлаңыз. Өміріңізді толыққанды етіп, жағымды сезімдер мен жарқын бояуларға толтырыңыз. Аяғыңыз ауыр кезде түрлі көрмелерге, концерттер мен көңілді іс-шараларға жиі барып тұрыңыз деген кеңестерді көп естіген боларсыз. Бірақ, маңыздысы – өз-өзіңіз бен жеке қалауыңызды тыңдау. Егер көрмеге барғанда сіз шынымен ләззатқа бөленсеңіз, онда оған уақыт табуға тырысыңыз. Ал егер саябақта серуендеуді немесе құрбыңызбен кездесуді қаласаңыз, бұл шаралар сіз үшін де, құрсағыңыздағы бөбегіңіз үшін де әлдеқайда пайдалырақ болмақ.

Музыкалық орта құрастырыңыз. Көптеген елдердің мәдениетінде жүкті әйелдерге музыка тыңдатқызу сияқты түрлі салттар бар. Және мұны бекер-ақ деуге келмейді. Себебі, құрсақтағы перзент сан қилы әуендер мен ырғақтарға дереу жауап қатады. Мысалы, классикалық (Моцарт, Вивальди, Шопен) немесе түрлі нақыш пен жанрдағы (джаз, блюз, фолк) әуендерді тыңдап көріңіз. Әнге қосыла отырып, музыканың ырғағына сай қимылдауды да (қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып) ұмытпаңыз. Мұндайда бөбегіңізге қай жанрдағы әуеннің көбірек ұнағанын байқайтыныңыз анық.

Сөйлесіңіз. Тіпті, құрсақта жатқан бала шынымен де анасының дауысын естіп, оны сезінеді және бұл бөбектің тыныштануына немесе, керісінше, белсендірек болып, диалогқа түскісі келетіндей күйге енуіне әсеретеді деген зерттеулер мен анықтамалар болмаған күннің өзінде сәбиіңізбен әдеттегіден айтарлықтай жиірек сөйлесіп тұрғаныңыз абзал. Ішіңізді ұстап отырып перзентіңізбен әңгімелесуіңіз  сізді де сабырға келтіріп, аналық рөліңізді толыққанды сезінуіңізге, соған дайын болуыңызға көмектеседі. Сондықтан, сәбиіңізге айналада болып жатқан құбылыстар мен оқиғаларды айтып отырыңыз, өлеңдер мен ертегілерді дауыстап оқып беріңіз.

Ішіңізді сипалаңыз. Әдетте, анасының ішінде жатқан бөбектердің барлығы дерлік оның мейірімге толы сипалауларына дереу жауап беріп, белсенді қимылдар жасай бастайды. Сіздің мұндай әрекетіңіз кішкентайыңызды міндетті түрде қуантады. Осылайша ол ана жылулығын сезініп, оның іштегі жетілуі әлдеқайда жеңіл жүрмек.

Балама әдістер

Егер сіз ән айтуға айтарлықтай құмартпасаңыз, өзіңіздің жаныңызға жақын өзге істермен айналысыңыз.

Пренаталды психолог Томас Вернидің айтуынша, құрсақтағы сәбидің дұрыс дамуы үшін анасының тыныштығы мен бақытынан асқан ештеңе жоқ екен. Оның әдісі бұлшық ет қатайып қалуын болдырмай, музыка тыңдау мен ішті сипалау арқылы босаңсуына мүмкіндік береді. Мұндай күтімді көрген бөбектер ашық әрі тыныш болып өседі деседі.

Ал Брент Логан есімді психолог BabyPlus атты әдістемені құрастырған. Бұл тәсіл бойынша болашақ аналар жүректің соғуына ұқсас ырғақты дыбыстрады тыңдауы керек. Ырғақ жүктіліктің дамуына байланысты жеделдетіледі. Босануға дейінгі мұндай жаттығулардан өткен балалар өмірінің алғашқы жылында айтарлықтай аз ауырады әрі тезірек дамиды.

Total Views: 3340 ,

Оставить комментарий