Бесік той

0ba652403e75e3c28f850aefe6750ece

Бір кездері көшіп-қонып өмір сүрген қазақтар үшін кішкентай бөбектерін ары-бері тасуға бесік өте ыңғайлы еді. Сондай-ақ бесіктің мұнан да басқа артықшылықтары толып жатыр. Ең бастысы, бесікте жатқан бала таза болады. Сонымен қатар жылы жатып, аяқ-қолы оралып, өз денесінен үрку қаупі азаяды. Әрі денесі түзу, сымбатты болып өседі. Сондықтан, қазақтар баланың кіндігі түскеннен кейін оны бесікке жатқызады. Бесікке салу рәсіміне көрші-қолаң, туған-туыс жиналып, алдымен «Тышты ма?» жасайды. Бұл баланың несібесі көп болсын, басқаларға да осындай бақыт бұйырсын деген ниеттен туған ырым. Яғни бесіктің арнайы тесігінен кәмпит, құрт сияқты түрлі тәттілерді немесе тиын тастап, «тышты ма?» деп сұрайды, ал маңындағы адамдар қолдарын созып, «тышты, тышты» деп жинап алады.
Баланы бесікке салмай тұрып міндетті түрде бесікті аластап алады. Бұл сәбидің жататын орны таза болсын, жәндіктерден аластатылсын, ұйқысы бұзылмасын деген ниетте жасалады. Аластау үшін сіріңкені немесе аршаны пайдаланған. Олардың жалынын бесіктің бас-аяғына айналдырып:
Алас, алас, алас,
Бар пәледен қалас!
Тілі жаманның тілінен алас,
Уы жаманның уынан алас,
Көзі жаманның көзінен алас.
Отыз омыртқасынан алас,
Қырық қабырғасынан алас,
Алас, алас, алас!
Қыла гөр Алла мың пәлеңнен қалас!,-деп айтқан.
Әдетте бесікті ағаштан ойып жасаған. Сонымен қатар бесіктің өзіндік жабдықтары бар. Атап айтар болсақ: көрпе, жөргек, жастық, қолбау, тізе бау, түбек, шүмек жәте тағы басқа. Сонымен қатар бесіктің үстіне көрпемен қатар ырым қылып басқа да киімдерді жапқан. Мысалы, шапан. Бесіктің ең сыртынан үйдегі сыйлы ер адманың шапанын жауып, «балам сыйлы адам болсын» деп тілек білдірген.
Бесік тойына жиналған қонақтар бала мен анасына денсаулық тілеп, аталар бата беріп, туысқандар кішкентайға малдарын атап, анасына көйлектік мата сыйлап, мәре-сәре болысып қайтқан.

Total Views: 10195 ,

Оставить комментарий